Шөбі көптің малы тоқ

Бүгінгі таңда төскейде төрт түлік өргізген малшы қауым  бір жарым жылдық шөп қорын дайындауға бар ынтасымен кіріскен. Биылғыдай қолайлы жыл кездесе бермейді. Осы бір маңызды науқан Ерейментау ауданында да қызу жүргізілуде. Пішеншілер алқаптағы бітік шөпті белгіленген мерзімде жинап алуды өздерінің басты парызы санап отыр.

Облыста мал шаруашылығы дамып келе жатқан өңірлердің бірі – Ерейментау ауданы. Мұнда 38,5 мыңға жуық бас ірі қара мал, 24 мыңнан астам жылқы, 97 мыңға жуық қой-ешкі бағылады. Биыл осы төрт түлік үшін 173 мың тонна, яғни бір жарым жылдық шөп қорын дайындау жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 145 мың тонна шөп дайындалып, маяларға салынды. Бұл қолда бар мал үшін қажетті бір жарым жылдық меженің 84 пайызы. Ерте көктемнен бері ылғал мол түсті. Ыстық та аз емес. Ерейментау ауданында мал өрісінен басқа жерлерде шөп жайқалып өсіп тұр. Тірлігі төрт түлік мал күтімімен ұштасқан, әрбір күні игі еңбек қамына ұласқан ауыл шаруасы жайма-шуақ жазда өз қыстағына шөпті молырақ үйіп алуды мақсат етеді. Оған шабындықтағы өнімділік деңгейі септесуде.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абылай Иманжүсіповтың айтуынша, қазір 30 бригада шөп дайындаумен айналысуда. Олар қажетті трактор, комбайн, механикалық шалғы мен тырма сияқты арнайы техникалармен жабдықталған. Ауданның Торғай ауылдық округіндегі Ұлан Жексенбеков басқаратын жауапкершілігі шектеулі «Нұртай КМ» серіктестігінде шөп шабу науқаны қызу жүргізілуде. Бүгінгі таңда Жұмағали Темірханов, Қабділрахман Салпықов сияқты тәжірибелі механизаторлар шөп шабуды одан әрі жалғастыруда.
– Биылғы жылы шөп бітік шықты. Таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеп, ашық күндерді тиімді пайдалануға тырысамыз. Межеленген жоспар орындалатынына сенімдіміз. Бүгінгі күні жоспардың 70 пайызын орындадық,– дейді шөпшілер.
«Каик»  шөп буғышы тіркелген тракторды тізгіндеген механизатор Сәкен Кәмішев дестедегі шөпті буып жүр. Айналада қаз-қатар тізілген шөп бумасына көзің қызығады. Жанашырлық ниетпен қолға алынған істің өрге басатыны белгілі. Серіктестік басшысы Ұлан Жексенбековтың өзі тіркемелі «КамАЗ» көлігімен Жаңажолдағы фермаға шөп тасып жүр. Шөпті Қабділрахман Салпықов тиейді. Пішеншілер үшін барлық жағдай жасалған. Олар қос басында тамақтанады. Шаруашылық елу бас ірі қара мал мен 300 қой бағады. Шөпшілердің ширақ қимылы мен өз міндеттеріне жауапкершілігі қолда күтілетін малдың тоқ болатынына сенім ұялатады.
Торғай ауылдық округіне қарасты Төменгі Торғай ауылындағы Қанат Әубәкіровтің  шаруа қожалығында 97 бас ірі қара, 350 қой және бір үйір жылқы бағылады. Төрт түлік мал үшін 150 тонна шөп дайындалыпты. Әрине, мұны ауыл механизаторлары Жанат Әубәкіров, Владимир Ищенко мен Александр Гончар еңбектерінің жемісі деп ұқтық. Шөпшілер мал азығының екі жылдық қорын дайындауды мақсат етуде. Жұмысты қарқынды жүргізуге жанар-жағармай, техникалық әлеует пен жұмыс күші де жеткілікті. Пішеншілерге екі жаңа трактор, шалғы, шөпбуғыш сатып әперілген. Мал қоралары даяр. Жайлаудағы төрт түлікті Бұқабай Химеран бағады.
Мұхтар Бөртебаев басқаратын «Жаңа береке» шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Қожалықта 1,5 мың бас ірі қара мен 250 жылқы бағылады. Мұнда көпжылдық шөп егілген бұрынғы алқаптар жаңартылып отырады. Сондай-ақ,
судан, тары сияқты өнімділігі жоғары шөп түрлері егіледі. Биылғы жылы шаруа қожалығы 5 мың тонна шөп дайындауды межелеп отыр. Қазір шабындық жерлерде
«ДжонДир» жаткасы, 9 метрлік «ДонМар» шалғысы және үш «Крон» шөп буғышы жұмыс істеуде. Өз ісін жетік меңгерген Жеңіс Манабаев, Юрий Керелюк пен Иван Павленко сияқты өзге де механизаторлар шөпті шауып, жинап қыстаққа жеткізуде. Пішеншілер күніне 150 тонна шөпті маялайды.
Малдың қоңды болатынына шөбі шүйгін жайылым әсер етсе, қыстан күйлі шығатынына дайындалған мал азығының септесетініне сеніміміз мол.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ.

 Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар