Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Орындалған бабалар аманаты - АРҚА АЖАРЫ

Орындалған бабалар аманаты

Назарбаев университетінде өткен «Мәңгілік ел» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына әлемнің 22 елінен келген ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен дипломатиялық миссия өкілдері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері,  мәдениет және өнер қайраткерлері, елдегі саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, отандық тарихшылар ұлт тарихына қатысты жаңа көзқарастағы тың деректерді ортаға салды.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзін оқыды.  Елбасы өз құттықтауында хандық тойын кең көлемде атап өтудің өзі бір шаңырақ астында өзара келісімде өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтың бірлігін көрсететінін атап өткен. «Біз өткенімізді мақтан тұтамыз және ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдыра отырып, олардың асыл мұраларын қастерлейміз. «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы тарихи сананың берік іргетасына сүйенеді. Бұл – қазақстандық патриотизмнің маңызды қыры.  Қазақстандық тарихшылардың Қазақ хандығы құрылуының, қалыптасуы мен дамуының тарихи үдерісіне,  халқымыздың тарихи жолына терең талдау жасап, зерттеу жұмыстарын жалғастыра беруі маңызды» делінген құттықтауда.
Конференцияда Әзербайжан, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Үндістан, Испания, Италия, Қырғыз,  Беларусь Республикалары, Қытай, Тәжікстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Швейцарияның тарих мәселелерін зерттейтін ірі ғалым-зерттеушілері еліміздің өткеніне қатысты өз ойларын ортаға салып жатты.  Алдымен, сөз алған Ресей Ғылым академиясы Жалпы тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Ирина Коновалова көшпелі мәдениетті ұстанған халқымыздың әлемдік тарих сахнасындағы орнына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет көктен түсе қалатын дүние емес, оны құру аса ыждаһаттылықты талап етеді.  Қазақ хандығына келер болсақ, өзіне дейінгі мемлекеттердің заңды мұрагері ғана емес, дәл осы сәтте «қазақ» деген этноним пайда болды. Хандық тарихы осынысымен де құнды. Доктор Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа да тоқталмай кеткен жоқ. «Тарихқа әркім өз саясатына сай баға береді. Дегенмен, өткеніміз қандай болғанымен, бір мәселе айқын. Ол – осы екі халықтың арасындағы қазіргі достық. Ендігі біздің міндет – соны ғұмырлы ету болуы керек», – деді ол өз сөзінде.
Ал, Франциядағы Шығыс тілдері және өркениеттері ұлттық институтының тарихшысы Катрин Пуольдің айтуына қарағанда, қазақ тарихы өзгелерден күштілігі, тереңдігімен ерекшеленеді. Саяси қуғын-сүргін, аштық-нәубетке қарамастан, бұл Ұлы Даладағы негізгі ресурстар қаз-қалпында сақталды. Ол материалдық, һәм рухани құндылықтар. Осы орайда, ұлтымызды өзгелерден бөлектеп тұратын 12 факторды атап өтуге болады. Батыстық ғалым олардың қатарына прагмотизм, сайын далада көшіп-қону жеңілдігі, қонақжайлылық, жоғары мәдениеттілік, өмір сүрудегі табиғи экономика, жайлау, қыстаудың болуы, экологиялық, гендерлік тепе-теңдіктің сақталуы, адам өмірінің құнын, нарқын, парқын білу, халық мұратының бірегейлігі, қиын-қыстау кезеңдерден бірлесе өту, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет таныту, тарихи орындардың көп болуы сияқты басты-басты айырым белгілерді алға тартты. Тарихи орындар жайына келгенде ол Париж маңында барлық корольдер жерленген зираттың барын, бомба тасталып, не басқа да табиғи апат салдарынан ол жойылып кетіп жатса, бар тарихтың көмескіленетінін айтты. Ал, қазақ жері олай емес. Оның әр тау-тас, өзен-көлін атай қалсаң, тұнған тарих тереңінен сыр шерте жөнеледі.
Жалпы саны 1500-ден астам адам қатысқан конференция жұмысы пленарлық отырыстан кейін «Қазақ хандығы және Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идея-сы», «Қазақ хандығынан Қазақстан Республикасына дейін: тың деректер, жаңа тұжырымдамалар», «Қазақ құқығы мен билер сотының әлем өркениетіндігі орны», «Ұлы даланың өшпес тарихы» сияқты  секция-лар бойынша өз жалғасын тапты. Онда да есімдері елге белгілі тарихшылар мен шетелдік ғалымдар кесек-кесек ойларды ортаға салып жатты.  Мәселен, Мемлекеттік Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібеков Ұлы Дала мемлекетінің бағзы замандардан өз тарихы мен салт-дәстүрі, мәдениетінің болғанын алға тартты.  Осы атырапты мекендеген әр ру-тайпаның өзіне тән таңбалары бар еді.  Ертіс, Қаратал бойынан табылған таңбалы тастар міне, соның дәлелі. Көшпенділер паналаған киіз үйдің өзінің үш мың жылдық тарихының бары бүгінде дәлелденіп отыр. Келесі кезекте бүгінгі Қазақстандағы қазақ тілінің дамуы жайлы Германиядағы Гиссен университетінің түркология профессоры Марк Кирхнердің баяндамасы тыңдалды. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін ол  қазақ тілін батыста үйренгендігін тілге тиек етіп, қазірдің өзінде Еуропаның Шығысынан Қытайға дейінгі алқапта қазақ тілінің кең қолданыс тауып отырғандығын жеткізді. Ал, еліміздегі көптілділік қауіп-қатер ретінде қарастырылмайды.  Дегенмен, латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастаманың соңғы уақытта жиі айтыла бастағаны жасырын емес.  Шығыстанушы осы істі өзінің қолдамайтындығын атап өтті. Біріншіден, бұл қадам қазақ тілінің  қолданыс аясын кеңейтуге айтарлықтай кедергі жасаса, екіншіден, орыс тілін қазақ тілімен бұдан да бақталас етіп, халық арасында аласапыран тудыруы мүмкін.
Осы орайда, Өзбекстан Республикасындағы Ресей ынтымақтастығы өкілдігінің басшысы Виктор Шулика Ұлы Дала ұлдарының батылдығы мен батырлығы жөнінде сөз қозғады. Қазақ қоғамында қандай да бір әскери мақсаттарға негізделген ресми армия болмағанымен,  хандардың қашанда өз нөкерлері болған. Халқымыздың әрбір саналы ұлы Отанды қорғауды өзінің қасиетті борышы деп білген. Хан жоғарғы қолбасшы болып есептелген. Бір айта кететін жайт, қазақ – жай жатқан ел. Ешкімге баса көктеп кіріп, басқаның шаңырағын ортасына түсіруді ешқашан мұрат тұтқан емес. Жүз томдық «Бабалар сөзін» құрастырған, ұлт фольклорын жинақтауға сүбелі үлес қосқан ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі,  филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов кеңестік кезеңде түзеп, күзеп жариялап жүрген ауыз әдебиеті мұраларын қаз-қалпында оқырманға жеткізу мүмкіндігінің тек егемендік алғаннан кейінгі кезеңде ғана  туғанын алға тартты. Жаһандану процесіне кірігуге ұмтылған еліміз басқалармен бірігу арқылы батыстық тобырлық мәдениеттің ықпалына тап болды. Міне, осы  мәдениетсіздену қаупінен ұлтты аман алып қалу үшін араға сөз құдіретін салуға тура келді. Фольк-лор түгелдене бастады. «Бабалар сөзінде» ондаған емес, мыңдаған жылдық тарих жатыр. Егемендік жылдары бұрын жариялауға үзілді-кесілді тыйым салынған мифтер мен діни шығармалар жарыққа шықты. Аталған жүз томдықтың 28 томын батырлар жыры құрайды. Академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім Ұлы Дала құндылықтары мен сана тәуелсіздігі жайында әңгіме өрбітті. Оның айтуы-нша, мемлекеттің іргетасы – идея.  Біздің еліміздің  құрылуына да осы идея түрткі болды. Бір еске саларлық жайт – Қазақ хандығы деген мемлекетті басқару формасы ғана. Ал, мемлекетіміздің атауы – Қазақ Ордасы. «Ру тартысы болды, соның нәтижесінде Жәнібек пен Керей бөлініп шықты»  деген ұстаным қате. Бұл  тек қосымша фактор болды. Олар  Ақ Орданы қалпына келтіруге талпынды. Осы жолдағы біріктіруші идея – «қазақ» еді. Басқа бір ру атауымен аталса, ондай мемлекетке өзге тайпалардың келіп қосылуы екіталай болатын. Сондықтан, нағыз сақ, қазақ мемлекетін құру басты ұстанымға айналды. Ұлтымыздың «Алаш» деген ұраны болған. Ал, Жерұйық – негізгі идеология саналды. Қалай десек те, Қазақ елі ұлы мұраттардан туған мемлекет. Оның бүгінгі заңды мұрагері – тәуелсіз Қазақстан. Міне, сондықтан да, біз ұлымыз. Себебі, ұлы халықтың ұрпағы, Ұлы Даланың перзенттеріміз.  
Сонымен, елордамыздағы досымыз сүйсініп, халқымыз шаттанған Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Ұлы той өз мәресіне жетті. Ендігі мақсат тек өткенімізбен мақтанумен шектеліп қалмай, әлемдегі қарқынды дамыған 30 елдің қатарынан нық орын алу тұрғысындағы мақсатымызға жету жолында аянбай еңбек ету, береке-бірлігімізді нығайта түсуге ұмтылу. Сонда ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіміз баянды, халқымыз бақытты болады.
Бүгінгі егемен елдің азаматтары осыны, халқымыздың тағылымды тарихының барын  естен шығармауға тиіс. Қазақ елінің Туының тұғырдан түспеуіне жауапты – бүгінгі келер ұрпақ. Ендеше, мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған жұртымыздың келешегі кемел болғай демекпіз. Елдік тойы, рух тойы баршамызға қайырлы, құтты болсын.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар