Көкшеге «Ингушетия» би ансамблі келеді

Кез-келген ұлттың жанын, болмыс-бітімін тек өнер арқылы ғана терең танып-білуге болады.  Тамыздың 18-жұлдызында облыстық филармонияда өтетін Ресей Федерациясы Шешен-Ингуш Республикасының «Ингушетия» мемлекеттік халық би ансамблінің концертіне келіп, тау халқының болмысын бейнелейтін билерді тамашалауға болады.

Ингуштардың өмірінде қашаннан би мен әннің алатын орны ерекше болған. Ол – қуаныш пен қайғыны бөлісуде, күнделікті өмір мен мейрамдарға ерекше реңк беруде таптырмас шабыт көзі. Кең-байтақ Кавказда тұратын көптеген халықтың ішінен бұл ұлтты танып, білгісі келген адам үшін өлкенің тарихынан, табиғат жағдайынан, тұрмыс-тіршілігінен хабар   берер кітаптар жеткіліксіз.  Осы орайда, хореография өзінің баршаға бірдей түсінікті  тілі арқылы ұлттық мінез-құлықты дәл жеткізе алады.
Ингуш би мәдениеті өзінің әр алуандығымен ерекшеленеді.  Оның тамыры тым тереңде жатыр.  Халық билерінде адамгершілік қасиеттер мен мораль құндылықтары айқын көрінеді. Қыздардың ырғақты да сәнді қимылдары мен жігіттердің икемділік, күш пен жігерге негізделген ұшқыр қозғалыстары осының бірден-бір айғағындай.
«Ингушетия» мемлекеттік халық би ансамблі 1993 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде өнер ұжымы көрермен көзайымына айналып, жан-жақты концерттік бағдарламаларды жасап үлгерді.  Онда ингуштардың бай фольклорлық музыкасы мен хореографиясы бар.  Осы халықтың ғасырдан-ғасырға, атадан балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары ансамбль шығармашылығынан ойып тұрып орын алып, барша әлем халықтарының мақтанышына айналуда.
Аталған ұжымның мақсаты да терең мазмұнды көркем би туындыларына өмір сыйлап, жастар мен жеткіншектерді сол рухта тәрбиелеу болып табылады.  Осылайша жоғары эстетикалық талғамды қалыптастыру – басты мұрат. Ансамбль Ингушетия халықтарының мол мәдени мұрасын қаймағын бұзбай сақтап, дамытуды,  ұлттық би өнерін кеңінен насихаттауды көздейді.
Бұл билерде тау халықтарының болмысы, оның ғасырлар бойы жасаған  бар игі шығармашылық мұралары көрініс береді. Сондықтан да, «Ингушетия»  – ұлттық өнердің ерекше шығармашылық зертханасы саналады.  Ансамбль әр кез  хореография, ұлттық киімдер мен музыканың тың үлгілерін іздестіруде. Шынайылық пен еркіндікке толы билер  ингуштардың этникалық мұраларын өз бойына сіңіре отырып, Ресей мен басқа да шет елдік көрерменнің көзайымына айналып келеді. Ендеше, қала тұрғындары мен қонақтарын аталған өнер ұжымының 18 тамыз күні кешкі сағат 18.00-де Ақмола облыстық филармониясында өтетін концертінен хабардар етіп, тау халқының талғампаз өнерімен қауышыңыздар демекпіз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар