Ұстаз – жас ұрпаққа білім беруде шешуші тұлға

«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесіне облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, сөз сөйледі. Келелі жиын барысында сала алдында тұрған негізгі міндеттер, оны шешу тетіктері талқыланды. Кеңеске Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдин, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық білім бөлімдерінің басшылары, сала ардагерлері және  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

  Тамыз кеңесінде облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова өткен оқу жылының қорытындылары және жаңа оқу жылындағы міндеттер туралы баяндама жасады. Ондағы мәліметтерге қарағанда, соңғы үш жылда жоғары және бірінші санатты ұстаздардың үлесі артқан.  Білім мен тәрбие беруде мемлекеттік-жеке- меншік әріптестік біршама жолға қойылған. Алайда, Астрахан, Бұланды, Есіл, Ерейментау, Жақсы, Жарқайың, Сандықтау аудандарында бұл жұмысты ширата түскен абзал.  Соңғы оқу жылында бала бақшаға деген халық сұранысының сегіз пайызға өсуі   соған үндейді.  Осы орайда, бүгінде аймақта 26 мың баланың кезекте тұрғанын атап өткен жөн. 2020 жылға дейін облыс бұл тұрғыдағы мұқтаждықты толық өтеуді көздеп отыр. Салалық министрлік «Балбөбек», «Қайнар», «Алғашқы қадам» бағдарламаларын  жаңғыртуды бастап кетті. Қазір оқу-әдістемелік кешен әзірленіп, бала дамуының басты критерийлерін өлшеу индикаторлары жасалуда. Мектепке дейінгі тәрбиенің барлық санаттарына арналған типтік бағдарламаны сынақтан өткізуге  облыста алты бала бақша сынақ алаңы ретінде таңдалып алынды. Дегенмен, аталған салада кадр тапшылығы айқын сезілуде.  Бұл кедергіні жою мақсатында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бөлінер гранттар санын арттыру межеленген. «Балапан» бағдарламасы аясында  мамандарды курстық қайта даярлықтан өткізу жоспарлануда.
Биылғы оқу процесі осыдан үш жыл бұрын бекітілген жалпы білім берудің мемлекеттік стандарты негізінде  және 2013 жылдың оқу бағдарламалары бо-йынша жүргізіледі. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан 12 жылдық білім берудің бастауыш сыныптағы жаңа стандарты сынақтан өте бастайды. Былтырғы оқу жылында біздегі оқушылардың үлгерімі жоғарылаған. Ұлттық бірыңғай тестілеуден Көкшетау қаласы мен Аршалы, Ақкөл, Астрахан, Атбасар аудандарының оқушылары үздік нәтижелер көрсетті. Осылайша, облыстағы орташа балл 78,24 болып отыр. Бір өкініштісі сол, он бір өңірдің ҰБТ нәтижелері осы орташа балдан да төмен деңгейде. «Алтын белгіден» үміткер 184 шәкірттің тек 84-і ғана өз білімдерін жауапты сында дәлелдеп бере алған. Біздегі орташа балл былтырғыдан төмен дегенімізбен, алты пән бойынша көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған.
Білім бойынша жетістіктерді ішкі бағалау нәтижесінде аймақ республикада үздік үштікке еніп отыр. Жыл сайын облыста ұйымдастырылып тұратын интеллектуалдық олимпиадалар нәтижесінде шын дарындар анықталып жатыр. Өткен жылы 47 оқушымыздың республикалық олимпиадалардан қанжығалары майланып қайтса, 25 шәкіртіміз халықаралық ғылыми жобалар байқауларында үздіктер қатарынан көрінді. Өңірдегі қосымша білім беру нысандарының саны да артып келеді.  Бізде тұрақты жұмыс істейтін үйірмелер мен спорттық секцияларға баратын оқушылар саны  21 пайызға артып отыр. Тиісінше, «Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымы мүшелерінің қатары да көбейіп келеді.  Бұған қоса, аймақтағы 121 патриоттық клубтың  жұмысы жеткіншектерді отансүйгіштік пен қазақстандық патриотизмге баулуға бағытталып отыр. Мектеп оқушыларының демалысын ұйымдастырып, оларды сауықтыру көрсеткіші тоқсан па-йыздан жоғары.
Облыста 5380 мүмкіндігі шектеулі және 2269 мүгедек бала бар. Оларға жалпы көзқарас емес, өзгеше қарым-қатынастың қажеттігі белгілі. Былтыр аймақта 1652 бала  инклюзивтік біліммен қамтылды. Биылғы жыл жоспары бойынша өңірдегі мектептердің отыз пайызы инклюзивтік оқытуға жағдай жасауға тиіс.  Бір қуантарлығы, балалар үйлерінде  2008 жылы мыңға жуық жетім бала болса, қазір олардың саны екі есеге қысқарып отыр. Шағын кешенді мектептер мәселесі аймақта өзектілігін жойған жоқ. Себебі, біздегі мектептердің жетпіс пайызы осы санатқа жатады.  Аталған проблеманы жою үшін ресурстық орталықтар саналатын тірек мектептерде оқу процесін жүргізу көзделуде.  Облыстағы осындай  42 шағын кешенді мектеп осындай 14 білім нысанына бекітілген. Әлі Астрахан, Еңбекшілдер, Зеренді, Қорғалжын аудандарында ресурстық орталықтар ашу жоспарлануда. Мектептерді жаңа модефикациядағы кабинеттермен қамту 53,3 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіштің ойдағыдай болмауына жергілікті биліктің қажетті қаражатты толық көлемде бөле алмай отырғандығы дәлел көрінеді.  Целиноград, Атбасар, Зеренді, Астрахан аудандарында бұл тұрғыдан алға жылжу байқалмайды.
Жаңа мектептердің құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен үш миллиардтан астам қаражат бөлінген. Тағы 41 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Әйткенмен, аймақтағы соңғы үш жылда мектептердің тек үш пайызының ғана күрделі жөндеуден өткендігі көңіл қуанта қоймайды. Дегенмен, «Темірлан», «Родина», «Мәншүк», «К-Дорстрой», «Потавское 2» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің білім нысандарын қалыпты деңгейде ұстауға қол ұшын созып отырғандықтарын атап өткен абзал. Техникалық және кәсіптік білім саласында 41 нысан жұмыс істесе, оларда бүгінде 22 мыңнан астам оқушы оқып жатыр. Орта арнаулы оқу ошақтары 94 мамандық, 139 біліктілік бойынша кадр даярлап, еңбек нарығындағы қажеттілікті өтеуге септесуде. Жұмысшы мамандарды даярлауға бөлінер мемлекеттік тапсырыс саны жылдан-жылға артып келеді.   «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында 24 колледжде сұранысқа ие мамандар оқып жатыр.  Кәсіптік білім мекемелері шетелдік әріптестерімен өзара байланысты да жолға қойып, салада қол жеткізген толағай табыс-тарын еселеуге мүдделі.
–Мемлекет басшысы мен Білім және ғылым министрлігі біздің алдымызға қойып отырған келелі міндеттер тек білім саласының ғана емес, жалпы, ел дамуында айрықша маңызға ие. Біз зор нәтижеге қол жеткізу бағытында бар күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз, – деді Балым Ізбасарова сөзін қорытындылай келе.
Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан Щучинск қаласындағы жоғары техникалық мектептің математика пәнінің оқытушысы  Александр Семкин болашақ техник мамандарды математикалық модельдеуге оқытудың олардың кәсіби даярлықтарын жетілдіруде таптырмас құрал екендігін айтты.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жолға қойған Шортанды ауданының Дамса ауылындағы «Тимакс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Галина Мясникова өзінің бөбекжай-бала бақша ашу тәжірибесімен бөлісті. Ол алдымен, елді мекенде ұзақ жылдар бойы қаңырап бос тұрған ғимаратты жалға алып, онда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Кейін қажетті жабдықтармен қамтып, «Радуга» бақшасын ашады. Қазір мұнда тек сол ауылдың ғана емес, көрші ауылдардың да балалары тәрбиеленуде.
Үш тілде оқытуды қолдаған Көкшетау қаласындағы №3 мектеп-гимназиясының директоры Айнагүл Балташева бүгінде жаратылыстану бағытындағы бірнеше пәннің ағылшын тілінде беріліп жатқандығын жеткізді. Мектептің үш түлегі АҚШ-та білім алу мүмкіндігіне ие болған. Облыс орталығындағы балалар көркемсурет мектебінің директоры Юлия Желобкова өз баяндамасында қосымша білім беру бағдарламасы жөнінде әңгіме қозғады. Оның сөзіне жүгінсек,  аталмыш жоба оқушыларды бейресми түрде оқыту мәселелерін қамтиды. Айта кетерлігі, мұнда балалар оқу бағдарламасын өздерінің қызығушылықтарына қарай таңдай алады. Мекеме басшысы өз сөзінде мектеп қабырғасында тәлім алған түлектерімен мақтанатындығын алға тартты. Мәселен, мүсінші Ринат Әбенов – Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек, генерал Панфилов ескерткіштерінің авторы. Келесі болып жарыссөзге шыққан республикалық ата-аналар қоғамдастығының мүшесі, Степногорск қаласындағы ата-аналар комитетінің төрағасы Ахат Қапезов  отбасылық тәрбиенің қоғамдағы маңызына тоқталып, бүгінгі таңдағы толғандырып отырған мәселелер хақында өзінің көзқарасын білдірді. Ата-ана қоғамға кереғар қылық жасамайтын азаматты тәрбиелеуі қажет. Бұл ретте, жанұяға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Себебі, бұл жаһандық түйткілді мәселеге айналып кетуі мүмкін. Кейбір ата-аналар ең бірінші баланың бұзықтығына ұстаздарды кінәлайды. Бірақ, мәселенің мәнісі үйдегі тәрбиемен тығыз байланысты екенін мойындайтындар шамалы. Тек ата-ана  мен ұстаз қоян-қолтық әрекет жасағанда ғана  ізетті, қайырымды, білімді бала қалыптасады.
Елбасының тапсырмасы бойынша ұлттық білім беру жұмысы жыл сайын жетілдірілуде. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің директоры Дана Қаленова айтты. Ол біздің ең басты мақсатымыз білім беру жүйесін халықаралық стандарттарға жақындату екенін сөз етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы  сол белгілеген межеге жетуге көмектесетін үлкен жоба.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы саланы қаржыландыру көлемінің жылдан-жылға артып отырғандығын алға тартты. Мәселен, 2008 жылы облыстағы білім беру жүйесіне 21 миллиард теңге бөлінген болса, былтырғы оқу жылында 46 миллиард теңге бағытталып отыр. Бірақ, барлық оқу ордаларының жағдайын бір мезетте жақсартып тастауға мемлекеттік бюджеттің мұршасы жетпеуі мүмкін. Бұл бағытта жеке шаруашылық субъектілерімен бірлескен жұмысты жолға қою қажет.  Бүгінгі ақмолалық ұстаздардың қолында 105 мыңнан астам оқушы, 22 мыңнан астам колледж шәкірттері және жоғары оқу орындарының студенттері бар.  Бұл – аса бағалы армия. Кез-келген нәрсеге сенгіш, көнгіш келетін оларды әртүрлі бағытқа бұрып жіберу қиын емес. Сондықтан, әсіресе, педагогтар қауымының мұқият болғаны жөн. Себебі, оқушыны мұғалімнен артық білетін адам жоқ. Олардың әрбірінің мінез-құлқы мен қандай іспен  айналысып жүргендігі соларға аян.  Немқұрайлылық танытпай, қажет болған жағдайда күмән тудырған жайттарды тиісті орындарға хабарлап отыру керек.  Жас шәкірттердің бос уақыттарын дұрыс ұйымдастыру маңызды. Өңір басшысы өз сөзінде облыстағы ҰБТ-ның орташа балына көңілінің толмайтындығын жеткізіп, оны жақсарту бағытында кешенді шараларды қолға алу қажеттігін айтты. «Жалпы, осы тестілеу жүйесіне қатысты көзқарасты түбегейлі өзгерткен дұрыс. Оқушы ҰБТ тапсыруға барғанда соңғы қадамын жасауға аттанғандай күйге түспеуі керек. Өзара түсіністікке негізделген жайбарақат қалыпта өтер болса, ол емтиханнан күтер нәтижеміз де жақсы болмақ. Осыған назар аудару қажет», – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Ол аралас мектептерге қатысты пікірін де жеткізді. «Смешанный» мектептерге интонацияны басқаша түсірер болсақ, ол «смешнойға»  айналады. Біздің білім ордалары осының кебін киіп келеді. Сондықтан да, сабақтар бір тілде жүргізілуі қажет. Қазақ мектептерін көптеп ашқан дұрыс. Бірақ, бұл өзге ұлт өкілдерінің құқықтарын шектеу деген сөз емес. Әр жағдайды жеке қарауға тиіспіз. Мұндай кірпияз мәселеде жалпы және үзілді-кесілді көзқарас ұлт бірлігіне сызат түсіруі мүмкін. Бүгінгі мұғалім  саяси сауатты болып, елде болып жатқан басты экономикалық жаңалықтарды біліп отыруға тиіс.  Аймақ басшысы қазіргі теңге бағамына  байланысты да өз ойын ортаға салды.
–Біз толықтай долларға тәуелді мемлекетте өмір сүріп жатқан жоқпыз.  Күнделікті тұтынатын азық-түліктің бәрі өзімізде өндіріледі.  Тек  электроника тауарларының бағасында өсімнің байқалуы мүмкін. Бұл өмір ғой.   Солай екен деп, халықты даурықтыруға әсте болмайды.  Бізде облыста бағаны бақылауда ұстайтын штаб құрылды. Бұл бағытта өздеріңіздің көмектеріңіз керек. Сіздер – халық сенетін мықты насихатшыларсыздар.  Бұдан да қиын жағдайлардан өттік емес пе? Міне, ел еңсесін көтеріп, сағын сындырмауға, осыны жалпақ жұртқа дұрыс жеткізуге атсалысуларыңыз қажет, – деді Сергей Кулагин.
Облыс әкімі өңір педагогтарын алда келе жатқан Білім күнімен құттықтап, олардың жұмыстарына –  табыс, жеке бастарына – денсаулық тіледі, үздік ұстаздарды марапаттады. Ақкөл балалар үйіне мектептерге балаларды тасымалдауға төрт автобус берілді. Жиын соңында нақтылы ұсынымдар қабылданып, жаңа оқу жылының негізгі басымдылықтары айқындалды. Шараға келгендер біздегі білім саласының жеткен жетістіктерін көрсетер көрмені тамашалай алды.  Келелі кеңес концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Перизат БӨЛЕКОВА,
Ырысгүл АШУОВА,

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар