«Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер», – дейді халық даналығы. Осы бір аталы қағиданың астары кең, айтары мәнді. Тіпті, оған еш күмәніміз жоқ. Ғұмырында төрт түлікті қастерлеп өткен, ет-сүт өнімдерін ас еткен ата-бабамыз қолындағы малының жүн-терісін де шашау шығармай, игілікке жаратты.
Киер киімін, тұрмыстық бұйымын, әшекейлі ат әбзелін жаңағы шикізаттан даярлағаны–ісмерлеріміздің өмір ағымына бейімделгенінің нышаны. Бейімділік демекші, қазір жиі айтылатын қалдықсыз технология ұғымының ежелгі дәуірден қағидаға айналғаны белгілі болып отыр. Тіпті, табиғи ортада ыдыраған малдың көңі органикалық тыңайтқыш болса, кепкен қи-тезегі отынға жағылған.
Жерлесіміз Орал Халелбекұлы осы істің жай-жапсары, жалпы жұмыс тәсілі, мал терісін өңдеу технологиясы жайында әңгіме шерткенде таңданыспен қызыға құлақ түрдік. Кейіпкеріміз Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданы Күп ауылының Емші қыстағында туған. Өткен жылдың қарашасында Аспанасты елінен атамекенге қоныс аударған жігіт ағасы бүгінде Ерейментауда тұрады. Алыс шет елде мал шаруашылығымен айналыса жүріп, құрылысшы мамандығын да меңгерген. Оралға ата кәсіпке бейімделуіне марқұм әкесі Халелбек пен бүгінде көзі тірі немере ағасы Базарбектің іс-тәжірибесі тікелей септескен екен. Үлкендердің қол еңбегіне, төл өнеріне бала жастан көз қанықтыра жүріп, әке тәжірибесін жадына тоқи берген. Сонымен жерлесіміздің әңгімесінен бірталай жайтты аңғарғандай болдық.
Ірі қара, қой-ешкі терісін малмалап, жазып илейтін тәсілін танып білдік. Алғашқы жұмыс нәтижесі 9 күнде белгілі болса, жазып илеу амалы 15-20 күнге есептеледі. Иінің бабы мен қанықтылық дәрежесі сапалы шикізат даярлауға септеседі. Жаңағы малмадан шыққан терінің сыртқы жүні оп-оңай сыдырылып, жидіп түседі. Оны керіп-созып көлеңкеде кептіреді. Уқалап, жұмсартады. Осылайша, таспа тілуге болатын бұйым дайын болады. Тілінген таспадан қамшы өріледі, жүген, ноқта, ат әбзелдері жасалады. Өрімшінің өз қалауы мен ыңғайына қарай 24-16 таспалы қамшы жасалады екен. Бұл істе ескерілетін тағы бір ерекшелік: әдетте, өгіз терісі өзге түлік терісіне қарағанда қалың болады екен, сол себепті таспаға жарамайды. Түйенің терісін суға жібітіп барып пайдаланады. Қой-ешкінің терісінен негізінен сырт киім (тон, шалбар, желетке) тігіледі. Жаңа сойылған малдың терісі малмаға-иге салынбас бұрын микробын жою үшін ішкі жағы тұздалады, қан-сөлінен арылтудың да сапаға өзіндік ықпалы баршылық.
Оралдың тағы бір талпыныс ерекшелігі – тері өңдеумен қатар киіз басу технологиясына, негізгі материалы күзде талдан даярланатын киіз үй сүйегін әзірлеу тәсіліне де жетік екенін аңғартты. Ежелгі ата кәсіпті жаңғыртуды, талапты-ниетті жастарды пайдалы іске баулуды көздейтін қандасымызға келешекте шағын кәсіпорын-шеберханасын ашуға мүмкіндік берілсе екен деген ойға келдік. Дәстүрлі ұлттық бұйым өндірісін жаңғыртуға септесетін таудай талапты, ісмер де іскер жігіттерге жеңілдетілген несиемен, қолайлы баспанамен жәрдемдесіп жіберсек жақсылық қой. Мәселенің түпкі байыбына үңіле білсек – «Қазақстанда жасалған» брендтік маркасымен, сауда белгісімен отандық өнім өндірісін кеңейтуге, алдағы
«ЭКСПО-2017» көрмесінде төл бұйымымызды баршаға танытуға кең жол ашар еді. Сөз түйінінде Орал Халелбекұлының игі бастамасына билік орындарының, халық қалаулыларының назарын аудартуды, құзырлы ведомство басшыларына көздестіруді журналистік парызымыз деп білдік.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.