Сұлудың бәрі ару ма?

 

Кезекті бір сұлулар байқауы өтіп жатқан. Қазір өткізіле беретін болды ғой. Аудандікі, қаланікі, облыстікі, одан да әрі, жоғары. Әр ауылдың өз аруы, әр ауданның өз сұлуы. Тек көше-көше болып қана өткізген жоқпыз.

 

– Ұлтымыз сұлуланып келе жатыр, – деді бір жанымда отырған әріптесім сахнадағы тал шыбықтай бұралған хас сұлуларды жасаураған көзімен ішіп-жеп.
Байқауда бағын сынаған бойжеткендер бірінен-бірі өткен өңкей сұлу. Қимыл-қозғалыстары қандай. Лүп еткен желмен теңселген қырмызы қызғалдақ тәрізді. Тек киімдері ғана жаңа заман үрдісіне сай, әнтек ашылған етек-жеңнен шайтан сығалағандай.
Біздікі сыртқы пішінді, мінсіз бітімді, көрікті кескінді тамашалау. Оған қоса халықаралық стандарттарға сай өлшемдері де болады. Бойының ұзындығы, белінің жіңішкелігі және тағы басқа. Бірінші бойжеткен өзін-өзі таныстырудан сүрінді. Алдын ала жаздырып алған болуы керек тәп-тәуір, жатық айтылатын мәтінді жатқа айта алмады. Екіншісі де осы межеде сүрініп барып жығылды, яки мүдірді. Күнде сөйлеп жүрмеген соң, ұлты қазақ болғанымен, өзінің ана тілін тілі жаңа шығып келе жатқан сәби тәрізді былдырлатып сөйлейді екен.
Аздан соң үзіліс жарияланған. Бойға жүре біткен айықпас ауруымыз бар, темекі деген. Шыға сала будақтаттық. Бізбен қоса сұлулар сайысына түсіп жатқан екі-үш бойжеткен де. Бізде ғой осы сұлулар сайысын «арулар сайысы» деп атайды. Ал, ару ұлттық ұғымда тал бойында бір кіршік жоқ, сыртқы бейнесіне ішкі жан дүниесі сай сұлу болса керек-ті. Ал, бұл жолғы таңданып, тамсанып тамашалағанымыз тек суықтау сыртқы бейне ғана. Ал, ішкі жан дүние, тәлім мен тәрбие ару атты қасиетті сөздің өлшемімен қабыса бере ме? Осы жерде тұрып ойладым. Арулар байқауы дегенше, сұлулар байқауы дей салайықшы.

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар