Қоғамымызда белең алған қылмыс атаулыны құрықтау бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Қарапайым жандарды зар жылатқан заңсыздық пен құқық бұзушылық тізгін бермес деңгейге жетті. Әсіресе, жол қозғалысы ережесін бұзушылық қарапайым адамдарды ғана емес, құқық қорғаушылардың өзін әбігерге салып отыр.
Көлікке ішіп алып отырудың соңы осылай апатқа әкеліп ұрындырады. Бүгінде жүргізушілерге берілетін куәлік рәсімдері қалай жүзеге асырылады деген сауалға жауап беру үшін облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полициясы басқармасының тіркеу-емтихан жұмыстары бөлімінде болған едік.
–Біздің бөлімнің аудандарда 8 бөлімшесі бар, – дейді тіркеу-емтихан бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Халиолла Бекужанов бізбен әңгімесінде. –Бұл тіркеу құрылымдары облыстың алты ауданы мен екі қаласында орналасқан. Қазір адамдар облыс орталығына шабылмай-ақ өздеріне жақын орналасқан біздің бөлімшелерімізден тіркеу қызметтерін ала алады.
Жалпы, облыс бойынша жыл басынан бергі бес ай ішінде барлығы 21827 көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктер берілсе, 9 мыңнан аса автокөлік бірліктері есептен алынған. Ал, тіркеуге алынған көлік құралдарының 11193-і Кеден одағы елдерінен әкелінгенін де атай кеткен жөн.
Жыл басында Ресей рублінің бағамы түсіп, ондағы тауарлардың да арзанға түсуі отандастарымызды қызықтырған еді. Осыған байланысты Ресейден әкелінген көлік бірліктері көбейді.
Подполковник Халиолла Бекужановтың айтуынша, жылдағыға қарағанда тіркелетін көлік құралдарының саны артқан. Мысалы, тіркеу құжаттары өткен жылы 14255 көлікке берілсе, биыл бұл көрсеткіш 21 мыңнан асып кетті. Сонымен бірге, қайта тіркелетін көліктер саны бірнеше мыңға өсті дейді ол.
Біз жаңа заң талаптарына сай мемлекеттік нөмірлік белгілерін берудің талаптары жайлы да сұраған едік. Өздеріңізге белгілі, қазір Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы мәселелері бойынша кейбір заңнама актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданған болатын. Онда мемлекеттік нөмірлік белгілерді беруде мөлшерлеме орнатуға өзгерістер енгізілген еді.
Міне, жыл басынан бері мұндай мемлекеттік нөмірлік белгілерді беруден бюджетке 9 миллион 860 мың теңге қаржы түскен екен. Мысалы, барлық көлік иелерін қызықтыратын «001» нөмірі үшін 451 мың теңге ақша төлеуге тура келетін болып шықты. Бұл бір жағынан бұрынғыдай тамыр-танысын іздеп, жол полициясы табалдырығын тоздыратындарға тоқтау салады. Бұл ақшасы барларға әлгіндей нөмірлер алу үшін де мүмкіндіктер жасалғанын да көрсетеді.
Қазіргі уақытта полицияның бұл құрылымы көшелердегі, қоғамдық орындардағы және жол бойларындағы тәртіп бұзушылықпен күреседі. Осыған орай, әртүрлі іс-шаралар да жиі ұйымдастырылады. Атап айтсақ, ұрланған және айдалып әкетілген көліктерді іздеу де жауапкершілігі мол іс. Жыл басынан бері облыс бойынша 28 мыңнан аса көлік тексерілген. Сөйтіп, оның барысында агрегаттар нөмірлерін және құжаттарын қолдан жасаудың сәйкесінше 8 және 11 фактісі анықталды. Осы фактілердің барлығы бойынша процессуалды шешімдер шығарылды.
Әрине, жүргізушілік куәлік беру арнасында да жұмыстар жүргізіледі. Өткен есепті кезеңде барлығы 10330 жүргізушілік куәліктері рәсімделген. Оның 5120-сы алғаш рет алса, 4564 адам ескілерін жаңасына ауыстырған.
Біз осындай адамдардың емтихан тапсырып жатқанының үстінен түстік. Компьютердің алдында отырып емтихан тапсырудың да ара ағайындық жасаушыларды болдырмауға септігін тигізеді. Өзін Нұрлан Оспанов деп таныстырған Көкшетау қаласының тұрғыны жүргізушілік куәлікті алу үшін теориялық біліммен бірге, практикалық сынақтан өтудің де маңызды екенін алға тартты.
Халиолла Бекужанов өзінің сөзінде заң бәрінен биік тұратынын айтты. Себебі, жүргізушілік куәлігін алған адам ертең жолға шығады. Ал, жол қозғалысы ережесін қатаң сақтаған адам ешқашан қателеспейді. Заңды белден басатындар өзіне де, өзгеге де қауіп төндіреді. Сондықтан, ондай жол ережесін бұзатындардан сақтану үшін оның алдын алған жөн. Бұл жол полициясындағы жауапты тәртіп сақшыларына да тікелей қатысты екенін естен шығармасақ керек.
Бақыт СМАҒҰЛ