Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шөп маялары көбейіп келеді - АРҚА АЖАРЫ

Шөп маялары көбейіп келеді

Биыл ылғал мол болып, шөп бітік шықты. Сандықтау ауданының пішеншілері бағымдағы малға жеткілікті жемшөп қорын дайындау жұмыстарымен ширақ айналысуда.

Табиғаттың жомарт сәтін тиімді пайдаланып, шөптің бір жарым жылдық қорын жасауға ұмтылған сандықтаулықтар жұмыс қарқынын еселей түсуде. Бүгінгі күнге дейін аудан пішеншілері 49 мың тонна шөп шауып, маялады. Маңызды науқанға үлкен дайындықпен кіріскен жауапкершілігі шектеулі «ПЗ Балкашинский» серіктестігінің пішеншілері  алда келеді.
–  Біздің шаруашылық егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Жұмыстың жоғары нәтижелеріне қол жеткізуге және өнімнің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған шаралар жүзеге асырылады, – дейді серіктестіктің директоры Шәріп Доқаев.
Шаруашылықта егіс алқабының көлемі бұрынғы деңгейде қалды. Мал басы көбейіп, селоның экономикасы мен әлеуметтік саласына оң ықпалын тигізуде. Мұнда негізінен 3 мың бас қазақтың ақ бас сиырлары мен шетелдік асыл тұқымды малдар бағылады. Оның өнімдерін өңдеу де оң жолға қойылған. Келешекте мал шаруашылығын одан әрі дамытуға жасалған нақты  жоспарлары да бар. Басшы Шәріп Доқаев көп сөйлегенді ұнатпайды. Істің адамы.
Шаруашылықта мал азығын дайындауға үлкен назар аударылады. Көпжылдық шөп егілген бұрынғы алқаптар жиі жаңартылады. Егіс айналымына өнімділігі жоғары шөп түрлері енгізіледі. 50 гектар алқапта жылына екі рет шабылатын судан шөбі өсіріледі. Биыл пішеншілер  3 мың тонна шөп да-йындауды межелеп отыр. Бұл мал азығының мөлшері шаруашылықтың малын қыстатуға және село тұрғындарына бөліп беруге әбден жеткілікті.
– Бізде шабындық жерлер мол. Серіктестікте жұмыс істейтін барлық еңбеккерлерді шөппен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Еңбек ардагерлері, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен әлеуметтік саланың мамандары да назардан тыс қалмайды, – дейді серіктестік басшысы.
Таңғы сағат тоғызда шабындық алқапта жұмыс қыза түсті. Мұнда 14 трактор жұмыс істеп жүр. Шөп шаруашылықтың агрономиялық қызметі жасаған технология бойынша жиналуда. Жеті МТЗ-80 шөп шабуда. Бұл агрегаттарды тәжірибелі механизаторлар Яков Кодинцов, Евгений Оселбор, Саламу Шахгиреев  жүргізіп жүр. Күн ыстық. Шабылған шөп лезде кебуде. Біраздан соң дала жұмысына механикалық тырнауыштар араласты. Арман Қарымсақов, Сергей Алексеев жүргізетін бұл агрегаттар құрғақ шөпті тырнап үлкен атжалдарға түсіріп жүр. Оның соңында жүрген агрегат шөп бумалауда. Механизатор Александр Алексашов шөпті тиеуде.
– Буылған шөпті тіркемеге көбірек артуға, техниканы тиімді пайдалануға тырысамыз. Бұл жанар-жағармай үнемдеуге және мал азығын дайындаудың бағасын төмендетуге септігін тигізеді. Күніне 4-5 рет қатынап, қыстаққа 35-40 тонна шөп тасымалдаймын, – дейді Владимир Мезенов.
Дайындалған құрғақ шөп маялануда. Тәжірибелі маман бұл жұмыстарды ұқыпты атқаруда. Буылған шөпті жиі салып, төбесін су өтпестей көмкеруде. Шөп науқаны аяқталғаннан соң дайындалған мал азығы лабораториялық зерттеуден өтеді. Осы есеппен малды азықтандырудың тәуліктік мөлшері жасалады.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар