«Ержүрек адам ғана басқаны қауіп-қатерден арашалай алады»

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы
Арман ӘБДІХАЛЫҚОВ:

Адамды құтқарып, оның өміріне араша түсу – ең ізгі мамандықтардың бірі болып табылады. Өзгенің өмірі үшін жан аямай күресетін, құтқарушылар қашанда жауапкершіліктерін жоғары ұстауға тырысады.

Биыл елімізде төтенше жағдайлар жүйесі құрылғанына жиырма жыл толады. 1995 жылдың 19 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен алғаш рет төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылған еді.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Арман Әбдіхалықовпен  болған сұхбат әңгімеде апаттан құтқарушылардың мерейлі  мерекесі күні  сала қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстары кеңінен сөз болады.
–Арман Тілеулесұлы, бүгінде айналаға қарасаң, төтеннен келетін апат атаулы белең алып тұр. Тілсіз жау – өрттен басқа жыл сайын адамдарды әбігерге салатын су тасқынының да зардабы жеңіл емес. Апаттан құтқарушылар тағдыр тәлкегіне түскен жандарға көмекке алдымен келеді. Жалпы, бұл мамандықтың жақсы сипаттары жайлы айтып берсеңіз?
–Кешегі кеңес заманынан бастауын алатын өрт сөндірушілер, судан құтқарушылар және азаматтық қорғаныс саласы өздерінің кәсіби мерекелерін ескі жүйенің қалыптасқан дәстүріне сай атап келгені де рас. Кейін ел тәуелсіздік алып, төтенше жағдайлар комитеті министрлікке айналғанда, оның құрамына жоғарыда аталған құтқару қызметтері енгізілді. Атап айтсақ, 2008 жылдан бастап апаттан құтқарушылардың төл мерекесі ел Президентінің Жарлығы қабылданған күні аталып өтілетін болды.
Бүгінде Ішкі істер министрлігіне қарасты төтенше жағдайлар комитеті елімізде табиғи және техногендік апаттардың алдын алып, оның ошағын аластау мақсатында мемлекеттік  мүддені жан-жақты жүзеге асырып жатқанын көреміз.
Ата Заңымызда әр адамның емін-еркін өмір сүруін қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі екендігі айтылады. Қазіргідей  әртүрлі табиғи және техногендік апаттар жиі белең алып тұрған шақта төтенше жағдайлар қызметі өз жұмысын ұтымды ұйымдастыру үшін заманауи үрдістерге ерекше назар аударады.
Адам – қоғамның ең басты құндылығы, оның қауіпсіздігін қорғау мемлекеттің де негізгі міндеті саналады. Біз осы мақсатта өз жұмысымызды ұйымдастырып, әртүрлі апаттардың алдын алуға барынша көңіл бөлуге тырысамыз. Себебі, апат айтып келмейтін келеңсіз көрініс. Қашанда бейқам отырған халықты сақтандырып, олардың апат белең алған жағдайдағы әрекеттерін жүйелеудің маңызы зор.
   Алысқа бармай-ақ қояйық, көктемгі су тасқыны кезінде қаншама елді мекендер табиғат апатынан зардап шекті. Тілсіз жау төтеннен келіп, алаңсыз отырған адамдарды әбігерге салды. Біреу үйінен айрылды, біреудің  өміріне қауіп төнді.
Міне, біздің құтқарушыларымыз осындай апат кезінде алдымен қол ұшын беруге сақадай сай тұрады. Ол біздің міндетіміз. Демек, біз сағат емес, секунд сайын қырағылықты сақтап, қауіпсіздік күзетінде тұрамыз.
–Демек, ержүрек адам ғана құтқарушы бола алады дейсіз ғой…
–Біздің салада кездейсоқ адамдар болуға тиіс емес. Себебі, оларға қиын сәтте өзгенің бас амандығы үшін жан-тәндерімен күш жұмсауға тура келеді. Ең бастысы, өз ісін шынайы сүю басты қажеттілік болса керек. Әсіресе, олардың кәсіби шеберлік деңгейі көп мәселені шешуде өзінің ықпалын тигізеді.
Меніңше, теориялық білімнің де маңызы зор. Күнделікті өмірде апатты жағдайлардың неше түрі көрініс беріп жатады. Құтқарушы қандай қауіп туындамасын, сақадай сай тұрып, жіті қимылдағанда ғана оның нәтижесі болады. Әрине, апаттан құтқарушылардың кәсіби біліктілігі осы жерде үлкен рөл атқарады.
Құтқарушы адам дене бітімімен ғана күш-жігер иесі болмауы керек, оның моральдық және психологиялық дайындығы да шеберлік деңгейін жоғарылатады. Сондықтан, біздің қатарымызда әлжуаз адамның болмағаны абзал. Ержүрек адам ғана өзгенің басындағы қауіп-қатерге араша түсе алады.
–Ақмолалық апаттан құтқарушылардың ел мүддесі жолындағы қызметіне де тоқталсаңыз?
–Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайдан қорғану саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру біздің құзырымызға берілген. Жергілікті жердегі осындай келелі істер қашан да өзінің сан қырлы сипатымен ерекшеленеді. Әсіресе, қоғамға мол шығын әкелетін өрт және басқа да апатты жағдайлардың алдын алу  қашан да  мінсіз міндеттер жүктейді. Ағымдағы жылдың өзінде ғана 744 жедел оқиға орнына бару деректері тіркеліп, 334 адам құтқарылып, 578-і апат алаңынан оқшауланып, 102-сіне дәрігерлік көмек көрсетілді.
Әрине, біздің қызметімізге тілсіз жауды аластау ғана кірмейтіні анық. Көктемгі су тасқыны кезінде табиғат апатының алдын алу үшін қырағылықты күшейтіп, әр жердегі қаупі мол нысандарға қадағалау жасаймыз.  Биылғы су тасқыны кезінде барлығы 48 мың метр уақытша бөгендер салынып, 900 мың текше метр су сорылды. Бұл 15 елді мекеннің су қаупінен құтқарылуына негіз болды.
Дегенмен, су тасқынынан зардап шеккен елді мекендер де жоқ емес. Бұған төтенше жағдайлар қызметкерлері өздерінің бар күштерін жұмылдырып, қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік туғызғанын да айтқан жөн.
– Осы заманғы техникалық жарақтандырылу да қауіпті сейілтуге септігін тигізеді. Біздегі құтқару техникалары қандай деңгейде?
– Облыстың төтенше жағдайлар қызметінде барлығы 210 бірлік өрт сөндіру техникалары бар. Бұлардың 24-і арнайы өрт  сөндіру құралдары болса, 65-і қосымша техникалар саналады. Жыл сайын заманауи техникалар да сатылып алынады. Осы тұрғыда біздің қазіргі техникаларымыздың дені заман талабынан шыға алады деп айта аламыз. Жыл сайын бұған қыруар  қаржы бөлініп, техниканың қуатын жаңа түрлерімен қамтамасыз ету өз шешімін тауып келеді.
Жалпы, құтқарушы деген аса жауапты және ержүректікті талап ететін кәсіптің біріне жатады. Қазіргі қоғам үшін мұндай мамандықтың  маңыздылығы зор. Әсіресе, адам өміріне қауіп төндіретін табиғат апаттарын аластау, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен күресу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, біздің қызметкерлеріміз өз міндеттерін адал атқаруға тырысады. Олар күн-түн демей,  ұдайы тыныштық күзетін сақтап, адамдардың тыныш өмір сүрулеріне  жағдай жасайды.
Бүгінгі  біздің кәсіби мерекеміз күні  ел сенім артқан мерейлі істі адал атқарып, бар күш-жігерімізді  жұмсайтынымызға уәде береміз. Осы салада жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген барша әріптестерімді  төл мерекемен шын жүректен құттықтап, оларға және отбастарына амандық  тілеймін.

Сұхбатты жүргізген Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар