ҚАЛЫҢ МАЛ: салт па, сауда ма?

 Күміскүл тәтеміздің үш қыздан кейін көрген жалғыз ұлы бар. Көзінің ағы мен қарасындай көретін баласы Асылбек биыл колледж бітіріп, дипломымен бірге ауылға келін де алып келді. Аудан орталығында тұрып жатқан тәтем мен жездеміз қуанғаннан барлық ағайын туысқа хабар беріп, той қамына кірісе бастады. Тәтеміз мектепте еден жуушы, ал жездеміз Қазез әкімдікте күзетші болып жұмыс істейді. Үлкен қыздары қалада өз күндерін өздері көріп жүр. Үшінші балалары студент.

  Асылбектің таңдаған қызы оңтүстіктің Жетісай қаласынан екен. Мұны естіген апа-жездеміз түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылды. Өйткені, ол жақ қалың мал сұрайтыны анық. Оңтүстікте бұл міндетті екенін олар талай естіген. «Елдің сөзіне қалмайық, ағайыннан ұят болмасын»  деп жалғыз ұлдың тойын дүрілдетіп, қаладағы мейрамханалардың бірінде өткізуді шешті. Ағайын-туыс, көрші-қолаңды жинағанда екі жүзден астам адамның тізімі жасалды. Тойға сойылатын жылқы мен жастардың тойға киетін киімдері тағы бар. Осының бәріне ақшаны қайдан табам деп басы қатқан Күміскүлдің шақшадай басы шарадай болды. Қалада жүрген қыздарын шақыртып, күйеуімен ақылдасып, қажетті заттардың тізімін жасауға кірісті. Уақыт та аз қалды. Той күні белгіленді. Жетісайдағы құдалардан хабар да жетті. Болашақ құдағи  дәптердің бір парағына тізілген қалың мал мен киіт, кәде сыйдың тізімін жазыпты. Қолында дипломы бар қыз болғандықтан, оның қалың малына екі мың доллар сұратыпты. Ананың сүті мен әкенің күші дегенге екі алтын жүзік, оған қоса үлкен әжесі мен нағашы әжесіне екі алтын білезік, құдағидың екі абысынына екі алтын және қайын ағаларына жағалы киім, шаңыраққа бір кілем және қоржын, ілу, қалталар бересіздер деген жазулар тағы бар.
«Қызы бардың, назы бар» демекші, апа-жездеміз оған да көнді. Тізім қолға тиген соң, оны сатып алатын қаражат іздеуге кірісті.  30-40 мың жалақы алып отырған қарапайым отбасыға той шығыны мен қалың малға ақша табу оңайға соққан жоқ, әрине. Банктердің есігін қағып,
несие алудың қамына кірісті. Қыздары да қарызданып жүріп, көмектескендей болды. Сонымен не керек, ақша тапты, той өткізілді.  
Құдаларды ауылда емес, қалада қарсы алды. Мейрамханаға 250-ден астам адам жиналды. Жас жұбайлардың киетін киіміне, неке сақиналарына, АХАЖ бөлімінде салтанатты түрде өтетін неке қию рәсіміне, асаба мен музыкантқа, бейнетаспа мен фотосуретке түсірушіге, жастардың лимузин көлігімен қыдыруына, бүгінде тойдың сәніне айналған  бірнеше қабат етіп жасайтын тәтті тортқа қыруар ақша төленді. Тойға сойылған жылқының семіздігін көріп, жездеміздің құрдастары Қазез жалғыз баласынан аясын ба десіп жатты. Жетісайдан он беске жуық құда келді. Әдемі тілектер айтылды. Ән де шырқалды, би де биленді. Той соңы күркіреген от шашуға ұласты. Сонымен, апа-жездеміздің әулетінде дүркіреген бір той өтті.
Тойдан соң жастар қалаға кетті. Жұмыс іздеуге кірісті. Қалада пәтер жалдап тұрып жатты. Тура бір жылдан кейін екеуінің ажырасып кеткенін естідік. Екеуі бір-ақ жыл бірге тұрыпты.
 –«Алладан жасырмағанды, адамнан қалай жасырайын, ел-жұрт бәрі бір естиді ғой» – деп, көзінің жасын бір сығып алды тәтеміз. –Келін мен баланың түгі де кеткен жоқ, екі қыз бен жездең төртеуіміз несие мен қарыздың астында қалдық, әлі де төрт жыл несие төлейміз», –деп басындағы орамалын бір түзеп қойды.  Апамның қою, қалың қара шашына қылаулап ақ түскенін байқадым. «Баланың көңілін түсірмейік, ағайын жұрттан ұят болмасын деп ұлан асыр той жасадық, осылай боларын білгенде, босқа шығындалып нем бар еді?»  – деп еңкілдеп отырғанын көргенде, мен де ойланып қалдым.
Жалпы, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейміз. Бекерге мал шашпақ тойлар осы біздің қазақта ғана бар ма деп қаласың. Екі жас отау құрып, үйленуге ниет білдіргенде, екі жақтың ата-анасы келісе отырып, ең алдымен екі жастың үй болып кетуіне жағдай жасау керек пе деп ойлаймын.
Қазір тіпті, баланы қырқынан шығару, сүндет той, қалжа дегендерді де дәмхана мен мейрамханаларда өткізу сәнге айналып бара жатыр. Әрине, бұл халықтың жағдайының жақсарғандығы, Қазақстан экономикасының тұрақтанып, еліміздің дамығандығы  деп айтарымыз хақ, алайда, ауылда тұратын халықтың жағдайы оңай емес. Алдындағы азын-аулақ малы мен зейнетақыға қарап отырған жандар қалың мал төлеуге шамалары келе ме екен?!
Жалпы, өз басым, қалың мал дегенде, тұрмыстық жағдай мен әлеуметтік жағдай ескерілсе деймін. Қазір байқағаным жастар ерте үйленіп жатыр. Қыз алып жатқан жақтың жағдайы қандай? Орташа шығар, мүмкін төмен бе? 19-20 жаста үйленіп жатқан бозбаланың баспанасын айтпағанда, тіпті, жұмысы да болмауы мүмкін ғой. Одан да екі жақ ақылдасып, кешегі тойға шашылған пәленбай жүз мың ақшаға бір бөлмелі пәтер немесе үй салатын жер алып берсін. Олардың үй болу қамын ойласа, үйленген жиенім ажыраспай, өз үйінде бала-шағасын бағып отырмас па еді?  
Біздің солтүстік өңірде қоржын, қалта, киіт сұраса да, қалың мал  сұрай қоймайды. Еліміздің әр өңірінде бұл салт әртүрлі. Жиырмасыншы ғасырдың басында жазылған шығармалардың көбінде «қалқам ер жетіп, оны бай жерге ұзатып, көп мал алсам» деген ойлар сол кездегі романдардың фабуласы іспеттес еді. Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуында» қазақ қыздарының мұңды күйі, теңсіздігі, малға сатылуы айқын бейнеленген. Қыздардың малға сатылуы кеңес өкіметі тұсында тыйылғанымен, кейбір өңірлерде қалып қойып отыр. Және бүгінде ол малмен емес, ақшамен өлшенетін болды. Сонда қалың малдың құны қанша? Оңтүстікте дипломы бар, оқыған қыз болса, оның қалың малы қымбат болады екен. Бұл не сонда? Адамды саудалағаны ма? Ал егер, жігіт жақтың ондай қаражаты болмаса ше? Онда қыздың әке-шешесі ақ батасын бермейді ме?..
Қалың мал деген дәстүр қазақта болған. Бірақ, «теңін тапса, тегін бер» деген де сөз бар. Сондықтан да, қалың мал, алтын, қоржын, ілу, жағалы киім деген «жалған құндылықтарды» ойлағанша, ең алдымен  ұлыңыз бен қызыңыздың болашағын, екі жастың үй болып, үбірлі-шүбірлі болып көбеюін, көркеюін ойлаған дұрыс шығар.

Динара ЖӘМШИТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар