Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құрылыс қарқынын арттыру қажет - АРҚА АЖАРЫ

Құрылыс қарқынын арттыру қажет

 Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңызы зор нысандарды аралап көріп, жұмыстың қарқыны мен сапасына назар аударды.

  Бұл жолы өңір басшысы жұмыс сапарын Қосшы ауылынан бастады. Бүгінгі күні елді мекенде көктемгі су тасқынынан зардап шеккендер үшін екі 45 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын жауапкершілігі шектеулі «СМП-610» және «Асгард» серіктестіктері қолға алған. Осы күні үйлердің іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызыла бастады. Құрылыс барысымен танысқан өңір басшысы жұмыс қарқынын ширатып, белгіленген мерзімде аяқтауды қадап тапсырды.
Облыстағы үш ауысымды білім беру проблемасына тоқталатын болсақ, Целиноград ауданындағы Тайтөбе ауылында осындай бір мектеп бар. Бүгінде бұл мәселе бастауыш сыныптың оқушыларын бала бақшаның ғимаратына уақытша ауыстыру жолымен шешуде. Проблеманы толық шешу үшін 300 орындық орта мектептің құрылысы жүріп жатыр және ол ағымдағы жылы пайдалануға берілмек. «ЭлектроСетьСтрой» құрылыс компаниясының директоры Жанат Асқаров нысанды уақытында тапсыратынын айтып сендірді.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Ақтық» және «Ақмола-Феникс» акционерлік қоғамдарының егістік алқаптарына да жолай соғып, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Онда егіннің шығымы сөз болып, күзгі науқанға дайындық жұмыстары пысықталды.
Ал, топан судың зардабын тартқан Оразақ ауылында болғанында, үйлері жарамсыз тұрғындар үшін салынып жатқан жаңа шағын ауданның құрылыс жұмыстары барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын қолға алған «Іскер» серіктестігінің директоры
Данияр Тұңғышбаевтың айтуынша, қазір мұнда 2 пәтерлі 100 үй салынып жатыр. Аумағы 83 шаршы метрден болады. Яғни, 3 бөлмеден тұрады. Сонымен қатар, аула ішінде бөлек сарайы да қарастырылған. – Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 200-ден астам жұмысшы күні-түні тынбай еңбек етіп жатыр. Өйткені, уақыт аз қалды. Жаз айының соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Ал, қыркүйек айының екінші жартысы мен қазанның басында 200 отбасы жаңа пәтерлерге кіріп, қоныс тойын тойлайды деген үміт бар, – дейді серіктестік басшысы.
Топан су ауылдағы жалғыз мектепті де қиратып кеткен еді. Енді оразақтық 289 оқушы алыстағы ауылдарға қатынап оқымайтын болды. Олар биылғы оқу жылында жаңа мектепке барады. Жаңа мектеп деп отырғанымыз ауылдағы бұрынғы мәдениет үйінің ғимараты орта мектеп ретінде қайта жөнделіп жатыр. Сондай-ақ,  осында қар суы шайып кеткен жол және бөгет те қалпына келтірілуде.
Сапар соңында облыс әкімі Ақмол ауылында жаңадан салынып жатқан стадион, 45 пәтерлі тұрғын үй және жаңа жылу қазандығының құрылыс жұмыстарына да назар аударып, осы нысандарды белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды.
– Өңірде қолға алынған құрылыс жұмыстарының барлығы да әлеуметтік маңызы зор нысандар. Сондықтан,  мердігерлерден мүмкіндікті пайдалана отырып кестеге сай уақытылы тапсыруды талап етемін. Өйтпеген жағдайда жұмыстарына жауапсыз қараған мердігерлерді бұдан былай облыс аумағына жібермейміз, – деп кесіп айтты облыс әкімі.

 

Аслан ОСПАНОВ

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар