Қыстан қысылмаудың қамын ойлауда

Биылғы жылғы шөп шабу науқаны пішеншілер үшін біршама қолайлы. Көктемнен бері ылғал мол түсті. Күн де ыстық емес. Шабындықта шөп жайқалып өсіп тұр.

Тірлігі төрт түлік мал күтімімен ұштасқан, әрбір күні игі еңбек қамына ұласқан ауыл шаруасы жайма-шуақ жазда өз қыстағына шөпті молырақ үйіп алуды мақсат етеді. Оған шабындықтағы өнімділік деңгейі септесуде. Аудан бойынша 57,3 мың тонна шөп дайындау межеленсе, қазір 51,6 мың тоннасы маяланды. Пішеншілер мал азығының екі жылдық қорын дайындауды көздеп отыр. Шөп дайындауда «Ижев» өндірістік кооперативі мен жауапкершілігі шектеулі «Николаевка», «Михайловка» серіктестіктері қарқынды жұмыс істеуде. Шөп шабу науқанына әрбір ауыл тұрғыны, серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының пішеншілері білектерін сыбана кірісті. Олар табиғаттың сыйын жинап алып, қыстан қысылмай шығуды көздеуде.
Солардың бірі – Түрген ауылдық округіндегі жауапкершілігі шектеулі «Поиск» агрофирмасы» серіктестігінің шабындығында болдық. Серіктестік аудандағы шаруасына мығым алдыңғы қатарлы шаруашылықтың бірі. Биылғы жылы техника паркі жаңа комбайндармен толықты. Ескі комбайндар машина-трактор шеберханасында жөнделіп, шөп шабуға пайдаланылуда. Ауқымы кең «Бердянка» жаткасымен шөп шабылады. Біз шабындықта болғанымызда  пішеншілер Евгений Суховей, Сергей Деревянко, Илья мен Александр Медведевтер шөпті тиянақты жинап, қыстақ маңына тасып жүрді. Ал, Андрей Деревянко мен Сергей Сушицский «Енесей» комбайндарымен, Юрий Волков пен Николай Самойлов тракторларға тіркеген «Бердянка» жаткаларымен шөп шауып, дестеге түсіруде.
  – Механизаторларды шөппен қамтамасыз еттік. Қазір тұрғындар үшін шөп дайындау-дамыз. Өз басым механик Сергей Липин, дәнекерлеуші Николай Пыхтеев, жөндеуші Анатолий Молодыхтың еңбектеріне дән ризамын. Жақын арада Серік Қалиұлы зейнеткерлікке шығады. Ол Владиславқа өз ісінің қыры мен сырын үйретіп жүр. Бригадада жұмыс істейтіндердің көбі жастар. Шөп науқанын межеленген мерзімде аяқтаймыз, – дейді бригадир Валерий Майер.
 Мәулен АЖЫҚАНОВА.
Суреттерде: бас агроном Тимур Карманов; шабындықтағы еңбек тынысы.
Суреттерді түсірген Роман САМКОВ.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар