Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қысқа ғұмырдың еркесі... - АРҚА АЖАРЫ

Қысқа ғұмырдың еркесі…

Бұрын газет-журналға мақала жазып, хат жолдап көрмеп едім. Енді міне, еріксіз қолға қалам алып отырмын. Оған себеп – ауылымның тумасы, ел-жұртына сыйлы болған ардақты азамат Тоқтар Баймағамбетов. Егер ол қазір көзі тірі болса, асқаралы алпыс жасқа келер еді. Бұл өмірден арманда кеткен азамат жалт етті де, жоқ болды. Амал нешік?

Тоқтар көңілі жай, дархан  жігіт еді. Онымен бала күннен бірге өстік.  Мен одан үш жас үлкен болсам да, бірге ойнап, бірге күлдік. Біздің ауылда бала кезімізде 15-ақ үй болатын, сондықтан, үлкен-кіші демей, бала біткен бір отбасының баласындай тату-тәтті болып өстік.
Тоқтар жасынан алғыр, ойшыл болды. Бір үйдің жалғыз ұлы, еркесі еді. Өнер-білімге деген талғамы да жоғары болатын. Жас күнінен газет-журналдардан ұнатқан мақалаларын қайшымен әдемілеп қиып алып, жинап жүретін, сурет те салатын. Кітап жинауға құмар еді, газет-журналдарға өзі жазылатын.
Біздің ауыл тау бөктерінде орналасқан. Оңтүстігімізді тау, солтүстік шығысымызды үлкен тұзды көл алып жатыр. Тоқтардың отбасы сол таудың етегінде тұрды, мектеп те, дүкен де сол үйдің жанында болды. Ол кезде біз оқыған мектепті ауыл ақсақалдары бұл бұрын мешіт болған деп айтып отыратын. Кейін ауылдың ортасынан жаңа мектеп салынды. Сол ескі мектепте оқып жүргенімізде, біз сабақтан шыққанда, Тоқтар есік алдында күтіп тұратын. Қыстыгүні дүкеннің ық жағын қар алып қалатын. Сол төбеден бәріміз сырғанақ тебетінбіз. Тоқтар ол кезде әлі мектепке бармаған бала еді.
Көктем келіп жылғалар мен сайлардан су аға бастағанда, біздер сол аққан сулардың бойында ойнайтынбыз. Тоқтар қыстай өз қолымен ағаштан ойып, кеме жасайтын, әрине ойыншық кемелер. Оған өзімізше «Аврора» деп ат қоятынбыз. Ол кеме су бойымен жүзіп келе жатқанда, өзімізше қысқы сарайға шабуылға келе жатырмыз деп әзілдейтінбіз. Кейде сол кемемізден айырылып қалатынбыз. Ойынның қызығымен үлкен көлге қалай барып қалғанымызды білмей, кемені көлге кетіріп алатынбыз. Ол да бір дәурен еді.
Тоқтар мектепке барғанда сабақты жақсы оқыды. Сол кездегі ауылымыздың мұғалімі болған, кейін облыстық «Көкшетау правдасында» қызмет еткен Кәкімтай Әміров Тоқтардың қарым-қабілетін байқап жүріпті. Мектепте оқып жүргенде, бір күні ауылға Кәкімтай ағамыз келді. Амандық-саулықты сұрастырып болған соң:
– Тоқтар, сен жоғары оқу орнына, әсіресе журналистика факультетіне оқуға түсуің керек. Мектеп бітіргенше, осы бастан ойлан, – деді. Ол кезде ұмытпасам, Тоқтар әлі не 6, не 7-ші сыныпты бітірген оқушы ғана.
– Мен сенің оқуыңды мұғалімдеріңнен сұрастырып, біліп отырамын, оқуың жақсы екен, газетке жазып жүрген мақалаларыңды үзбей әрі қарай жаза бер, – дегені әлі есімде. «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген осы ғой. Сонда Кәкімтай ағамыз сыртынан бәрін бақылап жүріпті.
Орта мектепті бітіргесін Тоқтар Алматыға кетті. Журналистика факультетіне оқуға түсті. Оқуын абыроймен тәмамдап, елге оралды. Кейін Көкшетауда жұмысқа орналасты. Ауылға ат басын бұра қалса, ауылдағы үлкендерге сәлем беріп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін байқап кететін. Мені көре қалса, «ой, Қасен аға!» деп, өткенді еске алып, бір мәз-мейрам болып қалатын. Ол ауылға келгенде, әкеміз қажыдан келгендей баршамыз қуанатынбыз.
1987 жылдан бастап, 1999 жылға дейін мен ауылда егіс бригадасының бригадирі болып жұмыс істедім.  Сол жылдары Тоқтар ауылға келе қалса, амандық саулықтан кейін, жұмыс жайын сұрай бастайтын. Ол кез кеңес заманы ғой, 5 жылдық жоспарға сәйкес әр жұмысшы социалистік міндеттеме алатын. Тоқаң келген сайын сол міндеттемелер орындалды ма деп сұрай беретін. Мен есіме түскенді айтамын, ұмытып қалған болсам, «сен неге білмейсің?» деп өзімді сөгуші еді. «Мен жарайды өзіміз ғой, алда-жалда ауданнан, не облыстан біреулер келіп, сенен сұраса, сен білмей тұрсаң, ол қалай болады? Ертең ел алдында ұят болады және бүкіл жерде пәленше бөлімшенің бригадирі өзі де білмейді, жұмысшыларына қалай үлгі болады деп айтары» деп намыстанып кететін. Қазір ойлап отырсам, соның бәрі елге, ағайын-туысқа деген бір қамқорлығы екен ғой. Кіндік қаны тамған жерін жақсы жағынан ғана естігісі келген ғой.
Тоқтар туралы шығарылған естелік кітаптың сыртқы мұқабасындағы суретте қалай күлімдеп тұрса, өмірде де ол сондай ақжарқын  бейнесімен есте қалды. Ол туралы «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Қайырбай Төреғожа: «Ол өмірге көп еркеледі, есті түрде еркеледі, маңдайына жазған аз күнді емін-еркін дәурендеп өтті»  деп жазған еді. Оның адамгершілігін, адалдығы мен арлылығын білетін өзгелер де осындай пікірде екеніне сенімдімін. Естелік кітабында өзімен бірге оқыған курстас жолдастары, әріптес ағалары мен інілері бәрі де бір ауыздан Тоқтар аузын ашса, ақ жүрегі көрініп тұратын ақкөңіл еді деп жазыпты. Иә, расында да сондай еді, үлкенді де, кішіні де сол бір, көл-көсір көңілімен баурап алатын.
Тоқтар мен жары Роза өз өмірлерін саналы түрде, бір ортада өткізе білді. Роза Тоқаңды сыйлай білді. Екеуі екі жақта жүрсе де, бір-біріне алаңдаулы болатын. Тоқаң: «Біздің Розка молодец қой» деп жүретін.
Тоқаң қайын жұртының да, өз жұртының да қабағын баға білетін. Қайда жүрсе де қаламы ұштаулы, кеуде тұсында бірге болатын. Өмірдің ақ-қарасын көзімен көріп, жан-тәнімен сезіне білетін. Ағайын мен туған-туыстың, дос-жаранның, жора-жолдастың арасында қашан да абыройлы, сый құрметке ие болатын.
Роза өз естелігінде: «Таудан сарқырап аққан мөлдір бұлақтай болып басталған өмірдің соңы қиындыққа ұласты» депті. Шыр етіп өмірге келгесін, бұл жарық дүниеден өту де бар, біреуге ерте, біреуге кеш келеді, тумақ парыз болғанда, өлім де хақ.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырда ел-жұртқа сыйлы болдыңдар, бір-біріңді сыйлап өттіңдер, өмір әлі де жалғасып жатыр, Роза. Тоқаңмен басталған өмір жалғасын енді бала-шағаңның ортасында саған қызықтауға жазсын.
Қош, Тоқтар! Қош, Арқаның жаны жайдарлы жігіті. Бақұл бол, топырағың торқа болып, пейіштің нұры шалқысын.
Қасен ӘМІРЖАНОВ,
ауылдас досы.
Жамантұз ауылы,   
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар