Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту бүгінгідей алмағайып заманда бізге ауадай қажет еді.
Әуелі патша өкіметінің отарында, кейін Кеңес Одағының құрамында болған бір кездегі солақай саясаттың салдарынан тарихымыз сұйылып кеткен болатын. Көп жерде бізді кеше ғана пайда болған ұлт ретінде қарастырды. Көбіне көшпенді деп білді. Олардың ұғымында бұл «жабайы» деген түсінікпен пара-пар. Солардың ішінде көшпенділердің де өз салт-дәстүрі, мәдениеті мен ауыз әдебиетінің болғандығын ескеріп жатқандары шамалы еді.
Міне, мұның өзі олай еместігін, біз де өз тағылымды тарихы, даму жолы бар іргелі ел екенімізді айдай әлемге паш етудің қолайлы бір мүмкіндігі осы тұс, яғни, қазақ хандығының 550 жылдығының бүкіл елімізде кең көлемде тойлануы. Бүгін біз сол үлкен деңгейге көтеріліп отырмыз.
Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада осы мерейтой аясында сөйлеген тамаша сөзі, онда қазақтың терең тарихы, ұлт ретіндегі болмыс-бітімі, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өсіп-өркендеу жолы, бәрі-бәрін орын-орнына нық қойып беруі болашаққа бастар асуымыздың одан әрі де баянды бола түсерінің айқын кепілі десек, артық айтқандығымыз емес. Өзіміз білгізбесек, өзіміз паш етпесек, баға жетпес қазына тарихымызды ешкім де түгендеп бермейді. Сондықтан, барымызды бар деп, осылай дәлелдеп отырғанымыз өте құптарлық. Бұл той түптеп келгенде бүгінгі ұлттық идеямыздың өміршеңдігіне қызмет етеді. Хандық дегеннің өзі алғашқы мемлекеттік құрылымның бастау көзі ғой. Әлемнің кей мемлекеттері әлі күнге осы сияқты ел билеу институтымен отырғаны белгілі.
Біздің басты бақытымыз ер Жәнібек пен Керейдің сол тұста қазақ хандығының негізін қалауы. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – соның заңды мұрагері. Ал, қай уақытта, қай заманда да, мұрагердің арқалаған жүгінің жеңіл болмайтындығы белгілі. Соған келсек, біздің мойнымызда да жауапкершілік жүгі өте зор. Ол – ата-бабаларымыз сол аумалы-төкпелі кезеңде негізін қалап кеткен тәуелсіз қазақ елін одан сайын өркендетіп, Мәңгілік елге айналдыру. Бұл туралы Елбасы да салтанатты жиналыста тереңдете айтты.
Жастарға, олардың күш-жігері мен біліміне көбірек арқа сүйеуге тура келетін қазіргі заманда біздің жоғары оқу орнына да жүктеліп отырған міндет жүгі аз емес. Университет қабырғасында білікті мамандар даярлаумен бірге, әр жастың бойында ұлтжандылық сезімін қалыптастыру да абыройлы парыз. Сондай жұмыстардың бір парасын Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралармен үндес іске асырып жатырмыз. Ендігі жерде Алаштың әр баласы өз ұлты, өз елінің тарихы әріде жатқанын жақсы білетін болды. Ал, мұның өзі біздің де ұлт ретінде өскеніміз, тарих тұғырымен биіктегеніміз. Ендеше осыдан артық қандай мерей керек!
Әбдімүтәлләп ӘБЖАППАРОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры,
техника ғылымдарының докторы.