Бұрындары ата-әжелерімізде кемінде тоғыз, он баладан болғаны белгілі. Қазіргі күні отбасын құрып, шаңырақ көтерген жастар бір-екі баламен ғана шектелуді құп көреді.
Олардың ойынша, бәсекелестік заманында баланы өсіріп, жеткізу оңай емес. Баспананың жоқтығы, қаражаттың жетіспеуі, жұмыссыздық мәселелері бала санының шектелуіне әкеп соғуда. Жастардың бұл ойын үлкендер жағы әрине, құптай қоймайды. Отбасында кемінде 4 бала болуы керек деп есептейтін әжелеріміздің пікірінше, көпбалалы отбасында өскен балалар бауырмал, бір-біріне қамқор келеді. Үлкендердің осы сөзін құп көретін, заман қиыншылықтарына қарамастан, халқымыздың санын көбейтуге өз үлестерін қосып келе жатқан отбасылар біздің ауданда да бар.
Максимовка ауылының тұрғындары Жайнагүл мен Өміржан Шаймурзиндер көпшілікке үлгі бола алатындай отбасылардың бірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын көпбалалы отбасынан шыққан Жайнагүл мен Өміржан бір-бірін ұнатып, шаңырақ көтеруге бел буады. Сөйтіп, 9-сыныпты енді ғана бітірген уыздай, жайсаң мінезді жас қыз Жайнагүл Шаймурзиндердің шаңырағына келін боп түскен. Мінекей, осы жылдар аралығында 6 бала сүйіп, кейіпкеріміз «Күміс алқа» төсбелгісінің иегері атанды. Өнегелі отбасы ел қатарлы еңбек етіп, бақытты ғұмыр кешуде.
–«Бір қозы артық туса, жусанның басы айыр болып өседі» демекші, әр баланың өз несібесі бар, біз көп бала болса, өміріміз қиындай түседі деген ойдан аулақ болдық. Балаларымызға жақсы тәрбие беріп, жақсы білім алуына көмектесіп, рухани бай болып өссе дейміз. Әдепті, тәрбиелі болып, үлкенді сыйлау қажеттігін құлақтарына құйып отырамыз, – деді көп балалы жас ана бізбен әңгімесінде.
Тұңғыштары Гүлімжан Көкшетау қаласындағы «Көкше» колледжінің бірінші курсын тәмамдаса, Бекзаты облыс орталығына іргелес жатқан Краснояр селосындағы Агротехникалық колледжде механик мамандығын меңгеріп жүр. Футбол ойнағанды жаны сүйеді. Қыздары Лейла биді жақсы билесе, ал 3-сыныпта оқитын ұлдары Диас суретті жақсы салады екен. Балалары сабақтарын жақсы оқиды, әдептілігі мен ізеттілігін қылықтарынан көруге болады.
Иә, балалы отбасы – мемлекетіміздің тірегі. Қазақстан демографиясының көбеюіне үлес қосып, күн сайын балапандарын адамгершілікке, әділдікке, сыпайылыққа, үлкендерді құрметтеуге тәрбиелеп отырған өнегелі отбасына балаларыңыздың қызығына кенеле беріңіздер дегіміз келеді.
Айман МЕРЕКЕЕВА.
Сандықтау ауданы.