Жарқын із

Білікті басшы Николай Иванович Лян жерлестері үшін «Коммунизм жолы» колхозының басқарма төрағасы, «Бозайғыр», кейін С.Сейфуллин атындағы кеңшардың  директоры ғана емес, кең жүректі, мейірбан, халқы құрметтеген адам ретінде есте қалды.

Аудан тарихында Николай Иванович Лянның есімі алтын әріппен жазулы. 2004 жылы тыңның жарты ғасырлық мерейтойына орай, ауыл шаруашылығы саласына саналы ғұмырын арнағаны үшін Елизаветинка селосының орталық көшесіне оның аты берілді. 2005 жылы Н.И.Лян 90 жасқа толғанында «Халқына ізгі ісін қалдырған» атты кітапта оннан аса авторлар жылы пікірлерін жазған.
1915 жылы Владивосток қаласында балықшылар отбасында дүниеге келген. Жастайынан помор-балықшы деген атқа ие болып, жергілікті балықшылармен бірге еңбек етті.
Саяси қуғындау жылдары кәрістердің Қиыр Шығыстан жер аударғаны белгілі. Оның отбасы Астрахан қаласында Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін тұрып, қиын күндерді бастарынан өткізді. Соғыстың алғашқы жылдарында тағы да екінші жер аудару жүргізілді. Кеңес билігі «саяси сенімсіз» деген желеумен кәрістерді одан әрі Орта Азия және Қазақстан жеріне қоныс аудару керек деп санады. Сөйтіп, Лянның отбасы Ақмола облысына табан тіреді.
«Карл Либкнехт» колхозында Николай Лян есепші болып еңбек етті. Еңбексүйгіштігі мен адалдығы үшін партияға қабылданды. Көп уақыт өтпей колхоз басшысы болды. Бұл қызметте өзін іскер ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Одан әрі, 1948 жылдан бастап бірнеше жыл Ақмола аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Шын мәнінде оның ауданға тәжірибелі, білімді, және ең бастысы, адамдармен жұмыс істей білгені керек еді. Бірнеше жылдан соң оған өте жауапты іс – қараусыз қалған бір шаруашылықты көтеру тапсырылды. Николай Иванович білікті басшы, тәжірибелі психолог ретінде адамдарға көп көмегін тигізді. Әрине, бәрі бірдей оған сенім білдіре қойған жоқ, Лянға дейін ондайлардың қаншамасы болды. Олардың бәрі халыққа «коммунизм құрамыз» деп даурықты. Бәрі сөзбен уәде беріп, іс жүзіне асыра алмады.
Бірде колхоз төрағасы бұзау өлімі үшін малшыларды жазалап, айыппұл салады. Қаржы шығыны туралы тізімде өзін бірінші жазады. Осылайша халық Н.И.Лянға сене бастайды. Олар нағыз көшбасшының қызметі адамдардың игілігі үшін жасалатынын көрді. Осылай Елизаветинкадағы еңбек дәуірі басталды. Білікті басшы жөнінде өлең де шығарылды.
Бірақ, ол мақтаудан гөрі өз жерлестерінің құрметін артық көрді. С.Сейфуллин атындағы совхоздың директоры ретінде еңбек еткені үшін Ленин  орденімен және екі рет Құрмет Белгісі орденімен марапатталды.  Егістік алқабында астық ору жұмыстары жүріп жатты. Елизаветинка тұрғындары да Қазақстанның алтын астығына үлестерін қосты. Фермаларда сүтті және етті ірі қара мал өсірілді.  Жаңа үйлер салынды. Жаңа мектеп, учаскелік аурухана, мәдениет үйі, өзге де инфрақұрылымдар пайда болды.
Дегенмен, мұның барлығы оған жеңіл болған жоқ. Лян директор болған кезде басшылар оны аса мақтаған да емес. Оның шаруашылығы «Қазақстанның 18 жылдығы» колхозымен шекаралас болды. Оған жерлесі, қиыр шығыстық, Социалистік Еңбек Ері Кан Де Хан қожалық етті.  Совхоздың басқа бір бөлігімен Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу шаруашылығының директоры, академик А.И.Бараев басқаратын шаруашылық шектесіп жатты.
Кеңшар бүкілодақтық, республикалық ауыспалы тулармен бүкілодақтық көрмеде халық шаруашылығының жетістігі дипломымен марапатталды. Он жыл бұрын Н.И.Лянның 90 жылдығына арналған мерейтойда еңбек ардагерлері «Николай Иванович біздің қиын уақыттың қаһарманы» деп атап көрсетті. Бұл халықтың өзінің басшысына, тәлімгеріне және досына деген үлкен құрметі еді.
Бұл еңбекқор, мейірбан тамаша адамның отбасылық тағдыры В.Гундаревтың поэзиясында да айтылған. Өлең тақырыбы «Соль земли» деп аталады. Өлеңде оның барлық өмір тағдыры сипатталған. Марқұмның үш ұлы, үш қызы бар. Барлығы да ғылым жолында еңбек етіп жүрген адамдар.  
Қазақстандық патриот, тың өлкесінің адал еңбеккері, тәжірибелі басшы, директорлар корпусының жарқын өкілі Николай Иванович Лянның туғанына осы күндері 100 жыл толып отыр.  Ерен еңбегімен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлесін қосқан абзал жан жерлестерінің есінде мәңгі қала бермекші.
Қайрат ИМАНҒАЛИЕВ.  
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар