Көкшенің газеті, елінің қажеті

Талай дәуір сілкінісінен өткен «Көкшетау» газетінің алғашқы санының жарық көргеніне 85 жыл толып отыр. 1997 жылдың сәуірінде Көкшетау облысының таратылуына байланысты жабылып қалуына тура келген байырғы басылым араға үш ай салып, қалалық газет ретінде қайта шыға бастады.

Сол қалалық газеттің алғаш ұйымдастырылған кезінен бастап 2005 жылға дейін  басылымның бас редакторы жазушы-сенатор Жабал Ерғалиев болғаны белгілі. Бұл тұстағы газет шежіресінен 2000 жылы «Көкшетау» мәдениет сарайында басылымның  70 жылдық мерейтойының бүкіл қоғамдық жұртшылық өкілдерінің қатысуымен кең көлемде аталып өтілуі ерекше есте қалыпты.
Одан әрі зейнет демалысына шыққанға дейін бас редактордың   қызметін белгілі жазушы Төлеген Қажыбаев, әрі қарай Балталы Сәрсенбаев атқарды.
Ал, 2008 жылдың 1 қазанында сол кездегі облыс әкімі Альберт Раудың өкімімен «Көкшетау» газеті «Арқа ажары» газетіне қосылып, осы басылымның жанынан бұрынғы қалпында жеке шығып тұрды. Мұның «Көкшетаудың» өз басына пайдасы тимесе, зияны болған жоқ. Газетті жоғарыда айтқанымыздай, 1997-2005 жылдары және 2008-2011 жылдар аралығында екі рет басқарған бас редактор Жабал Ерғалиевтың күш-жігерімен басылымның материалдық-техникалық базасы, дизайны, яғни, безендірілуі мен мазмұны одан әрі жақсара түсті. 80 жылдық мерейтойы құрметіне редакция қабырғасында ескерткіш тақта орнатылып, тарихы түзілді, бірқатар жас журналистер тәрбиеленді.
Осы үрдіс құрамына «Арқа ажары», «Көкшетау» газеттері мен «Көкшетау» журналы кірген «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аясында бертін де өз жалғасын тапты. Қазіргі газеттерде сын жоқ дейміз. Ал, «Көкшетау» газетінде осыған үнемі мән беріліп тұрды. Әсіресе, әдеби редактор Сайлау Көшкеновтің әлеуметтік мәселелерге, аға тілші Шынар Байтықованың өнеркәсіп, жол, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тақырыбына жазған проблемалық, сын мақалалары кейде газеттің бірінші бетіне дейін салынып отыратын. Соның нәтижесінде әріптесіміз Ш.Байтықова  республикалық «Егемен Қазақстан» газеті мен Еуразиялық табиғи ресурс-тар корпорациясы бірлесіп, өнеркәсіп тақырыбына жазатын қазақ тілді журналистер арасында жариялаған шығармашылық конкурста ерекше көзге түсіп, жүлделі орыннан көрінді.
2014 жылдың 1 қаңтарында қайтадан облыс әкімінің ұйғаруымен «Көкшетау» газеті «Арқа ажарынан» бөлініп шыққаны мәлім. Бұл кезде осы газеттің басшысы ретінде  басылымның алда келе жатқан 85 жылдық мерейтойы бізді де мазаламай қоймай, «Арқа ажарының» 95 жылдығындағыдай,  «Көкшетау» газетінің де бай тарихын жинастырып, бір кәделі кітап етіп шығарсақ деген ойымыз да жоқ емес еді. Қалай айтқанда да, осы уақыт аралығында бір шаңырақтың астында, бір тілек, бір ниетпен ғана жұмыс істеген біздің бәріміздің де бұл басылымның алдында арымыз таза болатын. Өйткені, ә дегеннен газет жұмысында қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзімізге дейінгі ағалар аманатына адал болуға, яғни, басылым беделін көтермесек, түсірмеуге ұмтылғанымыз айдан анық.
Сондықтан, «Көкшетау» газетінің бүгінгі 85 жылдық асқаралы асуы бізге де ыстық, бізге де қымбат екендігіне дау бар ма?! Төменде оқырмандар назарына ұсынылып отырған мақала 2000 жылы осы басылымның 70 жылдығында жазылып, «Жылдар мен жолдар» атты кітабымызға енген еді. Олай болса, қолға қайта қалам алып, байырғы газеттің арғы-бергі
тарихына тағы бір тоқталып жатқаннан гөрі, өзімізге «Көкшетаудың» сырлы жырын да, ойлы мұңын да толық жеткізіп бергендей көрінетін осы бір дүниені алдарыңызға алғаусыз жайып салғанды жөн көрдік. Бір сәт сіз де бізбен бірге талай ұрпаққа өмірлік рухани азық болып келе жатқан құнды басылымның шежіре дерегіне бойласаңыз дейміз!
***
Сағынып, іздеп, аңсап та,
Көрдім мен сені, киелім.
Табыстым сосын, сол шақта,
Күмбірі бөлек күй едім!    

 (Автор).

Әр ел мен жердің тарихы жүйрік уақытпен біте қайнасқан сырлы шежіре болып бір сақталса, оның жылдар легімен сарғыш тартқан баспасөз беттерінде сақталып қалары анық. Осы күні ұлтымыздың өткен-кеткеніне қатысты небір құнды деректер мен оқиғалар ұшығын сонау ертеректе халқымыздың зиялылары шығарып кеткен «Дала уаялаты», «Қазақ», «Айқап» тәрізді газет-журналдардан тауып жүрміз. Ендеше, біздің бүгінгі журналист ағайындарымыз да көз майын тауысып, күнделікті өмірге әкеліп жатқан сан алуан басылымдардың күні ертең келер ұрпақтар да тап осылай асықпай парақтай отырып, өздеріне керегін алатын бізге тиесілі уақыттың алтын көмбесіне айналары даусыз.
Осының бәрін ойлағанда сөз жоқ, маңызы да, жауапкершілігі де бірдей арта түсер мерзімдік баспасөздің өзіміз білер салмақтылары әр кез алдыңғы қатарға шығып, жеңіл-желпілерінің құны төмендей беретіні түсіндіруді керек етпейтін аксиома. Өйткені, уақыт үні, замана табының өзі ағы ақ, қарасы қара күйінде неғұрлым байсалды басылымдарда көрініс тапқаны ертеңгі іздеушілерге де керек. Себебі, шындық ұшқалақтықта емес, байыбына баруда жатса, тарих та солай, бұра тартуды емес, дәлдікті сүйері бар.
Солай демекші, осы күні бұрынғы облыстық «Көкшетау правдасы» (1988 жылдан бері «Көкшетау») газетінің сарғайған қалың-қалың тігінділерін қолға ала қалсаңыз, талай ақиқатқа, ай, жыл болып шұбаған жүйрік уақыттың небір аумалы-төкпелі кезеңдеріне тап боларыңыз хақ. Шыдай жүріп, аласапыран күндерден де өткен,  алдағы «коммунизмге» сеніп, аңқылдап еңбек етуді де білген іргелі өңірдің, оның жасампаз адамдарының бар тыныс-тіршілігі осы басылым беттерінде сайрап жатқандай. Одан осы елдің ертеңіне асыққан мұраты, сарқылмай, әлі де үдеп, ағындап келе жатқан қуаты, аңсаған тәуелсіздігімізге жетіп, арқа-жарқа болған көлдей қуанышы, бәрі-бәрін де табасыз.
Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, жақсылығына сүйсініп, жаманына күйінген сол «Көкшетау» газетінің де алғашқы санының  жарық көре бастағанына, құдай қаласа, биыл қыркүйек айында тура 70 жыл толғалы отыр екен. Бұлай болатын себебі, облыс жабылғаннан кейін осы атпен қайта өмірге келген қалалық газетті  былтыр жаңадан шақырылған Көкшетау қалалық мәслихатының бірінші сессиясы бұрынғы облыстық «Көкшетау» газетінің заңды мұрагері деп тану жөнінде тиісті шешім қабылдап, өте-мөте бір құптарлық іске барған-ды.
Шынында, өзіңіз ойлаңызшы, тарих қойнауына кеткен бұрынғы облыстық басылымның шығуы тоқтағаннан кейін іле-шала оның орнына қалалық газет болып қайта жарық көре бастаған  бүгінгі «Көкшетауды» кешегі «Көкшетаудан» айыру қай жағынан алғанда да дұрыс болар ма еді?!. Көлемі мен шығу жиілігіндегі аз-мұз айырмашылықтары демесек, оқырман қауым да өз сүйікті басылымына солай, кешегі облыстық газеттің заңды жалғасы, өзі болмағанмен көзі деп қарайтындығы тағы ақиқат. Әрі бұл басылымның да сол бәз-баяғынша  жалғыз қаламен шектелмей, нені қаузаса да, тұтастай осы өңірден қаузауға, шама келсе, халықтың кешегі «Көкшетауын» жоқтатпауға бекем бел буып, бағыт ұстап отырғаны тағы бар. Ә деп қайта шыға бастағанынан-ақ, өмір бойы осы басылымға көзі үйреніп қалған байырғы оқырмандар да оны бірі болмаса бірі үзбей жаздырып алып,  адалдықтарынан айнымай келеді.
Сонымен, «Көкшетау» газетіне биыл 70 жыл!  Апырмай, кеше ғана елуін, одан бері де кеудемізді шат-шадыман қуаныш кернеп, алпысын тойлап едік, енді жетпісі де келіп жеткені-ау, ә?!. Біздіңше, бұл – жалғыз осы басылым мен көкшеліктер үшін ғана емес, бүкіл қазақ баспасөзі мен қазақ оқырмандары үшін де ортақ қуаныш, ортақ мерей. Өйткені, бұл газет те сонау дүниеге келген ұжымдастыру кезеңінен бастап халқымыздың жаңа өмір шежіресін жазысып, дауылпаз уақыт жаршысы бола білген байырғы, белді де беделді басылымдарының бірі. Өткеніне көз салсақ, тарихы өте бай, тағылымы тағы ұшан-теңіз. Соған орай, осы жылдар ішінде елдің одан алған рухани жан азығы, ілім-білімі, тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі мен қажыр-қайрат, жігері де өлшеусіз десек, артық емес. Арасында үлкені мен кішісі, алдыңғысы мен кейінгі буыны бар, осы күні қаламы жүйрік ондаған журналист оны «қара шаңырағым, қасиеттім» деп біледі, «сенде шыңдалдым, сенен түледім» деп орынды мақтан тұтады.
…1930 жылдың сары ала күзі. Жаңа өмірге бет бұрған кең қолтық елде Голощекин сұмырайдың аты-шулы «Кіші Октябрь» аласапыранына да жақын қалып, соның алдында ғана қазақтың отырықшылдыққа ойыса бастаған кезі. Осы тұста ел ішін «Көкшетауда қазақ тілінде «Колхоз жолы» газеті шығатын болыпты» деген жақсы хабар да желдей есіп, желпінте түссін. Ол газет шынында, сол жылдың  17 қыркүйегінде Петропавл округтік партия комитетінің арнайы қаулысымен бұқара қауымның қалың ортасына жол тартқан бүгінгі көптің сүйіктісі – «Көкшетау» еді. Көкшеден түлеп  ұшқан қазақтың ержүрек партизан ақыны Жұмағали Саин ағамыздың да:
«Колхоз жолы»,
Көптің қолы,
Көп дегенім еңбекші.
Газет – айна,
Айдан айға,
Көппен өсіп, өнбекші.
«Колхоз жолы»,
Көптің қолы,
Жай тамырды ауылға!
Айтып ақыл,
Іске шақыр,
Өссін өнім ауылда! –
деп жаңа басылымға жүрекжарды сөзін арнап, оны шабыттана жырға қосқаны да нақ осы тұс болатын.
Ұлы Отан соғысы жеңіске қарай ойысқан 1944 жылы Солтүстік Қазақстан облысынан жас Көкшетау облысы енші алып, «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» деп келген газет енді жатпай-тұрмай, жаңа облыстың да буыны бекіп, бұғанасы қатаюына белсене атсалысты. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары келгенде, осы ұлы жорыққа үн қосты. Қысқасы, осынау бір сұлу өлкедегі бар жақсылық пен жасампаздықтың тілеуқоры, тірегі болып, оның адамдарын тәрбиеледі, кеуделерге мейірім, ізгілік нұрын құйып, кісілік пен әділдікті, адал еңбекті асқақтатты. Соның бәрінде күн-түн қатып, редакция қабырғасында халқына қаламымен қалтқысыз қызмет еткен кілең сайдың тасындай жанкешті журналистер жүрді.
Газеттің тұңғыш редакторы Белгібай Айтжанов, одан кейін Уәли Әлмағамбетов болса, бертін маңдайларына жазылған бұл жауапты міндетті Уәрә Нұрсейітов, Өміржан Оспанов, Жанайдар Мусин. Мәтен Бижанов сияқты аға буын қаламгерлеріміз абыроймен атқара білді. Әсіресе, өзіміз де алдын көріп, тәлім-тәрбиесін алған газет ісінің ірі ұйымдастырушысы, белгілі жазушы, партия және қоғам қайраткері, марқұм Жанайдар Баймырзаұлы Мусин  жетекшілік еткен  жетпісінші, сексенінші жылдардың бедерінде бұл басылымның атағы тіпті аспандап, оқырмандарының саны 17 мыңға дейін жеткенін дәл осы арада ауызға алмау тіпті де мүмкін емес.
Шынында, солақай саясаттың сойылы үдеп тұрған сол уақыттың өзінде қазағы аз, орысы басым  теріскей облыста ана тіліміздегі газет таралымының тап осынша биікке көтерілуі шын мәнісінде, әлі күнге дейін әр «көкшетаулық» журналистің орынды мақтаныш сезімін тудыратын, ұмытуға болмайтын ерекше оқиға еді. Мазмұн-бедерімен солай жалындаған, оқырманын солай жаулаған басылым сол кезде өзінің жарты ғасырлық мерейтойын тойлап, өңірдің қоғамдық-саяси және мәдени-әлеуметтік өміріне қосқан зор үлесі үшін  «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Ел мерейін тасытқан, қарапайым еңбек адамының даңқын асырған талай баянды бастамаларды өмірге әкеліп, қызметкерлері Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдары мен КСРО Журналис-тер  одағының сыйлықтарына дейін иеленіп жатты.
Соның бәрі әрине, шығармашылық ұжым мүшелерінің іскер басшылықтың арқасында алда тұрған зор міндеттер мен мақсаттар жолында бір кісідей жұмыла еңбек етіп, өздерін осы істе тек қана жақсы қырларынан көрсете білулерінің арқасы еді. Ойлап отырсақ, кезінде осы қасиетті табалдырықтан имене аттаған қаншама жасқа шеберлік ұстаханасы, талап пен талғам өлшемі бола білген осынау басылымнан әр жылдары есімдері бүкіл елімізге белгілі небір ақын-жазушы, сөз зергерлері шыққан екен. Олардың қатары бүгінгі ақсақал қаламгеріміз Естай аға Мырзахметовтен бастап Еркеш Ибраһим, Сарбас Ақтаев, Нөгербек Мағзұмов, Жәркен Бөдешев, Нұрмияш Көбенов, Баят Жанатұлы, Мұхамедия Жұмағалиев, Қорғанбек Аманжолов, Жабал Ерғалиев, Баянғали Әлімжанов, Тортай Сәдуақасов, Өмірзақ Мұқаев, Алмас Темірбаевқа дейінгі аралықта жалғасып кете береді, кете береді. Осы газеттегі жазу-сызу, басшылық қызметтерде шарболаттай шыңдала жүріп, қазақтың қара сөзінен қаймақ сүзген бұл қуатты лек жер бетінде «Көкшетау» газеті, оған келіп жатқан, әлі де келетін талантты жастар барда мұнымен шектеліп қалмасы тағы айқын-ау.
Басылымның алда келе жатқан 70 жылдық мерейтойы дегенде, онда талай жыл қаламының желі, маңдайының тері қалған тағы бір шоғыр әр буын өкілдері Жомарт Оспанов, Жанәбіл Темірбеков, Жанәбіл Оспанов, Уәп Рақымжанов, Сопы Жекенов, Әуез Өтеев, Хәкімтай Әміров, Қайыркен Сұлтанов, Сәкен Хасенеев, Баян Нұрпейісов, Жұмабай Есекеев, Әбділда Дүйсенов, Рүстем Бермағамбетов, Кәрім Ілиясов, Октябрь Бұхарбаев, Дулат Сәпиханов, Нұрмұхамбет Ысқақов, Маман Ементаев, Елубай Жәкенов, Сәкен Әубәкіров, Тайлақ Жалмұрзенов, Кенжетай Ғазизов, Бақыт Шәшкенова,
Бауыржан Бектасов сынды аға-апалардың алдымен ауызға оралары бар. Біразы бүгінде о дүниелік, біразы есен-сау ортамызда жүрген жаны жайсаң жандар-ай, бас-аяғы қапелімде ауызға түгел түсіңкіремей, ертең ыңғайсыз болып қала ма деп те тағы бір мәрте әрі-бері ойлана түсесің, толғана түсесің.    
Қайсыбіріміздің арамызда жас жағынан аздап айырмашылықтар болғанымен, бертін осы газет қабырғасында бір мезгілде еңбек еткендіктен, көңіліміз бен әзіліміз жарасып жүре беретін қайран, Мәули Әлімов, Бақберген Амалбеков, Қапез Қожахметов, Қуандық Сәдуақасов, Ғосман Төлеғұл, Ойрат Асанбаев, Тоқтар Баймағанбетов, Роза Нарымбетова, Кәрібай Мұсырманов, Қалымбек Мұхамеджанов, Шынар Байтықова, Байқал Байәділов, Құдайберлі Мырзабеков, Бақыт Смағұлов, Марат Балташев, Базарбай Бағысов, Абдолла Дастанов сияқты тағысын,  тағы қыз-жігіттер-ай, шіркін!..
Белгілі жазушы Жабал Ерғалиев жетекшілік етіп отырған бүгінгі қалалық «Көкшетау» газетінде де бас редактордың өзінен бастап Сайлау Көшкенов, Райхан Сейітова, Балталы Сәрсенбаев, Дәуренбек Шөрентаевтай белді қызметкерлердің бәрі кешегі облыстық басылымның құрыштай сапынан болуы  тегін емес. Өйткені, халыққа өзі де, сөзі де өтімді қазіргідей тартымды газетті үлкен «Көкшетаудың» ой мектебінде шыңдалған осы майталман қаламгерлер шығармағанда, кім шығармақ?!.      
Көлемі бір баспа табақпен көркем безендіріліп, аптасына екі рет жарық көретін басылым бүгін де сан алуан тақырыптарды қамтып, облыс орталығының жылт еткен әрбір жаңалық, хабарын өз оқырмандарына уақытында, ұшқыр да тез жеткізумен келеді. Оқырман дегенде оның қазіргідей қиын заманда қала мен одан тысқары жерлерге әжептәуір таралыммен тарайтыны да ептеп дәтке қуат, көңілге демеу. Бұл да қанша айтқанмен, елдің әуелден өз көздері үйреніп, көңілдері сүйген төл «Көкшетауына» деген ерекше ықылас-пейілдерінің бір белгісі.
Ендеше, алда да бұл жағы тап осылай боларына, газет таралымы енді өспесе, азаймасына бек сене түскің келеді. Өйткені, «Көкшетау» дегеніңіз, сізге әлдебір жеңіл түсінік, арзан бағаның шылауымен жай әншейін, көптің біріне балай салар анау-мынау басылым емес. Терең тарихы, жарқын жолы, нұрлы ертеңі бар. Әрине, өткеннің бәрін қаралауға әуес кей қыңыр мінезімізбен кешегі уақыт десек те, кезінде атағы жер жарған әйгілі «Правданың» өзінде «Журналистер алғы шепте» атты көлемді мақаламен озық іс-тәжірибесі бүкіл одаққа таратылған жұлдызды газетіңіз осы. Мұның өзі де  ол кезде жүздеген облыстық басылымдардың ішінен, бұйырса, ілуде біреуіне ғана бұйырар зор бақыт еді-ау.
Иә, бұл газеттің өткен уақыт ішінде сұлу Көкшенің тарихы мен тағдыр-талайында алар орны ерекше. Соған орай, қалдырған соны із, айрықша белгілері де көп-ақ. Алысқа бармай-ақ тек бертінді ғана алсақ, хрушевтік ұр да жық саясатпен тағдырлары қыл үстінде тұрған қаншама шағын қазақ ауылдарына ара түсіп, құты  қашқан ана тіліміз үшін жан алысып, жан беріскені, журналистері жабылып қалған қазақ мектебі мен сыныптарын ашамыз деп үй жағалап, соған бала жинағаны, тіпті, партияның бюро мәжілістеріне дейін барғаны өз алдына бір әңгіме. Соның ішінде өз көзқарасы, өз ұстанымынан бір адым да кейін шегінбей, кезінде жабылып тынған Көкшетау қазақ педагогикалық училищесін қайта қалпына келтіргені, еселі еңбектерін үзбей насихаттаумен ұлтымыздан бүкіл Одаққа танымал небір ерлерді шығарып, даңқын асырғаны бір газеттің пешенесіне аз жұмыс па. Жоқ, әрине.
Оның үстіне бұл басылымның бүкіл еліміз үшін білікті журналист кадрларын даярлауда да өзіндік бір шеберлік мектебі болғанын қайда қоямыз?!. Айталық, осы газеттен тек бергі 20-25 жылдың көлемінде ғана екі республикалық, алты бірдей облыстық газеттің бас редакторы, үш облыстық телерадио комитетінің төрағасы, оннан астам аудандық және қалалық газеттердің редакторларының шығуының өзі тегіннен-тегін болмаса керек. Бұл да білгенге шығармашылық ортаның, мұндағы қалам қуатының мықтылығы дер едік. Ел тарихымен бірге жасасып, біте қайнасып келе жатқан, бірде Тың өлкесі құрылып, бірде облыс жабылып, екі рет оқырмандарға қоштасу сөзін де арнауға тура келген сол «Көкшетау» газеті  бұйырса, 70 жылдың жотасында тұр. Бұл жай ғана елеусіздеу қоя салатын оқиға емес. Қоғамымызда мерзімдік баспасөздің алар орнын, салмағын білдірер, осынша жасқа келген газетпен бірге тірек-сүйеніші – оқырман да рухани түлеп, бір шаттанып қалар тарихымыздың бір көшелі сәті. Осыны тиісті орындар мен көпшілік қауымға ертерек құлаққағыс етіп, байырғы басылымның өткені мен бүгінінен аз-мұз сыр шертуді жөн көруіміз де содан еді.
Жасай бер, жайнай бер, менің киелі де көрікті қара шаңырағым – «Көкшетауым!»
2000 жыл.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
қалалық «Көкшетау» газетінің
2011-2013 жылдардағы
бас редакторы.    

Суретте: «Көкшетаудың» халқымыздың аяулы перзенті
Жанайдар Мусин бастаған сексенінші жылдардың орта тұсындағы қызметкерлерінің бір тобы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар