Желкенді қайық желдей есті

Облыс әкімдігінің қолдауымен Бурабай курортты аймағында тұңғыш рет желкенді қайық маусымының ашылу салтанаты болып өтті.

Облыстық туризм басқармасы, Бурабай ауданының әкімдігі мен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұйымдастырған шараға барлық демалыс нысандарының демалушылары, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының тәжірибелі және жас желкеншілері қатысты. Осы күнгі курортты аймақтағы табиғаттың ерекше бір құбылысы меймандар мен мерекеге қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекенің ашылу салтанаты «Rixos Borovoe» мейманханасының аумағында өтті. Оған Қазақстан Республикасы Әскери теңіз күштерінің өкілдері, 2012 жылы халықаралық желкенді қайықтан Хайгоу қаласында өткен әлем чемпионатының қатысушысы, спорт шебері Александр Пархоменко, желкенді қайық спорт бойынша Ресей Федерация-сы чемпионатының қола жүлдегері, жерлесіміз Сергей Воронов және өзгелері қатысты.
Бағдарлама аясында «Burabaу Marine Club» яхт-клубының ашылу салтанаты болып, бірінші желкенді қайық құрметіне жалау көтерілді. Бұдан соң  барабаншылардың соңынан Щучинск кадет корпусының курсанттары сап түзеп өтті. «Звездный» балалар сауықтыру орталығының тәрбиеленушілері Қуат Нығметов пен Сәбит Байдоскеев бастаушы теңізшінің антын берді. «Звездныйдың» ең жас тәрбиеленушілері Данияр
Кәрімбаев пен Нұралы Темірлан жас теңізші қатарына қабылданды. Олардың мойнына Қазақстан Республикасы Әскери теңіз күштерінің бұрынғы капитаны теңіз галстугін байлады.
Түс ауа мереке «Burabaу Marine Club» яхт-клубының алаңында жалғасты. Мұнда бірінші желкенді қайықтар жарысы болып өтті. Оған Қазақстан мен Ресейдің жиырмаға жуық яхтышылары қатысты. Жарыс қорытындысында бірінші орынды ресейлік Ольга Лиль басқарған яхтышылар командасы жеңіп алды. Екінші, үшінші орындарды көкшетаулық Александр Пархоменко мен Сергей Воронов басқарған яхтышылар командалары өзара бөлісті. Желкенді қайық жарысын ұйымдастыру комитеті шараға білек түре қатысқан Зеренді демалыс аймағындағы «Avrora Garden» яхт-клубының яхтышысы, желкенді қайық спортынан КСРО-ның спорт шебері Андрей Милкинді марапаттады.
Салтанатта марапаттау рәсімін жүргізген облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов сөз сөйлеп, барлық қатысушылар мен марапатталғандарды «Бурабай-2015» бірінші желкенді қайық жарысының ойдағыдай өткізілуімен құттықтады. Облыс әкімінің Алғыс хатымен Ресей Федерациясының желкенді қайық спорты бойынша төрешілер алқасы, Ресейдің «Spraу» компаниясы, Қазақстан Республикасы Әскери теңіз күштерінің өкілдері, Щучинск кадет корпусы, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмінің орталығы, өлкетану және экология, «Rixos Borovoe» мейманханасы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы мен «Burabaу Marine Club» яхт-клубы марапатталды. Алау жанында өткен бард әндері байқауының жеңімпаздары дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Әлия СӘДЕНОВА,
облыстық туризм басқармасының бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар