Су – тіршілік көзі. Бүгінде судың тапшылығы жаһандағы өткір мәселе болып отыр. Соңғы 60 жылда ғаламшарда ауыз суды тұтыну 8 есеге өскені белгілі. Сол себепті, судың қадіріне жетіп, оны үнемдеп пайдалану қажет.
Осы ретте, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөнінде өзара ынтымақтастық орнатқан еді. Мұнда республикамыздың су кодексіне сәйкес су көздерін кешенді пайдалану және қорғау сұлбасына негізделе отырып, Есіл трансшекаралық өзенін қорғау бойынша бірқатар шаралар қолға алынуда.
2007 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Есіл өзенін қорғау аумақтары жоспарланып, өзен бойлай су қорғау жолақтары орнатылды. Су қорғау жолақтары су объектісінің жағалаулық аймағын қоқыстануы мен ластануын болдырмауға септігін тигізеді. Сондықтан, әкімдік су көзін шаруашылықта қолдану кезінде белгілі тәртіптерді сақтау мақсатында қаулы шығарды.
2009-2012 жылдары Қазақстан Республикасының су кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, су қорғау жолақтары мен аумақтарында өндірістік жұмыстың тәртібі анықталды. Сондай-ақ, кез келген құрылысты жобалауда оның орнын белгілеу, оны пайдалануға беру мәселесі көтеріліп, ұйымдар мен кәсіпорындарға жүктелетін жауапкершілік арта түсті. Әрі су қорғау жолақтары мен аумақтарында тыйым салынатын әрекеттер тізімі ұлғайды.
Есіл бассейндік инспекциясы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтып, заңда қарастырылған ережелердің қатаң сақталуын қадағалап отырады. Одан басқа, Есіл бассейндік инс-
пекциясына Есіл өзенінің жоғары жағы ағып өтетін Қарағанды облысының бір бөлігі және Есіл алабындағы Терісаққан өзені ағатын Қостанай мен Қарағанды облысының жерлері мен Павлодар өңірінің біршама жері жатады. Солтүстік шекарада бассейн Ресей Федерациясымен шектесіп жатыр. Инспекция жалпы аумағы 237,23 мың шаршы шақырым жерді қадағалайды.
Есілдің Сарыарқадағы негізгі салалары – Жабай, Колутон және Терісаққан. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында өзенге Аққанбұрлық және Иманбұрлық өзендері келіп құяды. Дегенмен, бассейннің кейбір тұстары ағынсыз атырап. Жаз мезгілінде Есіл өзені Вячеслав су қоймасынан жоғары тартылып қалып, төменгі ағысы ғана үздіксіз ағып тұрады. Өзеннің ағысын көпжылдық терең реттеу Астана және Сергеевка су қоймаларының көмегімен жүзеге асады. Сонымен бірге, облыста Сілеті ірі су қоймасы бар. Ірі көлемді су қоймалары кешенді мақсатта пайдаланылса, шағындары жерді суару үшін қолданылады. Көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бақылауларға сәйкес Есіл өзенінің су тапшылығы сегіз жылға дейін жетуі мүмкін. Бассейннің аумағы жер асты және жер үсті су қорымен ең аз қамсызданған жерлердің қатарында.
2010 жылы қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерация-сы арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөнінде ынтымақтастық негізінде екі жақта бірқатар шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Мәселен, көктемгі су тасқыны жөнінде жедел хабар беру, трансшекаралық сулардың құрамын бақылау үшін екі ел алма-кезек сынама алу сынды әрекеттер легі бар.
Ағымдағы жылы «Казгидромет» Есіл және Жабай өзендерінде су тасқыны мөлшерден тыс болады деп болжам жасады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бірсыдырғы төмен болды. Негізінде, үстіміздегі жылы Астана су қоймасында болған мол сулылық тек 1973 және 1993 жылдары орын алған. Су қоймасының көлемімен бірдей судың мөлшері болуы жиырма жыл өткен соң қайталанып тұрған жайт. Артық су Астана қаласын су тасқынынан қорғау нысанымен жинақталып, елорданы су басу қаупін сейілтуге септігін тигізді.
Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған су қорын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Оның мақсаты су көзін тиімді пайдалана отырып, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Еліміздің су қоры өзге мемлекеттерге қарағанда едәуір аз. Өзен-көлдерде су деңгейінің төмендеуі балық және ауыл шаруашылығын шығынға ұшыратуда. Сол себепті, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде судың тапшылығы туралы дәрістер оқылып, жастарды тіршілік нәрін ысырап етпеуге шақыру қажет. Жоғарыда аталған бағдарламаға сәйкес ағымдағы жылы облысымызға 1 миллиард 792 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржының белгілі бөлігіне Бурабай кентінде тазарту құрылғылары орнатылмақ. Әрі облыс әкімдігі су кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес Жабай, Шағалалы өзендері мен Зеренді көлінің жобалары мен су қорғау жолақтарын түзетті.
Есіл өзеніндегі табиғатты қорғау шараларын кешенді жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен жыл са-йын қомақты қаржы бөлініп отырады. Өткен жылы бұл қаржы 1 миллиард 956 миллион теңгені құрады. Ал, сумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 375 миллион теңге он жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қарастырылды. Өз кезегінде, бассейндік инспекциясының мемлекеттік инспекторлары судың күйін және оны орынды пайдалануды жіті бақылап отырады.
Аймақбай МӘЖЕНОВ,
Есіл бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары.