Ақмола облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орай «Саған арнап ән саламын, Атамекен!» атты облыстық патриоттық әндер байқауын ұйымдастыруда.
Аталмыш байқаудың іріктеу кезеңі шалғай аудандарға ыңғайлы болу үшін бір-біріне жақын орналасқан аудандарды бір жерге топтастыру арқылы үш аймақ бойынша өткізілді. Бірінші аймақ құрамына Бурабай, Еңбекшілдер, Шортанды, Ақкөл, Целиноград, Ерейментау, Аршалы, Қорғалжын аудандары мен Степногорск қаласының талапкерлері енгізіліп, 22 әнші Бұланды аудандық мәдениет үйінде бақтарын сынады. Келесі аймақ Астрахан, Есіл, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың, Зеренді, Сандықтау аудандары бойынша топтастырылып, 18 әнші Атбасар аудандық мәдениет үйінде өнерлерін ортаға салды.
Аталмыш байқаудың мақсаты – жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттырып, адалдыққа тәрбиелеу, өнерлі ұжымдар мен топтардың, дарынды тұлғалардың азаматтық-патриоттық бағыттағы әндерін көпшілікке насихаттау, жас таланттарды халыққа таныту. Байқауға Ақмола облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының және Ақмола облыстық филармониясының мамандары төрелік етті.
Патриоттық әндер байқауы өткізілген аудандарда сол күндері кешке аудан тұрғындарына үздік әншілер мен кеш қонақтары Серікболсын Бекмолдин мен Әлихан Қайырбековтің қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Үшінші аймақ бойынша іріктеу Көкшетау қаласында өткізіледі. Байқаудың гала-концерті Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ұйымдастырылатын болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.