Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жалғыздық - АРҚА АЖАРЫ

Жалғыздық

(әңгіме)

Асан Әлимаға үйленісімен, қалаға көшіп кетті. Төрт бөлмелі үйде жалғыз қалса да, Айша шешей іренжіген жоқ. Бір баласы екеу болып, ел қатарына қосылғанына қуанған. «Оңы мен солын танып, сақайған соң қайда кетер дейсің. Кіндік қаны тамған ауылына оралар. Мені жалғыз тастап кетпес. Тұғырдан түсіп тұрғаным жоқ қой. Қазір мазалап, алған беттерінен қақпайын, қайда жүрсе де аман болсын. Осы екеуінің қызығын көріп өлсем, арманым жоқ. Осылардың жолында жаным садаға» деп ойлаған. Кетіп бара жатқан келін-баласының тілеуін тілеп, көзінен таса болғанша соңдарынан қарап тұрды. Көзінен бір түйір жастың қалай ытқып кеткенін де сезбей қалған.
Анасына сырттай қамқор болып, обалдары нешік, алғашқы жылдары ауылға жиі келіп-кетіп жүрді. «Апа, сағынып қалдым», – деп, қант-шайын, керек-жарағын алып, келіні Әлима қаладан шауып келіп қалатын. Мұндайда Айша шешейдің есі қалмай, ет жүрегі елжіреп, емірене құшақтап, бетінен қайта-қайта сүйіп, мәз болып қуанатын. Келіні бір қонып, аналарының өздеріне деп ішіп-жемей, сақтап қойған азық-түлігін алып, артынып-тартынып қайта кететін.
Қаладан балалары түгел келгенде үй іші одан сайын жанға толып, Айша шешейдің қуанышында тіпті, шек болмаушы еді.
Жалғыздығын ұмытып, асты-үстеріне түсіп, қуанғанынан жүрегі жарылып кете жаздайтын. Немерелерін қайта-қайта құшып-сүйіп, көкірегіне басып, ет-бауыры елжіреп, жанын үзіп тұратын-ды. Келініне шай құйғызып, өзі төрде отырып, рахатқа батып бір жасап қалатын. Балалары аттанып кеткен соң, орындары үңірейіп, қызық, қуанышты өздерімен бірге ала кеткендей сезінетін. Иесіз қалған үйге кіріп-шығып, азапқа түсетін. Амалы құрып, ұнжұрғасы түсіп, балалары кеткен жаққа ұзақ қарап тұратын. Одан кейін көңілсіздік басып, үнсіздік ұялаған үйіне кіріп, ерсілі-қарсылы жүріп мазасызданатын. Еш нәрсеге зауқы соқпай, ауыр күрсініп, пештің сыртына арқасын тіреп, жұдырықтай болып тұнжырап отыратын. Көңілсіздік тудырып, суық тартып тұрған үйдегі нәрселерге, күңгірт тартқан терезеге қарап мұңайып, жасып қалушы еді. Үй-іші құлаққа ұрған танадай болып, еңсені көтертпейтін тыныштық құшағында мүлгіп тұратын. Осындай сәтте аяғын дыбыссыз басып келіп ала мысық шоқиып қасына отырады. Оны бауырына қыса құшақтап, көзінен шығып кеткен жасын қамығып, үнсіз сүртетін.
Жалғыздық жанын жегідей жеп, іштей тынып жүргенде келін, баласы екі жасқа толар-толмас Оразбекті қолына әкеп берді. Айша шешейдің қуанышында шек болмады. Шыбын жаны немересінің үстінде болып, күніне жүз айналып, жүз толғанып, есі қалмайтын.
Ертеден қара кешке дейін ермегі болып, таңның атқанын, күннің батқанын сезбей, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болды. Мал жайласа да, су әкелсе де, тамақ пісірсе де Оразбегін қасынан бір елі қалдырмай, былдырлаған тілін қызықтап, үлкен кісінің санатына қосып сөйлесіп, күйбең тіршілікке араластырып отыратын. Шай жасау, ыдыс-аяқты жинау, үй сыпыру, барып кел, алып кел сияқты майда жұмыстарды тындырып, әжесіне есейген сайын қолғанат бола бастаған еді. Осы құлыны өзіне серік болып, қасынан бір елі шықпай, томпаңдап жүрген соң, Айша шешей жалғыздықты біржола ұмытып кеткен еді.
Бұл кезде ойына не түскенін кім білсін, Әлима аяқ астынан сабынша бұзылып, Асанға әлек салуға айналған.
– Оразбекті  ауылдан алып келемін. Ауылдың қарасирақ балаларына қосылып, ертеден қара кешке дейін кір-қожалақ болып сартылдап жүр. Ештеңеден хабары болмаған соң, ертең оқуға барғанда миына түк кірмей, жетесіз болып өседі. Оның үстіне апам да еркелетіп жіберіпті. «Жынды баладан ерке бала жаман» деген. Анада бір барғанымда бетінен сүймек болып едім, «үстіңнен жаман иіс шығады», – деп қашып кетті. Ал, қалада жүрсе, жақсы-жаманды көріп, ой-өрісі кеңейіп өсер еді.
–Апам даңғарадай үйде жалғыз қала ма?
– Ол не дегенің, анаң бұған дейін де жалғыз тұрмап па еді? Осы күндері жалғыз тұрып жатқандар аз ба? Екінің бірі сондай емес пе? Жиі барып, шаруасына көмектесіп, керек-жарағын апарып беріп тұрамыз.
–Ауылда оқып-ақ жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп едік.
Асан ойлы көзімен келіншегіне қарап, жақтырмаған кейіп танытты.
–Асан, сен қызықсың, мына бүгінгі заманда ғылым мен техника қарыштап өсіп жатқаны анау. Ол уақыт пен бұл уақытты, бүгінгі мен ертеңгіні қалай салыстырасың. Өмір көшінен бір сәт те кейін қалуға болмайды. Заман осыны талап етіп отырған жоқ па!..
Миын шағып, күнде құлағынын түбінен ызыңдап мазалай берген соң:
–Басымды  қатырып болмадың ғой, өзің білші, – деді күйеуі. Асанның осыны айтуы мұң екен, келіншегі сол күні ауылға аттанды.
– Әлима, жаным-ай! Оразбекті бауырымнан шынымен айырып, қу шаңырақта қуратып, жалғыз тастап кеткендерің бе! Не жаздым, Аллам-ай, қалай жер басып, күн көріп, жан сақтаймын. Күш-қуатымнан айырылып, жер таянып, қарға адым мұң болған шағымда, мұндай күй кешем деп ойлап па едім. Таңды қалай атқызып, күнді қалай батырамын, сорым қайнап сорладым ғой, құдайым-ай, қайтейін! Тар құрсағымды жарып шыққан жалғызым, Асаным-ай! Сені жеткізіп, ел қатарына қосып, қызығыңды көрсем деп армандаған қайран басым. Ең болмаса бауырыма басқан Оразбекті де қимағандарың ғой. Бүйтетіндерің болғанда, әу баста неге әкеп бердіңдер! Құлындарым-ай, қайтейін – деп, аңыраған қарт ана буынын баса алмай, босағаны құшақтап зарлап қала берді.
Әлима болса, оның зарлы үнін естімеуге тырысып, Оразбектің жер тепкілеп жылаған еркіне қоймай, түйгіштеп, дедектетіп ала жөнелді. Ал, немеренің:
–Бармаймын. Әжемді  тастап кетпеймін. Бәрібір саған бала болмаймын. Босатшы, әжеме барамын! – деп шырылдаған дауысы анадайдан естіліп бара жатты…
    
Айса ХАМЗЕҰЛЫ,
    педагог-жазушы.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар