Заңның орындалуын қадағалау – басты міндетіміз

Біздің аудандық прокуратура заңдылық пен қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалауды өз жұмысының негізгі бағыты деп біледі.

Өткен жылдың қорытындылары туралы айтар болсақ, былтыр әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қамтамасыз етуде  біраз ілкімді істер атқарылды. Бұл бағытта 117 тексеріс жүргізіп, 2783 заң бұзушылықты анықтадық. Олар бойынша  прокурорлық ықпал ету актілері толтырылып, кінәлілер  тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қажетті тұлғаларға заң талаптары түсіндіріліп, 224 миллион 342 мың теңге көлеміндегі  шығын қайтарылды әрі оның басым бөлігі мемлекеттік қазынаға құйылды.
Жұмысымыздың маңызды бір бағыты жер қатынастары саласы десек, қателеспейміз. Бұл тұрғыда бізде он екі тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Ең бастысы, азаматтар заңсыз иеленіп алған бірқатар жер телімдері мемлекетке қайтарылды. Былтыр аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын жерлерге тексеріс жүргізіп, біраз заңды белден басу фактісінің барын анықтадық. Атап айтқанда,  тиісті тұлғалар ол жерлерді басқа мақсатта қолданған.  Осы жайттардың бәрі аудан әкіміне жеткізіліп, заң талаптарын бұзған 147 жер иеленушімен келісім-шарт бұзылып, алған жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде ескертпе жасалды. Қазіргі таңда аудандық жер қатынастары бөлімі бұл іспен тыңғылықты айналысып жатыр.
Мемлекеттік сатып алуларда бармақ басты, көз қыстыға жол берілмеуін қадағалау да біздің құзырымызда. Өткен жылы осы тұрғыда  ауданда қырық заң бұзушылық анықталды. Сөйтіп, мемлекет  қаржысын мақсатсыз қолданудан мемлекетке келген 21 миллион 547 мың теңге көлеміндегі шығын  кері қайтарылып алынды. Прокурорлық ықпал ету актілерінің нәтижесінде аудандық құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет бөлімдері өткізген сегіз конкурстың нәтижесі заңсыз деп танылды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес те күн тәртібінен түскен емес.  Осы орайдағы тексерістерден кейін екі лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Мемлекетке келген қаржылай, мүліктік шығындар да қайтарылуда.
Өңір кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау бойынша да біраз оң нәтижелерге қол жеткізудеміз. Бұл бағытта арнайы жедел топ жұмыс істеуде. Мәселен, осы топқа келіп түскен кәсіпкер Е.Қашқымбаевтың шағымынан кейін сот орындаушысының оның қызметін заңсыз тоқтатқанын анықтадық. Сөйтіп, осындай әрекетке барған сот орындаушысының атқарып жүрген қызметіне толық  сәйкес еместігі ескертіліп, оған тәртіптік жаза түрі қолданылды.
Еңбек қатынастарының ушығып кетпеуі де бақылауда ұсталуда.  Былтыр «Богви» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 281 жұмысшысына еңбекақыдан қарыз болды. Аудандық прокуратураның араласуымен бүгінгі күні бұл қарыз толығымен өтелді. Жалпы, ауданда өткен жылы еңбекақы бо-йынша қарыз 61 миллион теңгеден 400 мың теңгеге дейін қысқарды.  Сот орындаушылары да әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу бойынша өнімді жұмыс атқарды.
Кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғай отырып, былтыр 37 тұлғаны әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тарттық.  Сондай-ақ, оқу орындары шәкірттерімен сауалнама жүргізіп, соның нәтижесінде біз жедел-іздестіру шараларын жүзеге асырдық. Онымен аудандық ішкі істер бөлімі айналысты. Сол шаралар арқылы  1996 жылы туған жеткіншектің өзінен екі жас кіші №3 орта мектептің оқушысынан ақша бопсалап жүргендігі анықталды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 181-бабы, 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, тараптар өзара келісімге келгеннен кейін бұл іс тоқтатылды.
Экстремизм  мен терроризмге қарсы күрес бағытында аудандық ішкі істер бөлімінің жедел кезекшісі В.-ға қатысты да діни әдебиетті заңсыз таратқандар жөнінде уақытылы хабар бермегені үшін тәртіптік іс қозғауға тура келді. Сөйтіп, аталған бөлім  басшысының бұйрығымен ол тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мұнымен бірге, «Иисус пайғамбар ғана емес» атты еңбекті экстремистік материал ретінде тануға, оны  ел аумағына әкелуге, басып шығарып, таратуға, бұқаралық ақпарат құралдарында, электронды ресурс-тарда жариялауға тыйым салу жөнінде аудандық сотқа талай арыз берілді. Бір қуантарлығы, біздің бұл талабымыз толығымен қанағаттандырылды.
Табиғатты қорғау саласында былтыр «Бурабай» ұлттық табиғи саябағына тексеріс жүргізіп, орманды заңсыз отау фактілерінің барын анықтадық. Ондағылар өз құжаттарында  кесілген ағаш мөлшерін кемітіп  көрсетіп отырған. Аталған факті бойынша  аудандық ішкі істер бөлімі осы іске жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 291-бабы, 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Прокуратура органдарының қоғамда үйлестірушілік рөлінің жоғары екені белгілі. Бұл бағытта ведомствоаралық жедел жиындар мен заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңес отырыс-тары тұрақты өтіп тұрады. Мәселен, былтыр мемлекеттік органдардың заң бұзушылықтарының алдын алу бағытында жасап отырған шараларының тиімділігі, кәмелеттік жасқа толмағандардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, оларды қараусыз қалдырмау, жер қатынастары саласындағы заңдылықты қадағалау, мақсатсыз қолданылып немесе игерілмей жатқан жерлерді кері қайтару,  әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу бойынша уәкілетті органдардың өзара ықпалдастығы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қарапайым халық пен кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер қаралып, кемшіліктерді жою бағытында құқық қорғау органдарының бірлесе әрекет ету жайы талқыланды.
Осы орайда, прокуратура органдарына ел сенімінің жылдан-жылға артып келе жатқандығын атап өткен абзал. Оған келіп түсетін өтініштер саны да дәлел бола алады.  Мәселен, тек былтырдың өзінде ғана заңды және жеке тұлғалардан 1045 өтініш келіп түсті. Халықпен бұл байланысты жандандыра түсу мақсатында  еңбек ұжымдары мен білім ошақтарында заң талаптарын түсіндіру бойынша түрлі шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Бас-
ты мақсатымыз – тұрғындардың конституциялық құқықтарын қорғау болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да барынша жалғастыра беретініміз айқын.

Асхат ЖАҚЫПБЕКОВ,
Бурабай ауданының прокуроры,
әділет кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар