Әлі шығар Арқадан талай балуан

Елімізде соңғы жылдары ұлттық спорт түрлерінің мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыс жүйелі жүргізілуде. «Қазақстан барысының» жалпақ жұрт асыға күтер жарысқа айналуы соның бірден-бір дәлелі іспеттес. Осы орайда, біз бес дүркін Ақмола барысы Нұрлан Жамаловпен сұхбаттасып, одан өңір палуандарының әлеуеті жайлы сұрап білген едік. 

–Нұрлан Әбдіманапұлы, кәсіби  спортқа қалай келдіңіз?
– Сүйегім қыпшақ. Аты аңызға айналған Қобыланды, даңқты Қажымұқан, баһәдүр Бейбарыстардың ізін жалғаушы ұрпақтың өкілімін. Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласында туылғанмын. Менің спортпен айналысуыма себепкер болған, мені салауатты өмір салтын ұстануға баулыған бірден-бір адам – менің ағам. Басында бауырыммен бірге дзюдо күресімен айналыстым. Кейін Шымкент қаласындағы спорт мектебін бітіріп шықтым.  Онда тек самбомен де кәсіби түрде шұғылданып, жетістіктерге жете бастадым.
– Жеңістің ең тәтті дәмі?
– Қазақ күресіне қарағанда, менің самбодан жеткен жетістіктерім көбірек.  Аталған спорт түрінен Азия чемпионы, әлем кубогы мен әлем чемпионатының қола жүлдегері атандым. Дзюдодан халықаралық жарыстарда  да топ жарып келемін.
– Облыс спортшыларынан өзіңізге лайықты қарсылас деп кімдерді айтар едіңіз?
– Мықтымен мықты айқасқанда ғана шын жеңіс болады емес пе? Дәл қазіргі таңда облыста өзіме лайықты қарсылас бар деп айта алмаймын. Бәлкім, ол дайындықтарының аздығынан болар. Бірақ, бұл мені қуантарлық жағдай емес. Күші асып түсер жанның болмауы менің де өсуіме, ұмтылысыма кедергі жасап отыр.
– Еліміздегі қазақ күресінің қазіргі даму деңгейі жөніндегі ойыңыз қандай?
– Меніңше, осы бір ұлттық спорт түріне жасалып жатқан қамқорлық ерекше. Басқа, жарыстарды есепке алмағанда, «Қазақстан барысының» өзі неге тұрады? Тек өз елімізге ғана емес, барша жаһан жұртшылығына қазақ балуандық өнерін паш етер «Еуразия барысы» мен «Әлем барысын» мақтана айта аламыз. «Самрұқ – Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бастаған әлеуетті компаниялардың демеушілік жасауы да шараның маңызын арттыра түсердей. Мұндай қамқорлық көрсетіліп отырған спорт түрлері бізде шамалы. Тіпті, жоқтың қасы. Сондықтан да, бар мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысқанымыз жөн.
–Балуандардың бесігі болған Қорғалжын мен Көкшедан республика деңгейінде жарқырап көрінер бір мықтының шықпауы қалай?
– Себебі, облыста ауыр салмақтағы бал-уандар аз. Білектілер мен жүректілердің бәрі қазақ күресімен айналысуға ынталы деп айта алмаймын.  Жеткіншектерді осы спорт түріне баулу бағытындағы  ақпараттық  насихат шаралары көптеп жүргізілсе жақсы болар еді. Жүз естігеннен бір көрген жақсы. Оқу ордаларында «Қазақстан барысына» қатысқан  атақты балуандармен кездесулер ұйымдастырылса, жас шәкірттердің күреске деген қызығушылығының оянатынына сенімдімін.
– Басқаны айтпағанда, облыс намысын қорғап жүрген өзіңізді жүлдегерлер қатарынан көре алмай жүрміз?
–Қазақ «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді ғой. Менің айымның оңынан тумауы осы екеуіне де байланысты. Жарыстарда көп жарақат алып қаламын. Оның үстіне, бізде жаттығулар жүйелі жүргізілмейді. Жоғары деңгейдегі осындай шараларға дайындықсыз барғандықтан, жүлденің бұйырмауы бәлкім, заңдылық шығар. Сондықтан да, алдын ала дайындық жағы қарастырылса екен деймін.
– Өңірдегі қазақ күресі бір деңгейде тұр. Алға жылжудың болмауына не себеп?
– Облыстағы ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Қойшин мен Ерік Шөлімов есімді спорт жанашырларының күресті бұқаралық спортқа айналдыруға қосып отырған үлестері орасан. Өзімнің екі жаттықтырушым бар. Менің бүгінгі жеткен жетістіктерім Нұртас Шаткенов пен Бекім Жаппаров сынды білікті бапкерлерімнің арқасында мүмкін болып отыр деп айта аламын. Атақты дзюдошы Асхат Жеткеевтің  шеберлігіне тәнтімін. Бізде жаттықтырушылар жеткілікті. Олардың білім-білігі мен шеберлігі «мен» деген балуандарды баулуға жетеді. Бар мәселе демеушілердің, спорт жанашырларының аздығында болып отыр.  Мәселен, біз «Арна» колледжінің   жертөлесінде  жаттығамыз. Ондағы спортшыларға жасалған жағдай тиісті талаптарға сай емес. Жақсы нәтижеге  қол жеткізу үшін оның алғышарттарын орындау керек қой. Аймақтағы спорт мекемелерінің барлығы үдеден шығады дей алмаймын. Спортқа құйылған қаражат әрқашан өзін-өзі ақтайды. Тек жауапты тұлғалардың шығыс шықпай, кірістің кірмейтінін естен шығармағандықтары абзал. Бар жағдайды жасап бергеннен кейін бапкер мен оның қол астындағы жастан нәтижені талап етуге болады.
– Жеткіншектердің басқа спортқа емес, осы қазақ күресіне келуіне не әсер етуі мүмкін?
– Жоғарыда атап өткен жарыстарды мен бұған сеп болады деп айта аламын. Бірақ, біз күрестің осы түрін таңдай отыра тек салауатты болуға деген талпынысымызды ғана емес, ұлттық спортқа деген  шын жанашырлығымызды көрсетеміз. Қанымызда бар қасиет біздің патриоттық сезімімізді оятуы керек. Жамбасы жерге тимеген, жауырыны қақпақтай, жұдырығы  тоқпақтай қапсағай денелі қайсар ұлдардың бозкілемде белдесуі  ең алдымен, ұлттық намысты оятады. Бұл мәселелер отбасында айтылып,  бала бойына сіңірілсе игі.
– Спортшы қандай болуы керек?
– Салауатты өмір салтын ұстанып, кәсіби спортшы болуға талпынған жан темекі шегіп, арақ ішпейтін, құмар ойындарға салынбайтын, күн тәртібін қатаң сақтай білетін, тек табиғи тағамдарды тұтынуға тырысатын, қашанда дайындыққа уақыт таба білетін еңбекқор болуы қажет.
–Жарыстардан басқа, негізгі қызметіңіз қандай?
–Мен Қарағанды полиция академиясын бітіргенмін, қазір полиция капитанымын. Бүгінгі таңда сол негізгі мамандығым бо-
йынша облыстық ішкі істер департаментінде қызмет атқарудамын.
–Құқық қорғау органдарындағы жұмыстың қауырт екендігі белгілі ғой. Дайындыққа қалай уақыт табасыз?
–Меніңше, адам бір нәрсені шын қаласа, ол міндетті түрде сол мақсатқа жету үшін аянып қалмайды. Иә, сан түрлі сылтауларды айта беруге болады. Бірақ, бүгінде спорт менің өміріме айналып кетті. Тек жарыс-тар үшін ғана емес, жаным мен тәнімнің саулығы үшін де күн сайын жаттығамын.  Жалпы, жұмысымыз да сол спортпен тығыз байланысты. Департаментте самбо, қазақ күресі, дзюдодан біріншіліктер жиі өткізіліп тұрады. Олар да біздің бабымызда болуымызға әсер етеді.
–Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
–Дайындықтан, жұмыстан  қолым қалт ете қалса, суда малтып, футбол ойнаймын, домбыра шертемін, тәтті тағамдар пісіремін.
– Спортшы ретінде нені армандайсыз?
–Үмітсіз шайтан, мен де «Қазақстан барысында» жүлдегерлер қатарынан көрінгім келеді. Елімнің Туын көкке көтеріп, Әнұранын асқақтатып жүру – алға қойған басты мақсатым.
– Әңгімеңізге рахмет. Жеңісті күндеріңіз көп болғай.

Сұхбатты жүргізген
Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар