Өткен сенбіде аудан орталығындағы «Жігер» стадионында XXVII аудандық «Ақ бидай – 2015» жазғы спартакиадасы болып өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан спартакиадаға әуесқой және кәсіпқой спортты жандарына серік еткен, яғни, спортты күнделікті тіршілік қызметімен тығыз байланыстырған азаматтар қатысты. Шаршы алаңға 130-дан астам спортшы жиналды.
Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов өз кезегінде спорттың саламатты өмір кепілі екенін айта келе, спортшыларға толымды нәтиже тіледі. Бұдан әрі дағдылы қазақ күресі мен волейбол жарыстарының бірнеше дүркін чемпиондары – Ерхан Ғаббасов, Денис Зинич, Әрсен Әлжановтар спартакиада алауын тұтатты.
Спорт ардагері Виктор Рябуханың, салалық бөлім басшысы Медеу Әбжіковтің құттықтауы баршаның рухын көтерді. Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Дана Төреханова, Алдияр Алдасүгіров спортшыларға сазды сәлемдерін жолдады.
Спорт жарысының ақтық мәрелерінде спортшылардың бойынан жеңіске деген ұмтылыс көзге көрініп-ақ тұрды. Тартысты додалар қызу өтті. Ақтық мәреде ерекшеленгендер ұйымдастыру алқасының тиісті дәрежелі медальдарымен және мақтау қағаздарымен марапатталды.
Атап айтар болсақ, әйелдер арасындағы дойбыдан өткен сайыста Күншалған ауылының тұрғыны Қалиман Дәулеткерей бірінші орынды иеленді, ал Олжабай батыр ауылынан келген Әйгерім Болатхан мен Торғай ауылының тұрғыны Қадиша Дүйсенова екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті. Ерлер арасында өткен дойбыдан Байдолда Әдебиет үздік шықты және екінші, үшінші орындарға Төлеген Серенов пен Нұртаза Завод қол жеткізді.
Үстел теннисінен бірінші орынды ерлер арасында Элеш Өмірбек алса, әйелдер арасында Сандуғаш Құсайынова иеленді. Жүлделі екінші, үшінші орындарды Самат Түсілбеков, Қуаныш Әбенов, Жұлдыз Бәкірова, Зарина Аманжоловалар өзара бөлісті. Президенттік көпсайыстарда ерлер арасында Валентин Василько, Евгений Мартынов, Бахтияр Бутеевтер жүлделі орындарды бағындырса, қыздар арасында Жайнагүл Сәдуақасова, Диана Әбенова, Екатерина Ладура сияқты спортшылар ерекше көзге түсті.
Командалық ойындар арасында волейболдан өткен ерлер сайысында Ерейментау қаласының ойыншылары алғашқы орыннан көрінсе, Олжабай батыр ауылының командасы сілетіліктерге есе жіберіп алды. Әйелдер арасында бірінші-екінші орынды Өлеңті мен Олжабай батыр ауылы өзара бөлісті. Футболдан Торғай округі бірінші орын алды, келесі орындар Ерейментау қаласы мен Өлеңті округіне бұйырды. Тайбай, Олжабай батыр, Торғай округтері жалпыкомандалық есепте алдыңғы үш орынға ие болып, жеңіс кубоктарын олжалады.
Аудандағы «Шәкей» дәмханасының иесі, жеке кәсіпкер Гүлайым Өтепова спартакиада өткен күні спортшыларға қонақжайлық пейіл танытып, қолжетімді бағамен дәм татырды. Сол күні қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзеткен, спортшылардың денсаулық жағдайын назарда ұстаған медицина және төтенше жағдай қызметкерлеріне ұйымдастыру алқасы шексіз алғысын білдірді.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.