Ауылымызда Қасиетті Рамазан айында Алла разылығы үшін жасалған қайырымдылық шаралар көп болды.
Оразада төңкерістіктер үлкен сауаптар жазылатын Жаратушы иемізге ұнамды амалдарды көптеп жасауға тырысты. Осы бір игі бастамаларды одан әрі жалғаған шара ауылдық мешітте қорытындыланды. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия Республикасының елшілігінің қолдау білдіргендігін атап өткен абзал. Қайырымы мол шара аясында елді мекенде тұратын әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға айтарлықтай көмек көрсетілді. Оларға сұйық май, күріш пен ұн сияқты азық-түлік түрлері таратылды.
Діни басқарманың атынан келген Алтынбек Ұтысханұлы болса, мешітке жиылған жамағатқа уағыз айтып, сый-сияпат таратты. Ал, Түркия елінің елшілігінен келген дін мәселелері жөніндегі кеңесші Ибрахим Йылмаз мырза болса, мүмкіндігі шектеулі жан – Руслан Хасеновке мүгедектік арба сыйлады, азық-түлік салынған себетті де ұсынды. Құрметті қонақ Бесін намазын төңкерістіктермен бірге оқып, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алды. Ендеше, жүректерімізді мейірім шапағына шомылдырар осындай ізгі амалдарымыз жалғаса бергей демекпіз.
Бекболат қажы ХАСЕНҰЛЫ.
Төңкеріс ауылы,
Целиноград ауданы.