Жақсы қасиеттің адамы

Адамды көрікті ететін, қоғамдағы орнын айна-қатесіз белгілейтін, абыройын асырып, атағын аспандататын ең алдымен бойындағы білімі болса керек-ті. Ұшан-теңіз білім кісілік қасиетпен, парасат-пайымымен көмкеріліп жатса, тіпті жақсы.

Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Ақмола облыстық филиалының ардагері Сағындық Сақтағанұлы Құсайын кейінгі жас толқынның ақылшы ағасы, қызметтің қыр-сырын терең меңгерген хас шебері. Күнделікті тіршіліктегі қым-қуыт шаруада кездесіп жататын кейбір күрмеуі қиын тұстарды жас толқын Сағындық Сақтағанұлынан сұрап біледі. Тұла бойына энциклопедиялық білім жинаған Сағындық аға білгенін үйретуден еш жалыққан емес.
Мінсіз қызмет, абыройлы ісі арқылы әріптестерінің шынайы құрметі мен қошеметіне бөленген Сағындық Сақтағанұлы Петропавл қаласындағы педагогика институтын тәмамдаған. Еңбек әліппесін халыққа білім беру саласында тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, мектеп директорына дейін көтерілген. Кейін бұрынғы Көкшетау ауданында және Көкшетау қаласында партия, кеңес органдарында, білім саласында жауапты қызметтер атқарған.
2001 жылдан бастап, қашан зейнет демалысына шыққанға дейін зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінде қызмет істеді. Қызмет істей жүріп, өзіне тапсырылған міндетті мінсіз атқарумен қатар, ана тіліміздің дамуына, оның осы қызмет саласында орнығуына орасан зор еңбек сіңірді. Бүгінде ондаған мамандар аға буын өкілдерінің бірі, әрі жастарға жанашыр, ақпейіл Сағындық ағаның нақты көмегіне дән разы.
Негізінде ол жан-жақты адам. Қызықтыратын тақырыбының ауқымы да әрқилы. Қай уақытта болмасын білімге құмар, соған ынтық адамның бос уақыты да бола бермейді ғой. Сонда да шығармашылықпен жұмыс істеп, жан-жақты тағылымды дүниелерді там-тұмдап жинап, білгенін зерделі жанның көкірегіне құйып беруден жалыққан емес. Егер жастарға үлгі қылып ұсынатын бейне қажет болатын болса, біз алдымен өзіміздің осы әріптесімізді ұсынар едік. Өнегеге толы өмір жолы да, барша тіршілігі де тынымсыз ізденіспен өтіп келеді. Әріптесіміздің бойындағы табандылық пен еңбекқорлық тамаша қасиеттерінің бірі. Егер бүкіл өмір жолын таразы басына тартып, бағамдайтын болсаңыз, ең алдымен, еңбек атты құдіреттің менмұндалап көрініп тұратындығы анық. Міне, осындай жұмыстары үшін бірнеше мәрте марапатқа да ие болды.
Әрдайым ашық, жарқын мінезді, бойында адамды үйіріп тұратын, өзіне тартып тұратын әдемі қасиеті бар ағамыз ең алдымен туған топырағын, өскен ортасын, елін сүйетіндігін айтудан жалықпас еді. Сол туған елінің тұғырын биіктетуге тынымсыз еңбегі арқылы үлкен үлес қосқан Сағындық Сақтағанұлы қазір берекелі отбасының иесі. Жан жары екеуі балаларын тәрбиелеп өсіріп, үлкен өмірге қанат қақтырған жандар.
Жанымызда жүрген жақсы адам жайлы жылы пікірімізді білдіре келе, тырбанып тіршілік еткен, білімі мен білігін байыту арқылы көкірегін мөлдір бір шуаққа бөлеген әріптес ағаға жаратқан иенің бар жақсылығын тілейміз. Өміріңіздің сапары ұзақ болсын!

Ботагөз ҚОШҚАРБАЕВА,
Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы
Ақмола филиалының бөлім басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар