Табысты тұрақтандырып, кемшілікті түзеу тапсырылды

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығындағы бюджеттің орындалуы және әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары, сондай-ақ, алда  тұрған  міндеттер жан-жақты сөз болды.

Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Нина Дьячек, облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, мекемелер мен басқармалардың басшылары, ұлттық компаниялар филиалдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мәжілісте ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдықтағы экономикалық көрсеткіштерді саралап баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков  облыста көптеген салаларда алға ілгерілеушілік байқалатынын атап өтті. Одан бетер жақсы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін екінші жартыжылдықта атқарылып жатқан жұмыстың қарқынын бәсеңсітпеу қажет екені де назардан тыс қалмады. Облыс экономикасы дамуының негізгі факторы инвестиция тарту екені сөзсіз. Өткен жылмен салыстырғанда тартылған инвестиция көлемі он екі пайызға өсті. Келіп түскен қаржы бірқатар кәсіпорындардың жұмысын жандандыру және қуаттылығы жоғары жаңа кәсіпорындарды құру үшін жұмсалуда. Өкінішке орай, соңғы екі жыл ішінде Астрахан, Қорғалжын және Сандықтау аудандарына  инвестиция тартылмағанын атап өткен жөн. Ал, Жақсы, Есіл, Егіндікөл аудандарындағы инвестиция қаржысы ауыл шаруашылығы құрылымдарына арналған техниканы сатып алуға жұмсалыпты. Инвестиция құрылымында үлесі үлкен кәсіпорындардың меншікті қаражаты 47,8 пайызды құрап, олардың есебінен 32,3 миллиард теңге игерілген. Ескеретін жайт, жеті ауданда Индустрияландыру картасы аясында бірде-бір жоба қолға алынбапты. Бұл жалпы инвестицияға кері әсерін тигізді.
Облыста тұрғындарды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету  әлеуметтік саланың ең басты бағыттарының бірі. Алайда, жыл басынан бері жаңа жұмыс орындарының ашылу көрсеткіші төмен. Тек Сандықтау мен Аршалы аудандарында азаматтарды  тұрақты жұмыс орнына орналастыру үшін бірқатар ілкімді шаралар жүзеге асырылған. Бірақ, облыстағы жеті аудан жұмыс орнын көбейтудің орнына оны қысқартуға жол берген. Жұмыспен қамту орталықтарына алты мыңға жуық адам жүгініп, оның 63 пайызы жұмысқа орналастырылды. Жұмыс орындарының азаюы бірқатар кәсіпорындардың  жұмысының тоқтауынан.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамту бағыты бо-
йынша 582 жұмыс орнын құра отырып, 33 жобаны іске асыру жоспарланған. Соның ішінде, 22 жоба бойынша нақты жұмыстар атқарылып, біреуі толықтай аяқталған. Сонымен қатар, медициналық пунктердің құрылысы негізінде 7 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бағдарламаның кәсіпкерлікті және тіректі ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құру бағыты бойынша бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 163 адамның тоғызына ғана шағын несие беріліпті. Үшінші бағытта жас-тар тәжірибесіне 183 адам бағытталған. Жалпы, облыстағы жұмыссыздық деңгейі бүгінде 4,9 пайызды құрап отыр.  
Салық төлеу мәселесіне келетін болсақ, өндіріс саласында аталған көрсеткіш төмендеп кетті. Оның өзіндік себептері де бар. Мәселен, «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамында бұл жайт шығарылатын өнімнің көлемі азайтылғаннан орын алған. Оған қоса, республикалық бюджет трансферттерін құрылыс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру  басқармасы мен Целиноград, Бурабай, Қорғалжын, Астрахан, Жақсы аудандары мен Көкшетау қаласы толық игермеген.
Бұдан соң сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров облыстағы ауыл шаруашылығының бүгінгі жағдайы жөнінде кеңінен әңгіме қозғады. Ауыл шаруашылығында құны 38,2 миллиард теңге болатын  өнім өндірілді. Бұл республика көлемінде ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Айтар болсақ, жауапкершілігі шектеулі «Қазгер-Құс» серіктестігінің құс фабрикасы жыл сайын қуаттылығын арттырып, жаңа белестерді бағындыруда. Әрі Ақкөл ауданында «Үш бұлақ» құс фабрикасын іске қосудың нәтижесінде жұмыртқаны тек облыс пен Астана көлемінде ғана емес, сондай-ақ,  шетелге экспорттауға мүмкіндік туды. Ет, сүт өнімдерінен кейін жұмыртқа облыс экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отыр.  Жыл басынан бері 44,8 мың тонна ет, 173,7 мың тонна сүт және 365,9 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Аталған көрсеткіш Астана қаласының маңында азық-түлік белдеуін құруға да оң ықпал етіп отыр. Сондай-ақ, елордамызды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін  он үш жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

 Мұнда шаруашылық репродуктор, құс
фабрикасы, астық қоймалары мен  жылыжайлар да қарастырылыпты.  Дегенмен, бірқатар аудандарында жұмыс барысы тиімді жоспарланбай, шығынға ұшырап жатқан жайы бар. Әсіресе, Ерейментау және Егіндікөл  аудандарында ірі қара малдың саны күрт азайыпты. Целиноград ауданында шошқа өсіру жұмысы да тұралап қалған. Сол себепті, «Сыбаға», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалар негізінде ірі қара малдың санын арттыруды жүйелі түрде қолға алуымыз қажет. Ал, аудандардың жұмысқа салғырт қарауынан бағдарламалардың қатысушылары да анықталмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Әрбір аудан басшылығы бағдарламалардың маңызын жете түсініп,  бұл саланың дамуына бастар негізгі жол екенін ұғынуы шарт.  Жоспарды бүге-шүгесіне дейін ойластырып, ірі қара малдың санын көбейту үшін барлық амалдарды ой елегінен өткізу басшыларға жүктелетін ең басты міндет.
Аграрлық аймақ саналатын облысымызда бүгінгі күннің ең басты мәселе егінде арамшөп пен дәнді дақылдарды түрлі аурулардан қорғау болып табылады. Сол себепті, алқапты химиялық тазарту жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Сондай-ақ, пішен дайындау және орақ науқанына дайындық жұмыстары қолға алынған. Бүгінге облыс бойынша  973,8 мың тонна шөп дайындалған. Бұл бір жарым жылдық қажеттіліктің 60,8 пайызы.
Сондай-ақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 139,8 миллиард теңгені құрағанын атап өтті. Өңіріміздегі «ЕПК Степногорск», «КАМАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамдары мен жауапкершілігі шектеулі «Қамқор-Локомотив» серіктестігінің филиалы Атбасар электровоздар жөндеу зауыты машина жасау саласындағы жетекші кәсіпорындардың қатарында. Мәселен, «КАМАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында 236 жүк тасымалдау көліктерін құрастырып, белгіленген межені орындаған. Металлургия саласында жауапкершілігі шектеулі «Altyntau Kokshetau» серіктестігі өңделмеген және  жартылай өңделген алтын өндіру көлемін 31,2 пайызға ұлғайтыпты. «КазШпал» акционерлік қоғамында өнім көлемі едәуір төмендеген. Одан қалды, бірқатар аудандардың өндіріс орындары межеленген нақты көлем  индексін орындай алмаған.
Облыста  білім беру жүйесін дамыту бағдарламасы шеңберінде барлық оқу орындары белгіленген көрсеткіштер бойынша жұмыстарын көрсету маңызды. Алайда, бұл көрсеткіштерді көптеген аудандар еңсере алмады. Өңірде жылдың басынан «Балапан» бағдарламасын іске асыру аясында 535 орынға шақталған 6 балабақша енгізілген. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов баяндама жасады. Түптеп келгенде, өңірде 546 балаға арналған мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істейді. Жекелей алғанда, алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға орналастыру 59 пайызды құрап отыр. Ал,  үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамту мәселесі 90 пайызға шешімін тапты. Бұл көрсеткіш бойынша Сандықтау, Аршалы, Егіндікөл, Целиноград, Жақсы, Жарқайың, Атбасар, Шортанды аудандары мен Степногорск қаласы көш бастап келеді. Ағымдағы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі өткен жылға қарағанда төмен болды. Сөйтіп, мектеп түлектері 78,2 балл алды. Білім ошақтарын қазіргі заманғы құрылғылармен жабдықтау жұмысы жақсы жолға қойылған. Осылайша, өңірдегі мектептердің 53 пайызына  модификацияланған кабинеттер тапсырылды. Облыста 383 кітапхана бар. Көп жылдан  бері кітапханалар жаңа әдебиеттермен толықтырылмаған. Ал, 161 кітапханаға ғана компьютерлер орнатылыпты. Оған қоса, мекемелердің  ғаламторды пайдалана алу мүмкіндігі жекелеген аудандарда ғана мүмкін болып отыр.
Әлеуметтік саладағы ең басты қордаланған мәселе – әрбір азаматтың денінің саулығы. Осы ретте, үстіміздегі жылы медициналық ұйымдардың жабдықталуы  56 пайызға артты. Қан айналу жүйесі ауруларының тарау деңгейі 4,2 пайызға ұлғайғаны белгілі болды. Әсіресе, Жарқайың, Сандықтау, Қорғалжын, Есіл аудандары мен Көкшетау қаласында өлім-жітім деңгейі жоғары. Астана қаласындағы Ұлттық кардиология орталығында ана өлімінің бір жағдайы тіркелді. Ақкөл, Зеренді және Жарқайың аудандарында ауруханалар құрылысы жүргізіліп жатыр.
 Бұдан соң энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Александр  Мартыненко сөз алып, мамыр айында  облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жылу беру маусымына дайындық жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Облыстағы жөндеуден өткізілген барлық қазандықтар мен жылу жүйелері тексеріліпті. Қазір барлық бу қазандықтарының 60-70 пайызы қысқа дайын. Көрсетілген коммуналдық қызметтің дебиторлық қарыздарын жинау мақсатында барлық шаралар жасалуда.
 Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев хабарлама жасап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сөз қозғады. Облыс орталығында  өндіріс орындары 35 миллиард теңгенің өнімін шығарды.  Мұнда «КАМАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы,  жауапкершілігі шектеулі «Молоко Синегорье» серіктестігі қуаттылығын арттырса, «КөкшетауМинВоды», «Тыныс» акционерлік қоғамдары мен «Новопэк» серіктестігінің бұл тұрғыдағы көрсеткіші төмен. Ал, тартылған инвестиция көлемі
9,9 миллиард теңге болды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 миллиард теңгеге артық. Көкшетау қаласында Индус-трияландыру картасы бойынша  26,6 миллиард теңге болатын төрт жоба қолға алынған. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша  32 жоба мақұлданған. Сондай-ақ, 57 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өткен жөн. Алайда, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтергенімен, 10700 балдырған балабақша кезегінде тұр. Қазіргі уақытта аталған қажеттілікті өтеу үшін екі балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Оған қоса, №2 орта мектептің  жанына 500 орындық мектеп ғимараты тұрғызылуда. Қыркүйек айында оқушылар жаңа мектептің табалдырығын аттайды деп жоспарлануда. Мектеп оқушыларының Ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа көрсеткіші 85,3 балл болды.
Одан кейін Шортанды ауданының дамуы жөнінде аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова баяндап,  әлеуметтік-экономикалық сала бойынша ақпарат берді. Ал, жауапкершілігі шектеулі «Altyntau Kokshetau» серіктестігінің басшысы Игорь Когай өндіріс орнының жұмыс барысы мен жетістіктеріне тоқталып өтті.
Облыс басшысы жауапты тұлғаларға облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін тыңғылықты жұмыс атқару қажеттігін қадап айтты. Оның ішінде, жылу мау-
сымына дайындық, орақ науқанын жан-жақты жоспарлау мәселелері бар.
– Не мәселеге болсын атүсті қарап, жүрдім-бардыммен шектелген басшыларға шара қолданылады. Әр басқармаға жүктелген тапсырма дер кезінде орындалып, оның сапасына баса назар аударылу қажет. Сондықтан, екінші жарты жылдық аяқталғанша тындырымды жұмыс атқарайық, – деді облыс басшысы.

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар