Елдің ерен тойы

Жұмыс сапарымен Тараз қаласына келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументті ашу рәсімінде барша қазақстандықтарды Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Бүгінгі біздің бас қосып отырғанымыз баршаңызға мәлім, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы. Осы ұлық мерекемен барлығыңызды шын жүрегіммен құттықтаймын! Елордамыздан бастау алған, 2000 жылдық тарихы бар Тараз  қаласында жалғасып жатқан бұл мереке біздің халқымыз үшін, әсіресе, келер ұрпақ үшін өте керек еді. Біз бодандық кезеңінде жүріп, тәуелсіздік алмай жүрген кезде өз тарихынан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз терең екенін жастарға көрсетпесек, біздің онда «Мәңгілік Ел» болу деген идеямыз орындалмайды», – деді Елбасы.
 «Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған. Керей мен Жәнібек  артына ел ертіп, Шудың жағасына ту көтерген кезде, қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын. Соны дүниежүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екенін білсін деп осыны жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыстау заманға қарамай осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық», – деді одан әрі Қазақстан Республикасының Президенті.
 «Қазақ хандығының 550 жылдығы – бұл бүкілхалықтық мереке. Мерейтойлық шараға ежелгі қаланы жаңғыртып, келбетін тағы да бір өзгерттік. Тараздың 2000 жылдығын атап өтеміз деп бір жаңартқан болатынбыз. Енді 550 жылдыққа байланысты Тараз қаласының іші де, сырты да абаттанып, әдемі болды. Қазақстанның барлық облыстары атсалысты. Оларға зор рахметімізді айтайық», – дей келе, «Осы тойға 17 мемлекеттен арнайы келген барлық ағайынға рахметімізді айтамыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы қазақтың тарих қойнауынан бері қарай өсіп-өркендеп келе жатқан ел екендігін, ұлт екенін көрсетеді. Еліміздің ұлы тарихын әлемге танытып жатырмыз», –  деп атап көрсетті  Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Жамбыл облысының қарқынды дамып келе жатқанына да назар аударды.
«Биыл 170 мың шаршы метр баспана салынды. Жыл басынан бері 7 мектеп, 3 балабақша, аурухана пайдалануға берілді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында 33 нысан іске қосылды, екінші өнеркәсіптік бесжылдықта 27 нысанды іске қосып, 6000 жұмыс орнын ашу қарастырылған.  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай жобасы» аяқталып келеді. Осы қала арқылы теміржол, газ құбыры өтеді. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалуда. Жамбыл облысы еліміздің басқа да өңірлері сияқты өз дамуы жолында жаңа биіктерге жететін болады. Біз табыстарымыз арқылы әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу ниетіндеміз, бұл «Қазақстан – 2050» стратегиясының негізгі мақсаты болып табылады. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» және индустрияландыру бағдарламалары, сондай-ақ Бес институционалдық реформа да еліміздің болашағына жол ашады», –
деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Біз кез келген мерекені халыққа көбірек игілік жасау үшін пайдаланамыз. Әлемде тұрақсыздық, қақтығыстар мен соғыстар болып жатыр, ал біздің елде бәрі тату әрі өзара сыйластық негізінде өмір сүруде. Қазақстанды әлемнің өзге елдері біледі, құрметтейді. Еліміз қақтығыстарды шешу ісінде арағайындық жасап, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізіп келеді. Осының бәріне халқымыздың бірлігі арқасында қол жеткіздік», – деді әрі қарай Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы көпшілікті тағы да құттықтап, игілік пен бақ-береке, сондай-ақ елімізге тыныштық пен бейбітшілік тіледі.
Монументті ашу рәсіміне бес мыңға жуық адам қатысты. Ескерткіш стелласының биіктігі 28 метрді құрайды, оның тұғырында биіктігі 4,2 метр болатын Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері қойылған.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар