Айман «Жұлдызды үйге» жолдама алды

Ақмола облыстық филармониясында қазақстандық дарынды балаларға қолдау көрсететін Әлия Назарбаева мен оның «Жандану әлемі»  қорының бастамасымен өткізіліп жатқан «Bala Turkvizyon – Қазақстан» ұлттық жобасының облыстық іріктеу кезеңі болып өтті. 

Біздің өңірде өткен аталмыш байқаудың іріктеу кезеңіне қатысуға облыс аудандары мен қалаларынан алпыстан астам 8 бен 19 жас аралығындағы өнерпаздар жиналды. Ұйымдастырушылар оларды қазылар алқасының төрағасы, аймақ тәлімгері, әнші Талғат  Кенжеболатовпен таныстырып болған соң, алғашқы тыңдалым аяқталғанша, түрлі ойындар ойнатып, флешмобтар өткізді. Алғашқы бөлім бойынша жобаның музыкалық продюсері Айжан Керімқұлова алпыстан астам үміткерді тыңдап, олардың арасынан отыз баланы іріктеп алды. Әрі қарай байқаудың екінші бөлімінде, яғни алдағы уақытта республикалық кезеңде облыстың намысын қорғауға апаратын бір үміткерді таңдап алу үшін жерлесіміз, әнші Талғат Кенжеболатов пен оның көмекшілері дарынды әнші Медеу Арынбаев пен «Музарт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов қазылық етті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, байқауға облыстың әр аймағынан әртүрлі музыкалық топтар да жиналды. Мәселен, Степногорск қаласының «Presto» музыкалық студиясының жетекшісі, 1997 жылғы «Жас қанат» байқауының лауреаты атанған Серік Байділдаев өзінің Нұрислам, Әділбек, Аида және Арайлым атты төрт өнерлі шәкіртін алып келіп, осынау халықаралық байқауға қатыстырды. –Біздің студияның ашылғанына бір жыл ғана болды. Бірақ, соған қарамастан, біз аз уақыттың ішінде көптеген байқауларда топ жарып үлгердік. Студияға келіп жүрген балалар өте дарынды. Біздің мақсатымыз – осы дарынды балалардың талаптарын ұштап әрі қарай қанаттандыру, музыкалық білім беру, оларды таныту, «Bala Turkvizyon» сияқты байқауларға дайындау болып табылады. Себебі, мұндай байқаулар әрбір қатысушыға күш береді, тәжірибе жинақтауға көмектеседі, –дейді  студия жетекшісі Серік Байділдаев. Сонымен қатар, байқауға Атбасар қаласынан келіп қатысқан халықтық вокал студиясының мүшелерін де атап өтуге болады. Бұл студияның «Айдана» атты тобында төрт қыз және бір жеткіншек бар екен. Топ жетекшісі Светлана Клименко:
– Оқушыларымыз көбінесе балаларға арналған әндерді шырқайды. Біз балаларымызға әрқашан ерекше әндерді орындатуға тырысамыз. Мысалы, қазіргі уақытта біз қазақ халық әндерін эстрадалық бағытта өңдеп, дәріптеуді қолға алдық. Бұл балаларға өте ұнайды. Біз – бұл байқау арқылы балалардың ән қоры жаңа туындылармен толыға түсетініне қуанып отырмыз. Болашақта біз де сол әндерді орындайтын боламыз, –деп  өзінің ой-пікірімен бөлісті.
Қазақтың музыка өнерін дамыту, халыққа жас әрі дарынды өнерпаздарды таныстыру, балаларға арналған жаңа әндерді жарыққа шығару мақсатында ұйымдастырылып отырған ұлттық байқау бұған дейін он үш облыста болып өтіпті. Әрбір өңірдің жеңімпазы Алматы қаласындағы «Жұлдызды үйге» жолдама  алып, сонда өтетін республикалық кезеңге дайындалады. Мұнда аймақ жеңімпаздары екі апта бойы кәсіби музыканттардың, хореограф мамандардың, режиссерлер мен өзге де өнер майталмандарының шеберлік сыныптарына қатысып, басқа өңірлердің жас өнерпаздарымен тәжірибе алмасады.
Жалпы, үміткерлерге қандай талаптар қоясыздар деп қазылар алқасымен сұхбаттасқанымызда:
–Түркияның Стамбул қаласында өтетін «Bala Turkvizyon» халықаралық байқауына баратын баланың жұлдызы жарқырап тұратындай дарынды болуы керек. Көкшетаудың ғана емес, бүкіл қазақтың намысын қорғайтындай ерекше дарынды болуы тиіс. Баланың бойындағы әншілігі бір бөлек, оның түр-келбетінің тартымдылығы, сахнадағы қимыл-қозғалысы, дауысының әдемілігі мен ырғақтық үні ерекше болғаны дұрыс. Бүгін біз тек қана облыс бойынша бір баланы республикалық кезеңге таңдап аламыз. Әрине, бұл бізге оңайға соқпайды. Десе де, бұл тек облыстық кезең ғой. Ең ауыр кезең – нағыз қызу сайыс Алматы қаласында өтеді. Еліміздің әр облысынан кіл мықты балалар жиналғанда, таңдау өте қиын болады. Бір қаладан келген өнерпаз биден мықты болса, енді бірі қазақы болмысымен тыңдарманын үйіріп әкететін болады, тағы бірі әдемі түрі мен дауысының ерекшелігімен таң қалдырса, келесі біреуі талантымен жүректерді жаулап алуы мүмкін, –деді эстрада жұлдызы Медеу Арынбаев. Бұл ретте, әнші Кенжебек Жанәбілов:
–Желтоқсан айында өтетін «Bala Turkvizyon» байқауының гранд финалына Қазақстанның намысын қорғайтын өнерпаз баланы таңдау кім-кімге де оңай емес. Сондықтан, балалардың дарыны өз алдына, біз сонымен бірге олардың халықаралық талаптарға сай болуын да қадағалаймыз. Ертең халықаралық конкурсқа алып барғанда, ол тек әншілік қыры жағынан ғана мықты болып, актерлік іс-әрекеті жоқ, биге қабілеті болмай жатса, бізге де үлкен сын. Сол себепті, баланың кәсіби деңгейін басты назарға аламыз. Өнерпаз жан-жақты болу керек, – деді.
Сөйтіп, барлық үміткерлерді тыңдап болғаннан кейін, қазылар алқасының шешімі бойынша Шортанды ауданынан келіп қатысқан Айман Аман республикалық кезеңге жолдама алып, облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанды.
Жас дарын иесі Айманды Шортанды ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Нұрайым Әділбек алып келіпті. Айман көп балалы отбасынан шыққан өнерлі өрен. Ол  қазақ, орыс, француз тілдерінде ән салып, өзінің табиғи дарынымен қазылар алқасын тәнті етті. Үміткердің музыкалық білімі болмаса да, бойындағы тума талантына баршамыз да разы болдық.  
–Мен үш жасымнан ән айтамын. Үлкен сахнаға шығып, әртіс болғым келеді. Бос уақытымда ән саламын, волейбол, баскетбол ойнап, би билеймін. Сурет салғанды ұнатамын. Мәдина Сәдуақасова, Қарақат Әбілдина сияқты әнші әпкелерім мен «КешYou» тобын үлгі тұтамын, –дейді кішкентай өнерпаз.
Тамыз айында Айман Аман басқа өңірлердің үміткерлерімен бірге «Жұлдызды үйге» орналасады. Тәлімгері Кенталмен бірге аталмыш ұлттық іріктеудің жартылай финалына қазақ тілінде жаңа ән дайындайды.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өтетін «BalaTurkvizyon» байқауының республикалық іріктеу кезеңінде өнер көрсететін Айманға біз де сәттілік тілейміз.

 

Ырысалды ШАМШИЕВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар