Тапсырма дер кезінде орындалуымен құнды

 Облыс әкімі Сергей Кулагин  Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарды аралап көрді, сондай-ақ, өндіріс ошақтарының жұмысына назар аударды. Өңірімізде күн санап жаңа кәсіпорындар бой көтеруде. Соның қатарында жауапкершілігі шектеулі «AgroInterTech»  серіктестігін атап өтуге болады.

  Мұнда білікті мамандар ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеумен айналысады. Шақыртулар келіп түссе, дереу сол тапсырысты орындауға арналған көліктер де қарастырылған. Оған қоса, өндірістік оқыту орталығы да бар. Осы орайда, серіктестік Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, жас мамандарды дайындауға өз үлестерін қоспақшы. Кәсіпорын басшысы Мұрат Теміржановтың сөзіне жүгінсек, тұтынушыға ыңғайлы болу үшін  ғимаратта түрлі техника түрлері қойылып, сатылады. Барлық қондырғылар шетелдің ең мықты деген тауар өндірушілерінен жеткізіледі. Бүгінде мұнда 32 адам жұмыс істесе, тағы да елу жұмыс орны ашылмақшы. Кәсіпорынның жұмысына оң бағасын берген Сергей Кулагин нысан маңын абаттандырып, көбірек ағаш отырғызуды тапсырды.
Мұнан соң облыс басшысы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі тұрған  жаңа мешіттің маңын абаттандыру және автотұрақ салу жұмысын бақылады. Сондай-ақ, діни ғимараттың ішкі, сыртқы жөндеу жұмыстарына баса назар аударды. Қала тұрғындары мен бүкіл мұсылман қауымы үшін аса маңызды бұл құрылыс нысанында бүгінде  аспашамдар ілінуде. Айта кетерлігі, мешіттің сыртқы беті  Әзірбайжаннан әкелінген Аглай тасымен көмкеріліпті. Сергей
Кулагин «Зеленстрой» серіктестігінің басшысы Геннадий Осиненкоға ғимараттың жанын  гүлге толтырып, шағын бақ жасау міндетін жүктеді.
Ал, жауапкершілігі шектеулі «Бижан ет өңдеу зауыты» серіктестігі  ет өңдеумен айналысады. Кәсіпорынның  мал соятын цехының тәуліктік қуаты 80-90 бас ірі қара мал. Жылдық қуаты 5000 тоннаны құрайды. Нысанға қазіргі заманғы неміс құрылғылары орнатылған. Қажетті шикізат іргедегі Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінен, жергілікті жерлерден сатылып алынады. Сонымен бірге,  кәсіпорынның жанында өз өнімдерін сатуға арналған дүкен де бар.
Облыс әкімі одан әрі астықты кептіріп, сақтап, оны өңдеумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі «Ақмола бидай» серіктестігіне барды. Астық сақтау қоймасының сыйымдылығы 24 мың тоннаға жуық. Ал, екі  астық кептіргіш сағатына 100 тонна астық кептіре алады. Жобаның құны
1 миллиард 200 миллион теңгені құрап отыр. Қазіргі уақытта жетпіс адам тұрақты түрде жұмыс істеуде.
 – Көп жұмыс тындырылды. Осы беттен таймай, жоспарға сәйкес еңбек ете беруіміз қажет. Кәсіпорын басшылығы барлық сын-ескертпелерді назардан шығармай,  жүктелген тапсырмаларды дер кезінде орындады. Мұндай кәсіпорын таяу келешекте жақсы көрсеткіштерге жететіні сөзсіз – деді облыс әкімі Сергей Кулагин.

 

Ырысгүл АШУОВА

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар