Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Парыз өтелуімен құнды - АРҚА АЖАРЫ

Парыз өтелуімен құнды

 Былтырға  дейін қолымызда ағамыз Бектемір Тоқсанбаевтың бір ғана суреті болатын. Ол сурет 1941 жылдың ақпан айында  түсірілген. Суретте  Брест қамалында  әскери қызмет  атқарғаны  көрсетілген.  Ал, «Айқын»  газетінде жарияланған «Брест қамалын қорғаған қазақтар» атты көлемді  мақалада  ол кісінің де есімі жазылыпты.

  Бірде теледидарды  қарап отырғанымда алматылық Ғаббас Жұматов  ақсақал Брест қамалын  қорғауға  қатысқанын айтып жатты. Редакция арқылы оның  телефонын алып, сөйлесудің сәті түсті. Ақсақал
«… мен онда байланыс бөлімін басқардым. Ол радист-телефонист болды…» деп есіне түсірді. Осыдан кейін үміт оты маздады.  Балаларыммен бірге  ол кісінің қаза болған жерін іздеп табуды басты мақсат тұттым. Осынау ауқымды шаруаны қолға алған қызым Динара «Мемориал» қоғамдық мекемесінің сайтынан Бектемір ағамыздың Орел облысы Ливен ауданындағы Норовка ауылының маңында қаза тауып, сол жерде жерленгенін анықтады. Әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеп жүргенінде тұтқиылдан  фашистік Германия  Брест қамалына шабуыл жасаған.  Сонда жауға алғашқы  тойтарыс берген  қамал қорғаушыларының  ішінде Бектемір Тоқсанбаев та болған. Ол майдан даласында жаумен соғысып, 24 жасында опат болды. Жалғыз ағасы, менің әкем Дәуеш Өшәбекұлы соғыстан кейінгі  жылдарда  ұжымшарда  тракторшы, малшы болып еңбек етті. Алпысқа қараған шағында қатты науқастанып, о дүниелік болды. Сондықтан, Бектемір ағамның басына барып, зиярат жасауды парызым деп түсіндім. Осы мақсатпен Норовка селосы округінің  басшысы Жихарев  мырзамен хабарластық. Ол кісі осы мәселелермен қоғамдық негізде айналысып жүрген мұғалима Валентина Тарасованың  телефон нөмірін берді. Онымен сөйлескенімізде  бұдан екі-үш жыл бұрын Ақтөбе облысынан екі әйелдің келіп кеткенін хабарлады. Олардың бірін іздеп тауып, барлық мағлұматты алдым.
Егемендік  алған жылдары Ақкөл ауданын  Валерий Николаевич Кириченко дейтін азамат басқарған еді. Таныстар арқылы оның  тұратын жерін анықтадым. Осылардың бәрі белгілі болғаннан кейін зайыбым Хамила Құлбекқызы  екеуіміз жолға шығуға қамдандық. Алыс сапарға шығар алдында Амангелді ауылында  боздақтарды еске алып, аруақтардың рухына құран бағыштаған болатынбыз.  Сол жиында  іссапарымызды ауыл халқы  құптап, жақсы тілектерін білдірді.
Сөйтіп, біз бесінші мамыр  күні жолға шықтық. Астана-Мәскеу  бағытындағы пойыз.  Жаңа вагон  ішінде  барлық жағдай жасалған. Ресей жеріндегі  стансаларда  тазалық тәртібі қатаң сақталған. Әрбір платформаларда  азық-түлік сататын дүңгіршіктер бар. Бір қызығы бірін-бірі  қағып-соғып  жатқан  жолаушыларды байқамайсың. Осы орайда, Ресей теміржол қызметінен  көп нәрсені  үйрену керек екенін сөз арасында сыналап айтып өткім келеді. Мінген пойызбен зуылдап, Орал тауларынан өттік. Табиғаты өте тамаша. Бірақ, менің байқағаным  ертеде салынған ескі ағаш үйлер көп. Екі жарым тәулікте  Мәскеу қаласына жеттік. Қазан вокзалында  Динараның досы Майра  қарсы алып, Курск  вокзалына алып барды. Майра болмағанда біраз адасып жүретін едік. Бөтен адамнан бірдеңе сұрау да ыңғайсыз екен.  Қазан вокзалынан біз Орел қаласына жол тарттық. Орел қаласына дейін қалың ормандарды басып өттік. Ресей орманға бай  екен.
Қалада бізді Валерий Кириченко қарсы алып, үйіне алып барды. Үйі қаланың іргесінде «Гать» деген селода. Өте тыныш, табиғаты әсем, жанынан Ока өзені  ағып жатыр. Бізді  жеке бөлмеге орналас-тырып, барлық жағдайымызды жасады. Пойыздағы ұзақ жолдан кейін жақсылап дем алдық. Ертеңінде 8 мамыр күні Орел қаласының көрікті жерлерін араладық. Орелді бірінші от шашу (салют)  қаласы деп атайды екен. Оның себебі Орел-Курск  доғасында  фашистермен күрестегі жеңістің құрметіне  алғашқы от шашу сол жерде атылған екен. Ал, келесі күні ағамыз жерленген Норовка  селосына бет алдық. Қанды  қырғын соғыстың оты шарпыған жерде  бірнеше  стелланың орнатылғанын  көрдік. Бұл облыстың  табиғаты да өте әдемі. Барлық жерге күздік  бидай себілген, тіпті, мал бағатын жайылым жоқ. Бұл өңірде егіншілік  шаруашылығы басым көрінеді.
Ерте шығып, таңертеңгі сағат тоғыз шамасында белгіленген жерімізге келдік. Бізді мұғалима Валентина Тарасова жолдасымен  қарсы алды. Соғысқа қатысып, мерт болғандардың аты-жөндері тасқа қашалып жазылған монументті көрдік.  Үш адамның  аты-жөні алыстан менмұндалап тұрғандай бізге қатты әсер етті. Ортасында «Тоқсанбаев Бектемір» деген жазу бар. Сол жазуды көріп, кеудемді қуаныш сезімі кернеді. Мен осындай аға-аталарымыздың болғанына мақтанамын. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлерімізбен мақтануымыз керек. Бейбіт күнді сыйлаған майдангерлердің рухына тағзым етіп, құран бағыштадық. Майдангер ағамыздың аруағы разы болсын деп туған жердің топырағын септік.  
Мұнда да Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған митинг  өтті. Соғыста қаза тапқан қазақстандық майдангерлердің рухына тағзым етілді.  Осы орайда, менің екі ел арасындағы достығымыздың мәңгілік екеніне анық көзім жетті. Митингіге жиналған халық  бізге ризашылықтарын  білдіріп, амандық-саулық тілесті.
Осы жиыннан кейін  елді мекеннен төрт-бес шақырым жердегі «Огурец»  деген төбеге келдік. Жоғарыдан қарағанда  төбе шынымен қиярға ұқсас көрінеді. Осы төбедегі қанды шайқаста екі жақтан бес мыңға тарта жауынгерлер қырылған.  Соңғы күнінде  бір мың жарымдай  жауынгер мерт болып,  ақыры біздің майдангерлер  төбені басып алған. Бұл қаңтар айының соңы.  Бектемір аға сол шайқаста 1943 жылы опат болған. Жауынгерлерді жеке-жеке көміп үлгермегендіктен  санитарлық  жерлеу болған.  Осының салдарынан  өңірде пайда болған жағымсыз иісті жойып, төбені гүлдендіру мақсатында ағаштар отырғызылыпты.  Қалың орман  ішінде  екі жерде стелла орнатылыпты. Олардың жанындағы бірнеше плиталарға жауынгерлердің есімдері қашалып жазылған. Онда «Тоқсарбаев Б»  деген есімді көзіміз шалды.  Бір әріпі қате. Басқа деректері  дұрыс. Біздің ағамыздың  есімі екеніне  көзіміз жетті. Осы жұмыспен айналысатын қоғамдық негізде құрылған топ  әлі де іздестіру  жұмыстарын жалғастыруда.  Таяу-
да  екі адамның  мәйітін тауып, сол төбеге жерлепті. Ал, бізге сый-құрмет көрсеткен ресейліктерге менің айтар алғысым шексіз. Өзімнің ризашылығымды білдіріп, естелік ретінде «Жеңіске 70 жыл» деген белгіні сыйға тарту еттім.
Ертеңінде біз елге жолға шықтық.  Бірнеше күн жолда жүріп шаршасақ та арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Өйткені, ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Ағамыз Бектемір Тоқсанбайұлының жатқан жері жарық, арты қайырлы болсын демекпін.
 Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар