Ерлік пен елдіктің шежіресін шерткен

Ел еркіндігі мен азаттығы жолында құрбан болған талай-талай ұлт батырлары мен көсемдерінің, билері мен шешендерінің ғибратты істерін, ел бірлігі мен жер тұтастығын сақтау мен мемлекет іргесін нығайтуға атсалысқан қазақ хандарының күрестерін шынайы көрсетіп, әр дәуірдегі халықтық жиһаттарға әділ баға берген тарихшы-жазушы, салиқалы суреткер Ілияс Есенберлин ел таныған, қазақты әлемге танытқан талантты жазушы екендігінде дау жоқ.

Талай өмір наласын басынан өткізіп, заман қыспақтарының дәмін татса да, ол ұлтының ұлық істерін, тарихи болмысын өз шындығымен, өз ақиқатымен айтудан тайынбай, тайсалмай кеткен табанды тұлға еді.
Бір кезде халқының әдеби, мәдени, руханият ортасында өзінің лайықты орнын ала алмай құса болып жүрсе де, Ілияс Есенберлин кейін өзін жоғары көтеріп, мадақтап, марапаттауға мәжбүрлеген, талантын мойындатқан халық жазушысына айналды. Мен бұл пікірді өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басы мен орта тұстарында-ақ, кейбір топтар мен жазушылар арасында аракідік екіұдай пікірлер қалыптасып қалатын кезде де айтып, жазғанмын. Өйткені, сол тұста қалың оқырманның Ілияс Есенберлин шығармашылығына, әсіресе, оның тарихи тақырыптағы кітаптарына әбден ден қойып, құныға, қызыға оқитындарына көзіміз жеткен-ді.
Әлі есімде, Алматының «Жазушы» баспасынан 1971 жылы, осыдан тура 44 жыл бұрын Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» атты тарихи романы жарық көрді. Бес жылдан соң, 1976 жылы «Көшпенділер» атты («Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар») тарихи трилогия-сы шықты. Бұлар қазақтың хандық дәуірлеріндегі тарихи ұлы кезеңдерінің болмысын шынайы көрсетуге қалам ұшымен салынған алғашқы түрен болатын. Бұлар заңғар жазушының ежелгі арманының орындалуы еді.  Баспадан шыққан «Алмас қылышқа» осыдан 44 жыл бұрын, 1972 жылы алғашқылардың бірі болып пікір жазғанымды күні осы уақытқа дейін мақтаныш етемін. Қуана, сүйсіне, толқи отырып жазған пікір-жазбаларымды сол жылы туған, қазір қырықтарды орталап қалған бүгінгі зерделі оқырманға ұсынып, биыл 100 жылдығын атап отырған жерлесіміз, ғұлама жазушы Ілияс Есенберлиннің есімін асқақтатуды жөн көрдім. Бұл менің дарынды жазушының рухына тағзым етуімнің бір белгісі болар  деп ойлаймын.

 

 

«Алмас қылыш» романы хақында

Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті де қаламы жүйрік, кең алымды жазушыларымыздың бірі – Ілияс Есенберлиннің шығармашылық лабораториясынан «Айқас», «Ғашықтар», «Қаһар», «Қатерлі күндер», «Алтын құс» сияқты кесек-кесек романдар туып, бүгінгі талғамды оқушы қауымның жүрегіне бұдан бұрын жол тапқан-ды. Оның зергерлік оймен, шалқар шабытпен кестелер сөз өнеріне жұртшылығымыздың бауыр басып, жазушының жаңа туындыларын тағатсыз күтетіні сондықтан. Бүгінгі оқырман мына қолымызда отырған «Алмас қылыш» романынан да етене жақын танымал автордың көркемсөз таңбасын сабырмен оқып, санасына құятыны хақ. Бұдан бұрын да тарихи тақырыптар бағытын барлаған талантты жазушы осы жолы ата-бабаларымыздың көне дәуіріне ыждаһатты көз тастайды. Сонау ХV ғасырда қазақ жұртшылығының дербес мемлекет болып қалыптасу жолындағы көзсіз күрестерін, аласапыран айқастарын көркем тілмен айшықтай жеткізеді.
Біз бұл шағын мақаламызда талантты жазушының дәуірлер тылсымына үңілген үлкен тарихи романына жан-жақты талдау жасап, толыққанды баға береміз деуден аулақпыз. Мақсат – жаңа кітапты рухани талғамды жұртшылығымызға кеңінен насихаттау, оның мазмұн желісінен мағлұмат бере отырып, құндылығын, әсерлілігін, тигізер пайдасын ашу.  Кітап «Ордадағы ойран» және «Алтын тұғыр» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Автор шиеленіскен күрестің, оқиға дамуының екі дәуірін осылайша екі бөлімге арқау еткен. Алайда, бұл екі бөлім бір-бірімен сабақтасып, үлкен бір идеяға бағынған. Ол – елдік жолындағы қиян-кескі ұзақ сонар ерлік күресі. Ел деп отырғанымыз – қазақ жұрты да, ту ғып ұстаған күресі – өз алдына шаңырақ көтеріп, дербес мемлекет болудағы оның ежелгі арманы. Міне, романдағы негізгі сюжет арқауы осылар.
Бірінші бөлімдегі ордадағы ойран Дешті-Қыпшақтың ханы Әбілқайырдың күйреу халіне жеткен кезінде басталады. Әбілқайыр – атақты әлем әміршісі атанған Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошының ұрпағы. Ескі «Соғды жерінен Еділге дейін, бүкіл Мауреннахрді, Қоңырат, Қыпшақ, Арғынды, Үйсін, Қаңлы, Найманды көшпелі Иран жеріне дейін билеп отырған атақты ханның Көк Ордасынан екі бірдей ел – Өзбек және Қазақ бөліне бастаған. Бұл Әбілқайырды қатты қобалжытады. Жастайынан қатыгез Әбілқайыр Шыңғыс аталарының өсиетін жаттап өскен. Алған бетінен қайтпайтын бір мінезді. Алайда, қол астындағы Жәнібек пен Керей сұлтандардың қыр көрсетуі ойлантпай қоймайды. Ол кезде жер дауы, жесір дауы, бақталастық, хан тағына мұра болу қоғам заңына айналған. Жазушы Шыңғыс ұрпақтарының – Жошы балаларының, Батухан, Шағатай ұрпақтарының ғасырлар белесіндегі қан жоса соғыстарын Ұлы Орда, Алтын Орда, кейін Көк Орда тақтары үшін қиян-кескі, қырық пышақ  болғандықтарын Әбілқайыр ойымен қызықты етіп баяндап отырады.
Әбілқайыр тұқымдарының іс-әрекеті, бабасы Шыңғысханның ұлы өсиеттері, оның төрт ұлы Жошы, Үгедей, Шағатай, Төле ұрпақтарының жорықтары деректерге сүйеніп пайымдалған. Қатыгез Әбілқайыр қанша ойлағанымен қамауда ұстап отырған бір қазақтың басына ажал ұрығын себе алмай қиналады. Ол кім еді? Ол жас Саян батыр. Атақты Қотан жыраудың жиені. Олар Қобыланды батырға еріп, Әбілқайырдың жауы Ормамбетке қарсы шығады. Жеңіске жетеді. Алайда, кейін астыртын уәде арқылы Саянға пәле жабылып, оның басын алуға үкім шығармақ болады. Мұнда көп себеп бар. Әбілқайырдың кіші қызы Гүлбаһрам патшайым әуелде Саянның нағашысы Ақжол биге тоқалдыққа берілмек болады. Ақжол – Қотан жыраудың баласы. Ал, Гүлбаһрам Саянды сүйеді. Бұл арада қара Қыпшақ Қобыланды да Гүлбаһрамға ғашық болады. Міне, олардың арасындағы үлкен тартыс осындай еді. Кейін қамауда ұсталған Саянды Әбілқайырдың өз тоқалы, атақты Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім құтқарып жіберген. Енді үлкен айқас басталады. Бұдан соң Ақжол би өлтіріледі. Сонымен, Әбілқайыр мен Жәнібек және Керейлер бастаған қалың қазақ елінің ала жібі үзіледі. Қазақтар Моғолстанға қарай үдере көшеді.
Міне, осы арқылы жазушы қоғамдық-әлеуметтік қайшылықтарды ашық көрсетеді. Үдере көшкен қалың ел Моғолстан хандығынан Шу, Талас, Сарысу, Бадам өзендерінің бойын жайлауға сұрап алады. Сөйтіп, бұлар біржолата бөлініп кетті. Нұраның Қаратұзының басында үш жүзге бөліну мәселесі шешіледі. Атақты қарт жырау Асанқайғы қырық руға таңба үлестіреді. «Нұраның таңбалысы» деген ат содан қалған екен. Алдымен қазақта хан болған Керей. Одан соң Жәнібекті хан көтереді. Сығанақ үшін ұрыста Жәнібек Мұхаммед-Шайбанидің Ақсофы деген батырының қолынан қаза табады. Бұл кезде Жәнібектің баласы Қасым 26 жаста еді. Енді кітаптың екінші бөлімі «Алтын тұғырда» негізгі шайқас, тартыс Әбілқайырдың немересі Мұхаммед-Шайбани мен Бұрындық, Қасымның арасында өрбиді.
Романдағы сюжет желісінің құрылымы, оқиғаның бірден шытырман өрбуі Саян батыр мен Гүлбаһрамның, Орақ жылқышы мен Аққозының арасындағы махаббаттарға көп байланысты. Бұл – автордың композиция құрудағы шеберлігі. Рас, ондай дау-дамай, жанжал, тартыс сол замандардың объективті халі. Оның құрбаны – адал жандар, ізгі ниеттер, дос жүректер, шынайы махаббаттар. Осы бір жағдайлар ғұлама жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында да кең қамтылған еді ғой. Мысалы, Қодар мен Қамқаның ауыр халі, Салиқа қыз дауы үлкен қақтығысқа апарып, достар мен дұшпандардың ара жігін ажыратпап па еді. Мұнда да солай.
Кітаптағы қазақ батырлары – Қаптағайдың да, Саянның да, Орақтың да, Қасымның да, Қарақожаның да патриоттық рухы басым. Жәнібек пен Керей салған бірігу, елдікті қорғау ұраны бәрінің ізгі мұратына айналған. Сол жолда құрбандықтар да көп болады. Алайда, олар өрбіп өседі. Саянның ұлы Аян, Қасымның ұлы Хақназар ел қорғаушылардың жаңа буыны. Жазушы кітаптың өн бойында біреудің жерін басып алу ерлік емес, қайта өз жеріңді өзгеден қорғай білу ерлік дегенді қағида, идея қазығы етеді. Патриот болу, елін, жерін, халқын, салт-дәстүрін сүю – парыз дейді. Кітаптың ең бір құнды жері – қыпшақтың жырауы Қазтуған мен Арғын жырауы Қотанның айтыс мазмұны. Бұл эпизодтар елдікті, ерлікті мадақтап, жырға қосқан дүлдүл жүйрік, күміс көмей ақындардың өз халқына деген шынайы махаббатын білдірсе керек. Әсіресе, Қотан жырауының:
«Қыран қанатын көкке қанша биік қақса да, тізіліп бірге ұша алмас, шаңқылдап  айбат етсе де, аққудай сыңсып ән сала алмас. Қыпшақ қыран болса егер, Арғын аққу көл көркі. Ұран салып, жау іздегеннен, ән шырқап, жар сүйгенді ұнатар. Ел айырар ұрыстан, бейбітшілік, елдікті, мұрат еткен бұл Арғын» деуі жалпы идеяның түйіні іспетті. Романда әр рулардың салт-дәстүрінен, тарихи адамдарынан көп мағлұмат аласың. Әсіресе, хандар есімі көп-ақ. Соларды шатастырмай, қисындап еске салу да шеберлік-ау. Мұның өзі әлде қалай зерттеушілерге де дайын дүниелер емес пе.
Шығарманы бастан аяқ түгел оқи отырып, оның қоғамдық әлеуметтік даму кезеңдеріндегі тарихи дәлме-дәл деректерден ауа жайылмай, қайта соларды топтастыра, толықтыра, реалистік көркем баяндалатынын қоштайсың. Бұл арада көрнекті жазушы өзінің тарихи терең білімдарлығымен, дүр шежірелілігімен, сарыла іздену, көп толғау, архив қазыналарын ақтара қотара тапқан шын дерек, байламды да шындыққа саятын болжамдарымен жинақтаған бай материалдарына әсер етерлік көркемдік нәр бергенін баса айту керек. Сонымен, «Алмас қылыш» романы біздің ойымызша тарихи тақырыпқа жазылған өз мәніндегі көркем туынды. Олай дейтініміз, мұнда әдеби көркемдік қасиеттерге сай келетін элементтер көп. Шығарманың шеберлік пен қиюласқан композициясы оқырман ойын бөлмей, бірден-бірге жетектей, ынтықтыра түседі. Екіншіден, жазушы қаламынан тартылған қою мазмұн айшықты тілмен мәнерленіп, ерекше бір тартымдылықпен баурап әкетеді. Үшіншіден, сол кездің салт-дәстүріне табысқан өмір полотносы шеберлікпен үйлесім тауып жатады. Осыған байланыс-ты әртүрлі тап өкілдерінің мінез кейпі, адамдардың характерлері жан-жақты ашылып, қимыл-қарекет үстінде, шиеленіс, қым-қуыт
тартыспен күрес үстінде сомдалып, айқындала береді. Жалпы көркемдік атаулыға еншілес дүниелер, образдылық монолог, типтік және ұлттық характерлер, авторлық баяндау мен топшылау, табиғат көріністері, оның адам іс-әрекеті мен байланысы, идея бірлігі – бәрі-бәрі үйлесім тауып жатады.
                                                                                              1972 жыл.
«Әдебиет – руханият қайнары». Бұл 2006 жылдың 24 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ әдебиеті»  газетіне берген тарихи сұхбатының (сұхбаттасқан Ұлықбек Есдәулет) тақырыбы. Мұнда егемен еліміздің әдебиет, мәдениет, руханият мәселелеріне, тәуелсіз еліміздің рухани даму, өркендеуіне, тарихымызға, әдебиетіміздің кешегі, бүгінгі, ертеңгі жайларына кең толғамды пікірлер білдіріліп, терең ойлар қозғалады.
Сұхбатта ұлттық рухымызды оятқан ұлы суреткер, ғұлама ғалым, тарихшы, көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин туралы тамаша-тамаша пайымды толғамдар айтылған. Жоғарыда естелік ретінде берілген менің пікір-жазбамнан кейін біраз жылдан соң ұлттың әдеби бас газетінде жарияланған осынау сұхбатты оқығаннан кейін Ілияс Есенберлин жайлы өзіміз мойындап келген көптеген тарихи шындықтарға көз жеткізгендей болғанбыз. Елбасының сардар жазушыны әуелден-ақ танып келгені, енді соны елге жария етіп айтуы кімді болсын толғандырмай, сүйсіндірмей қоймайды. Хас талант, халқымыздың көркем шежіресінің шайыры, еліміздің шынайы тарихына көзімізді ашқан заңғар жазушы Ілияс Есенберлин жайлы сол сұхбатта Н.Назарбаев ойлары мен пікірлері былай өріледі:
«Біздің ешкімнен кем емес, қайталанбас төлтума мәдениетіміз бен қатпарлы да қалтарысы көп қалың тарихы бар ел болғанымызды таразылау, танып-білу өзім жоғарыда атаған («Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» атты үш тарихи романдары) Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарынан алдымен арна тартқанын айтуым керек. Мен Ілияс ағамызбен әуелі шығармалары арқылы таныссам, кейін өзімен талай рет жүздесіп, әдебиет, тарих тақырыбында сан рет сұхбаттастым. Жалпы, менің қазақ тарихына деген қызығушылығымды қаузаған жазушы Ілияс Есенберлин мен оның қазақ тарихының ұлы кезеңдеріне арналған кесек-кесек туындылары болды десем артық айтқандық болмас».
Н.Назарбаев.    
Ең шынайы да әділ баға осындай-ақ болар. Тас жарған талантқа тағзым ету – бүгінгі ұрпақ парызы. Сол ұрпақ көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойын лайықты қарсы алып, туған жері Атбасарда мәңгілік ескерткіш орнатып, мәдени іс-шаралар ұйымдастыруда. Дарынды жазушы мұралары ел мәдениеті тарихынан ешқашан өшпейді.
Жұмабай ЕСЕКЕЕВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
ақын-жыршы, жазушы-журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар