Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәуірдің ұлы суреткері - АРҚА АЖАРЫ

Дәуірдің ұлы суреткері

 Киелі Атбасар жерінде халқымыздың біртуар перзенті, аса көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы ел көңілінен шығарлықтай жоғары деңгейде, бар сән-салтанатымен аталып өтілді. Мерейтой шараларына облыс әкімі Сергей Кулагин, қаламгердің балалары мен немерелері, Астана, Алматы қалаларынан келген мәртебелі меймандар, облыс орталығы мен аудандардан делегациялар қатысты. 

Бұл күні 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланғалы жатқан заманы-мыздың заңғар жазушысының осы мерейтойына ерекше шырай білдіргендей күннің көзі де бар шуағын төгіп, жер бетін нұрландырып тұрды. Былтыр көктемгі су тасқыны зардабын абыроймен еңсере білген атбасарлықтар биыл жаз бойы бар күш-мүмкіндіктерін аудан орталығын көркейту ісіне жұмылдырып, қаланы айтулы жерлестерінің бүгінгі салтанатына тап-тұйнақтай етіп, қапысыз дайындай білген екен. Әлбетте осыған марқайған көңіл той барысында да рет-ретімен, өте жинақы да мінсіз өткен әрбір шараға сүйсінумен болды. Ұйымшыл аудан халқы таңертеңнен ертелетіп орталық алаңға қарай ағылып, қазақтың көне тарихын көркем тілмен кестелеген жерлестеріне өздерінің зор сүйіспеншілігін айтқызбай-ақ ұқтыра түскендей еді.
Салтанатты шаралар легі мұндайда әдетте көрнекті тұлғаларға көрсетілер құрметтің ең үлкені – жазушы ескерткішінің ашылуымен басталды. Облыс әкімі Сергей Кулагин осыған орай, сөйлеген сөзінде бүкіл әлемде тарихи тұлғалардың еліне сіңірген еңбегін осылай лайықты бағалай білу дәстүрі барын,  ал, көзі тірісінде-ақ есімі аңызға айналған жазушы Ілияс Есенберлиннің тап сондай ерекше жан екенін еске салды.
– Жазушының «Көшпенділер» трилогиясы ХХ-шы ғасырдың ең таңдаулы әдеби туындыларының біріне жатады. Ілияс Есенберлиннің өзінің тарихи шығармаларында қазақ халқының 750 жыл аралығындағы қым-қуыт тағдыр-талайын қамтуы, бір ұлттың тұтастай бір өмір кеңістігін ойлылықпен шолып, мұрағат деректерімен нықтап, суреткерлік көркем тілмен өріп, жазба әдебиетке қосып кетуі – мәңгі өшпес асыл мұраның нақ өзі. Ұлт, рух күрескерінің 100 жылдық мерейтойының күні кеше елордамыз Астанада кең көлемде аталып өтілген Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келуінің өзі кездейсоқ болмаса керек. Мұнда да қазақ халқының әріден бастау алатын бай тарихы мен жазушы арман-аңсарының, тарихқа түрен салған құдіретті қаламының  берік сабақтастығы жатыр, – деп атап көрсеткен облыс әкімі туған жерінде жазушы ескерткішінің орнатылуына өз ынта-жігерлері, ықылас-пейілдерімен зор үлестерін қосқан барша атбасарлықтарға, Ілияс Есенберлиннің балалары мен туыстарына зор ризашылық сезімін білдірді.
Бұл күні қаламгер тойына жиналған қалың жұртшылық Ілияс Есенберлиндей аяулы ұлт перзентінің ел, тарих алдында тындырып кеткен ұшан-теңіз еңбегіне берілген небір лайықты бағаның, дәлме-дәл, тауып айтылған талай қанатты сөздердің  куәсі болды. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин Ілияс Есенберлиннің дүние есігін тек дарынды суреткер ғана емес, өз туған халқының ұлы перзенті ретінде ашқан тұлға екендігін баса айтса, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әділханов бүгінгі ашылайын деп тұрған ескерткіштің әзір елімізде әйгілі жазушыға арналған алғашқы ескерткіш екеніне, бірақ, ол келешекте жалқы күйінде қалмай, қатары толыға беретініне сенім білдірді.
Халқының арманымен ұштасқан жазушы феномендігінің тағы бір асыл қырын жиналған көпшілік сенатор Жабал Ерғалиевтың кең тынысты, көркем лепті толғанысынан естіп, тұшынды. – Бұл арманды күн, аңсарлы күн. Тарихымыз жазылмай, танылмай жатқан кезде батырлық қадам жасап, жазушылар ішінен ең алғашқы болып осы тақырыпқа қалам тартқан ұлы суреткердің бүгінгі тойы енді Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілікке бет түзеген оның тоқтамас көш керуені! – деп түйіндеді өз сөзін қаламгер.
Бұдан әрі ескерткішті ашу құрметі жазушының қызы Раушан Ілиясқызына және Атбасар аудандық мәслихатының хатшысы Бағдат Борұмбаевқа беріліп, манадан бері Ілияс Есенберлиннің тұғырдағы тұлғасын көруге асыққан жұртшылық алдында ақ жамылғы төмен қарай баяу сырғи берді. Осы сәтте көктегі күн нұрына малынып,  сары алтындай жарқырай түскен жазушының еңселі түр-тұлғасы тұла бойымызға қуаныш сезімін құйып, күткен ойымыздан шығып сала берді. Нағыз ел қуанышы, ел мерейі деген осы болар, сірә! Мұның бәрі кезінде аудандық мәслихат хатшысы Бағдат Борұмбаевтың қаламгер мерейтойына осындай бір лайықты тарту жасау жөніндегі бастамасынан басталған көрінеді. Ортаға осындай ой тастап, бүкіл депутаттармен, ел-жұртпен оның ойдағыдай іске асуына абыроймен қол жеткізген бұл азаматтың да еңбегіне қаламгер аруағы шат шығар.
Иә, ендігі жерде Атбасардың кешегі күн көсем тұрған орталық алаңынан ойып тұрып орын алған Ілияс Есенберлиннің жарқын бейнесі үлкен-кішіні елін, жерін сүйіп, туған халқына өзіндей қалтқысыз қызмет етуге шақырып тұрары анық. Осы бір рух серпілісі, шат-шадыман көңіл-күймен жазушының әдеби музейіне бет алған меймандар мұнда да мерейтой шараларының жақсы бір жарасымын аңғарып, қайсар қаламгер өмірімен одан сайын етене қауыша түсті. Облыс әкімінің тікелей қамқорлығымен биыл бұл музей күрделі жөндеуден өткізіліп, ине-жіптен жаңа шыққандай болыпты. Мекеме директоры Ұлболсын Қамбатырованың айтуынша, бұл тарихи-әдеби орын жазушы өмірі мен шығармашылығына қатысты бай жәдігерлерімен аудан жұртшылығын отансүйгіштік, халқымыздың белгілі тұлғаларына құрмет рухында тәрбиелеуде жетекші рөл атқарып отырған көрінеді. Осында жүріп қаныққан, көз көрген сол ризашылықтың бәрі есімі елімізге кеңінен мәлім небір мәртебелі қонақтар қолтаңбасы болып, пікірлер кітабында да әйгіленіп қалып жатты.
Мерейтой аясында өткен келесі бір айтулы шара –  жазушының 100 жылдық мертойына арналған «Ұлтжанды қаһарман қаламгер» атты республикалық ғылыми конференция еді. Осы тойға жасана түскен аудандық мәдениет үйінде өткен бұл шараға да халық көп жиналды. Конференцияны ашып, жүргізіп отырған Парламент Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев солақай саясаттың үстемдігі үдеп тұрған заманның өзінде қоғамның айла-шарғылы  қарама-қайшылықтарына болмай, ұлы жүрек, ұлы тілекпен қайтседе өз көздегенін іске асырып кеткен қайсар рух күрескерінің өмірін тағы бір көзсіз ерлікке теңеді. Ал, «Халқын сүйген ерен ер» тақырыбын қаузаған көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сенатор Нұрлан Оразалин, «Қаһар романы – ұлт күресінің шарайнасы» тақырыбы бойынша сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, жазушының Тәуелсіздік тұлғасы ретіндегі болмыс-бітімін аша түскен «Отырар» кітапханасының ғылыми орталығының директоры, профессор, белгілі қаламгер Тұрсын Жұртбай, «Ұлы дала жаршысы» тақырыбына нәр мен әр берген тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев екі сағатқа жуық уақыт бойы елді өз сөздерінің мәйегі, пікір-тұжырымдарының дәйегімен ұйытып, жұртшылықтың көзінше Ілияс Есенберлиннің  қазақ руханияты, тарихы мен әдебиетіндегі үлес салмағын зәу биікке көтере түсті.
Қалам құдіреті, жанкешті еңбегі осылайша ел бақытына ұласқан әке туралы жүрекке жылы естеліктерімен бөлісіп, ақ көңілден, шат көңілден жерлестеріне деген риясыз ризашылығын ақтарған жазушының ұлы Қозыкөрпеш Есенберлиннің де сөзі көпшілік көкейінде осы мерейтойдың әсерлі бір сәті болып жатталып қаларына сөз жоқ. Конференцияны түйіндеген жаңа жас ұрпақ өкілі, Ілияс Есенберлин атындағы №1 орта мектептің оқушысы Балташ Дарханның да сөзі нық, ойы ұшқыр шыққанына құп дейміз. Жалпы, осы орайда, туған қаласы Атбасарда бір мектеп, көше, аудандық кітапхананың жазушы есімімен аталатынын да айта кетудің еш артықтығы жоқ.
Сонымен, ұлы адамның ұлықтығын айшықтаған әдемі, тәлімді той да мәресіне жетті. Облыстық, аудандық әкімдіктердің, онымен бірге өкілетті биліктің, бәрі де оған зор мән бергендігін көрдік. Облыстық мәдениет басқармасы, аудандық мәдениет бөлімі мерейтойдың жоғары деңгейде, мінсіз өтуіне қисапсыз еңбек сіңіргені сәт сайын байқалып тұрды. Облыстық филармонияның әнші, бишілері, Көкшетау қаласындағы барлық мұражай ұжымдары тойдың бір жағынан шығысып, осы ортадан табылды. Осындай қуанышты сәтте жазушының туған топырағына елордамыз Астанадан экс-сенатор Светлана Жалмағамбетованың, Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Несіпбек Айтов сияқты белгілі қаламгерлердің де арнайы ат басын тіреуі той шоқтығын одан әрі көтере түскені ақиқат. Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры кешкісін «Абылайхан» спектаклін қойды. Алаңдағы халық серуені, ән-күй түннің бір уағына дейін толас тапқан жоқ.
Міне, ел болып көтеріп алған бұл мерейтойдың тағылымды, сүйсінерлік  тұсы да осында. Халқымыздың даңқты перзентінің өшпес мәңгілік ғұмыры осылайша қалың жұртының шексіз құрметімен айшықталып, келешек жаңа биіктерге жол тартты. Енді елі бұрынғысынан да тереңірек білетін Ілияс Есенберлиннің кемеңгерлігі ол!

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Атбасар ауданы.
Суреттерде: жазушының ұлы Қозыкөрпеш Есенберлин конференцияда сөз сөйлеп тұр; ел қуанышында шек жоқ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар