Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біздің генерал - АРҚА АЖАРЫ

Біздің генерал

 Алаш жұртында генерал-майор шеніндегі азаматтар оншалықты көп емес. Өйткені, темірдей тәртіпті, қылаудай кіршігі жоқ тазалықты, ең бас-тысы, білім мен білікті талап ететін мұндай дәрежеге жету екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Бекболат Бапанұлы 1964 жылы Ерейментаудың етегіндегі Бестөбе поселкелік бөлімшесінде қарапайым қызметтен басталған еңбек жолын өз бойындағы талапшыл да жоғары жауапкершілігінің арқасында  шырқау биікке алып шықты.

  Күні кешегідей көкіректе сайрап жатқан өмір жолының алғашқы бастау соқпағына ой көзімен қарайтұғын болсақ, сол тұстағы балалардың көпшілігі тәрізді Бекболат Бапанұлы да жетімдік пен жоқшылықтың жан аямас аязына тоңып, аптап ыстығына күйген екен. Бәлкім, шарболаттай шыңдалған абзал азаматты сол қиындық қайратын жанып, қажырын еселеп қанаттандырған да шығар. Балалық шағы Ерейменнің даласындағы желмен желбіреген ақселеудің түбінде ұмыт қалған. Олар уыз арманмен есейген, армандап жүріп ержеткен, ат жалын тартып мінген.
Кейін тәртіп сақшысы ретінде қажырлы еңбек еткен уақытында ең алдымен, осы қызмет саласындағы таңның мөлдір шығындай қылаудай кіршіксіз пәктікті қажет ететін, керек десеңіз талап ететін міндет межесінен табыла білуінің өзі жастарға үлгі, кейінгіге өнеге. Ел қонысы Ерейментауда аудандық ішкі істер бөлімінде аға инспектор болып жүрген кезінде қылдан таймайтын әділдікті, арына кір жұқтырмайтын асылдықты көрсете білді. Содан кейін Бекболат Бапанұлының қызмет барысында өрлеу жолы басталды деп айтуға әбден болады. Қиын да қызықты, қоғам үшін барынша қажетті, ауырлығын кәтепті қара нар ғана көтерер қажырлылықты талап ететін еңбек жолы Қорғалжын өлкесінде, Шортандының алқабында сайрап жатыр.
1982 жылы КСРО ІІМ Академиясын бітіргеннен кейін бойыңыздағы білім мен білікті облыстық деңгейде аямай сіңірді. Сол кездегі сарабдал салмақ, парасатты пайым жалғыз бұрынғы Целиноград облысында ғана емес, Торғай облысында да аңыз болып тарады. Аңыз емес ақиқат еді. Сонау Оралдың бойында өрнектеліп, жалғасқан қызмет елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің шынайы нәтижесі деп айтсақ, ақиқаттан алыс кетпес едік. Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментін басқарған кезінде тәртіп пен заңды сақтауды мықтап қолға алды. Сол кездегі күнді түнге, түнді күнге ұластырған табаны тастан таймайтын тарланбоздай ғажап еңбегі әлі күнге дейін  елдің есінде.
Бүгінгі күні ақсақалдық биіктен, абыздық деңгейден қара ормандай қалың елдің ақылманына айналып отыр. Бүкіл саналы ғұмырында ар алдындағы тазалықтың, қылаудай кіршігі жоқ пәктіктің періште пейілді күзетшісі болып келді. Бекболат Бапанұлының ұлағатты өмір жолы, жанқиярлық еңбегі, жалынды жұмысы осы салада қызмет етіп жатқан жастар үшін барынша мәнді. Өйткені, біздің генерал олардың алдындағы сара жолға бағыттайтын адастырмас темірқазық тәрізді. Абзал да ақыл тұнған, қажыр-қайраты тұма бұлақтай қайнап шығатын асыл кеудеде әр жылдары лайықты еңбегі үшін алған орден-медальдары жарқырап тұратын болса, ол маңдай тердің лайықты бағаланғандығы деп білеміз.
Біз білетін Бекболат Бапанұлы ел қатарлы зейнет демалысына шыққаннан кейін де аттан түскен жоқ. республикалық ардагерлер ұйымында төрағаның орынбасары болып жемісті қызмет атқарып келеді. Қызмет атқарды дегенде әрине, бүкіл саналы ғұмырында жинаған қисапсыз тәжірибесін, терең де мол білімі мен білігін үйретуден еш жалыққан емес. Соның арқасында ардагерлер ұйымының беделі өсе түсуде.
Өмірді көрген, оның ащылы-тұщылы дәмін татқан адамдардың өз тәжірибесін кейінгіге үйретуі, ақыл-кеңес қосуы құптарлық дүние.
Бекболат Бапанұлы бүгінде жетпіс бес жасқа толып отыр. Ел құрметіне бөленген қазақтың айтулы азаматы, генерал Бекболат Бапанұлы еліміздің мақтанышы.       
Шапай ӘБУТӘЛІПОВ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар