Мәлік Ғабдуллин – 100 Ер есімі – ел есінде

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинің туғанына 100 жыл толуына орай, облыс орталығында ардагерлер мен жастардың кездесуі болды.

Бұл игі шараны облыстық ардагерлер кеңесі мен Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин мұражайының ұжымы бірлесіп ұйымдастырды. «Отансүйгіштік – аталар аманаты» деген тақырыппен өткен жиынға соғыс және тыл ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері мен Көкшетау техникалық институтының курсанттары қатысты. Тағылымы мол бұл кездесуді аталған мұражайдың ғылыми қызметкері Қуаныш Оспанов жүргізіп, көпшіліктің назарына даңқты бабамыз Мәлік жайында кеңестік дәуірде түсірілген бейнефильмді ұсынса, соғысты өз көздерімен көрген ардагерлердің де естелікке толы әңгімелерін  жиналған қауым ұйып тыңдады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Елдес Қоңыров еліміздің тәуелсіздігі мәңгі жасап, соғыстың ешқашан қайталанбауын тілесе, тыл еңбеккері, ардагер журналист Айдархан Темірбаев жастарды жемқорлық, ұрлық, темекі сынды жаман әдеттерден аулақ болуға,  Жеңісті жақындатқан аталарынан үлгі алуға шақырды.  
Айта кетейік, биыл батырдың мерейтойына арналған іс-шаралар бірінен соң бірі өткізіліп жатыр. Үстіміздегі айдың он жетісі күні облыс орталығына іргелес жатқан Краснояр селосында Мәлік Ғабдуллиннің туғанына ғасыр толуына орай ат жарыс ұйымдастырылса, тамыздың жиырма бірі Зерендіде де қалың елді қамтитын той өтпек.   

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар