Білім ошақтары жауапты кезеңге дайын

Міне, көзді ашып-жұмғанша тамылжыған тамыз да келіп жетті. Қоңыр күздің күміс қоңырауы соғылып, мектептердің есігі оқушыларға айқара ашылар күн де алыс емес. Ел ертеңі жас ұрпақты білімнің кәусар бұлағымен сусындатып, тәлімді тәрбие беру ұстаздар мен білім ошақтарының міндеті.

Кез-келген ел болашағын ұрпағымен байланыстырады. Ұрпағы білімді, саналы әрі тәрбиелі болса, сол елдің болашағы да зор болмақ. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдаулары мен стратегиялық жоспарларында ұрпақ мәселесін еш қалдырған емес. Мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарларды орындау және еліміздің ертеңі – білімді ұрпақты тәрбиелеу мақсатында облыстық білім басқармасы ауқымды жұмыстар атқарып жатыр.  
Бүгінде облыс аумағындағы оқушыларды сапалы біліммен қамту үшін 612 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 591-і жалпы білім беретін мекемелер болса, 11-і кешкі мектептер, бесеуі арнайы түзету оқу орындары болып табылады, екі мектеп ведомстволық және екеуі мемлекеттік емес. Сонымен қатар, облыс орталығында физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі де қазіргі заманға сай бағдарламалармен оқушыларын білімнің тұңғиығына бойлатуда. Осы білім ордаларында биылғы жылы 108 926 оқушы білімнің нәрімен сусындайтын болады.
Жоғарыда атап өткен жалпы білім беретін мектептердің 168-і қазақ тілінде, 230-ы орыс тілінде оқытса, қалғандары аралас мектептер санатынан болып табылады. Мемлекеттік тілде білім алып жүрген оқушыларымыздың саны 48991, орыс тілінде оқитындардың саны одан көбірек, яғни, 56972 оқушыны құрап отыр.
Бүгінде еліміздің кез-келген мектебінде оқушылардың ыстық тамақпен толық қамтылуына мемлекет тарапынан аса зор назар аударылуда. Маусым айындағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, біздің облыстағы әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан он үш мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен қатар, 1-4 сынып аралығындағы оқушылардың 41 пайызына тегін ыстық тамақ беріледі.
Облыстағы 3729 оқушыны тасымалдау қажеттілігі бар. Бүгінде олардың барлығы толық тасымалданады, оларға 154 автокөлік бөлінген.
Биылғы жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын 16 мыңнан астам бала аттайды деген болжам бар.  12 жылдық білім беруді іске асыру мақсатында облыстық білім басқармасының бұйрығына сәйкес Бұланды ауданындағы Никольское орта мектебі мен Степногорск қаласындағы №5 көпсалалы мектеп-лицейі 12  жылдық білім беру стандартына көшіру белгіленген. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап, аталмыш мектептер 12 жылдық білім стандартына сай жаңа бағдарлама бойынша оқытуды бастайды.
2015-2016 оқу жылы облыста дамуында ауытқушылықтары бар және сөйлеу мен есту қабілеттері нашар балаларға арналған төрт арнайы түзету мектеп-интернаттары мен жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бір аралас балалар үйі іске кірісетін болады. Бүгінде бұл арнайы түзету мекемелерінде ағымдық жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар, биылғы жаңа оқу жылында инклюзивті оқытуды енгізу бо-йынша тәжірибені тарату үшін Көкшетау қаласындағы №19 орта мектеп базасында ресурстық орталық жұмыс істейтін болады  және бұл тәжірибені тірек білім ұйымдарында да енгізу қолға алынуда. Мәселен, биыл 22 мектеп, 19 балабақша және бір колледжде аталмыш инклюзивті оқыту тәжірибесі енгізілмек. Бұл ретте атап өтетін жайт, «Өрлеу» акционерлік қоғамы желілік эксперименталдық жоба шеңберінде педагогтарға әдістемелік көмек көрсететін, мүмкіндігі шектеулі балалармен қалай жұмыс істеу қажеттігі туралы ақпарат беретін «Инклюзив бүгін» сайтын ашты, соның негізінде жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті оқытуды көруге болады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен олармен жұмыс істеу үшін 11 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен балабақшаларда инклюзивті түрде оқытылмаған балаларға арналған түзету кабинеттері жұмыс істейді.  Тамыз айының ішінде Сандықтау ауданында психологиялық-педагогикалық кабинетті ашуды жоспарлап отырмыз.
Ағымдағы жылы мектептерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 41 нысанға бюджеттен 1435,1 миллион теңге қаржы қарастырылды, оның ішінде 14 жобаға 414,6 миллион теңге қаражат республикалық бюджеттен бөлінсе, 21 жобаға облыстық бюджет тарапынан 929,7 миллион теңге ақша жұмсалынды. Сонымен қатар, аудандық бюджеттерден 6 нысанға 72,9 миллион теңге қаржы бөлініп, білім ордалары тиісті деңгейде күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізілді.
Жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықтау жұмыстарына да жыл са-йын аса зор көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде жаңа модификацияланған кабинеттер саны былтырғы көрсеткіштен 8 пайызға артты. Өткен жылы 34 пайызды құраған болса, биыл 42 пайыздан асып отыр.
Жаңа оқу жылы басталысымен мектептер мен ата-аналардың бас қайғысына айналатын оқулықтар екенін баршамыз білеміз. Жыл сайын оқулықтар сатып алу және тиісті білім ордаларына оны жеткізу үшін қомақты қаржы бөлініп келеді. Биыл оқулықтарды сатып алуға 598,158 миллион теңге қарастырылды. Сондай-ақ, оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес, биыл 3 сынып оқушылары ағылшын тілі сабағын, 7 сынып оқушылары информатика пәнін және 4,5,6,11 сынып оқушыларының да кейбір пәндерінің оқулықтары жаңартылып, жаңа оқулықпен оқитын болады.  Оқу жылы басталғанша, 7 мектеп пен 2 балабақшаның құрылысы мен үш қосымша құрылысты аяқтауды көздеп отырмыз.
Сонымен қатар, биыл Білім және ғылым министрлігі «Мектепке жол» акциясын сегізінші рет өткізгелі отыр. Бір қуантарлығы жыл сайын оған қатысуға ниет білдірушілер саны артып келеді. Былтырғы жылы аз қамтылған отбасылардың 6359 баласына бюджеттен 30 миллион теңгеден астам ақша бөлініп, мектепке баруға материалдық көмек көрсетілді. Сонымен бірге, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан 5197 балаға демеушілер тарапынан оқу құрал-жабдықтары мен киім-кешектер әперілді. Аталмыш акция «Балаларға бірге көмектесейік!» ұранымен бірінші тамыздан басталып отыр, ол 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Іс-шараның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан мектеп оқушылары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау, сонымен бірге әлеуметтік себептердің салдарынан мектепке бара алмай қалатын балаларды анықтап, оларға жәрдемдесу. Бұл ретте, біздің қызметкерлер мектептермен хабарласып, рейдтік  іс-шаралар өткізіп, кездесулер жүргізіп, халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына  қол ұшын беруге ат салысады.
Биыл алдын ала жасалған болжам бойынша 10637 оқушыға материалдық көмек қажет, оның ішінде 861 бала бірінші сыныпқа барады. Сондықтан, осындай балаларға көмек көрсетіп, қол ұшын беремін деушілер болса, облыстық білім басқармасы мен білім беру ұйымдарына хабарласуға болады.      
Ал, енді жылу маусымына дайындық мәселесіне тоқталатын болсақ, облыстық білім беру жүйесіне 824 ұйым тіркелген. Оның 215-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған болса, 609-ы автономды жылумен қамтамасыз етіледі.  591 білім мекемесі қатты отынмен жылынса, 10 ұйым электр қазандықтарын қосады және 8 білім ошағы сұйық отынды пайдаланады. Отынды сатып алу барлық білім ордаларында конкурстық негізде жүргізіледі.
Қазіргі уақытта отынды жеткізу жұмыстары аяқталуға жақын,  тамыздың ортасына дейін білім беру мекемелерінің барлығы да қатты және сұйық отынның толық 3 айлық қорымен қамтылатын болады. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 70 пайызды құрап отыр. Отынмен қамтамасыз етумен қатар, жылу жүйелерін қысымдау жұмыстары да қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, осы күні мекемелердің 80 пайызы қысымдау жұмыстарын реттеп болып, жылу маусымына дайындығы туралы актілерін қолдарына алды. Дегенмен, бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.  

Балым ІЗБАСАРОВА,
Ақмола облыстық
білім басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар