Рухани келісім – тұрақтылық негізі

Тыныштық пен татулық – елді өркендетудің басты арнасы. Алғашқы тәуелсіздік алған күннен бастап  Елбасымыз ұлтаралық және дінаралық бірлікті басты орынға қойып, тұрақтылықты сақтаумен келеді. «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұлағатты сөзінің астарында да осы жайлар жатқанын көреміз.

Жыл сайын, атап айтсақ,  жиырма үш жылдан бері 18 қазанды  Рухани келісім күні ретінде атап өтетініміз де бұған айқын мысал бола алады. 1992 жылы Қазақстанда  рухани келісімнің әлемдік бірінші конгресі өтіп, осы жиында  Президенттің  бас-тамасымен татулықтың мерекесі тойлана бастады. Ал, тарихқа зер салсақ, мұндай ең алғашқы форум Чикаго қаласында 1893 жылы өткен екен. Содан бері де бір ғасырдың жүзі болды.  Сөйтіп, Алматы қаласындағы  бұл  халықаралық рухани келісім конгресіне  қатысушылар арнайы  манифест қабылдап,  бұл күнді шиеленістерге мораторийлер және достасу жолдарын іздестіру күні деп жариялауға ұсыныс жасады. Содан бері Қазақстанда 18 қазан  – Рухани келісім күні ретінде атап өтіледі.  Бұл мейрам діни қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды факторларының бірі болып табылады. Ең  бастысы  дәстүрлі адамгершілік құндылықтар айналасына Қазақстан халқын біріктіру, толеранттық және рухани келісім идеяларын насихаттау екенін көреміз.
Көп ғасырлар бойы әртүрлі этностарға және діни наным мұраларына бай біздің халқымыз толеранттық, шыдамдылық және жаңаны қабылдауға ашықтық тәрізді қасиеттерді бойына сіңірді. Нәтижесінде, қазіргі кезде, Қазақстан барлық әлемдік қауымдастықпен тұрақтылықтың және татулықтың  ордасы  деп танылды. Оған қазақ жерінде 130 ұлттың үйлесімді тіршілік етуі де дәлел.  
Бүгінде елімізде барлығы 3500-ден астам діни бірлестіктер жұмыс жасайды. Бұл оннан аса әртүрлі конфессияны ұсынады.  Сондықтан, Қазақстанда қалыптасқан  мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасының үлгісі қоғамдық және діни мүдделердің балансында, өзара түсіністікке серіктестік және талпыныс қатынастарында діншілдердің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделді. Бұл біздің қоғамымызда  ой-сананың, ар-намыстың, діни наным мен сенімдердің толық еркіндігін де айғақтайды.
Қазіргі кезде әлемде конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі кеңінен танылып отыр. Оған Елбасының бастамасымен жүйелі  өткізілетін  Әлемдік және дәстүрлі дінбасыларының алқалы басқосуларын да мысал етуге болады.
Біздің Ата Заңымызда діннің  мемлекеттен бөлінгені  жөнінде қағида бар. Яғни, зайырлы мемлекет ұғымы алдымен айтылады. Бірақ, бұл дінге мемлекет немқұрайлы қарайды дегенді де білдірмесе керек. Себебі,  конфессияаралық қатынастардың келелі мәселелері мемлекет назарынан тыс қалмайды. Мемлекеттік билік және дін біздің еліміздің гүлденуі  жолында ортақ мүддені басты орынға қояды.
Бүгінгі таңда  Ақмола облысының аумағында 12 конфессияны ұсынатын 224 діни бірлестіктер бар. Діни жағдайға жүргізілген мониторинг нәтижесі де  діни бірлестіктер мен дін ұстанушылардың мемлекет мүддесін қашанда биік қоятынын көрсетеді. Олардың дені   қайырымдылық, мәдени-ағартушылық, гуманитарлық қызметпен айналысады және аталған мәселеде мемлекеттік органдармен белсенді ынтымақтасады. Мұндай ынтымақтастық қарым-қатынастар республиканың заңнамасына қайшы келмеуі, өзге азаматтар мен конфессиялардың құқығына қысым көрсетілмеуі тұрғысында өрбитінін көреміз. Мемлекет өз тарапынан діни бірлестіктерді ішімдікпен және наркоманиямен күрес, қылмыстық алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жанұяны нығайту, қоғамда жоғары діни және адамгершілік ортаны нығайту тәрізді әлеуметтік мәселелерді шешуге тартады.
Облыста діни дәстүрлерді жандандыру, діни ғимараттар – мешіттер, ғибадатханалар, құлшылық ету үйлері құрылысы белсенді жүргізілуде. Діни құндылықтарға халықтың құлшынысы дәстүрлі мәдениеттің қайта жаңғыруы арқылы да жоғарлай түскенін байқаймыз.   
Мемлекет пен дін оны ұстанушылар сеніміне қылау түсірмесе, қайта қамқорлық жасаса,  экстремизм мен терроризм атаулының ауылы да алыс болатыны анық. Қазір бұл бағытта көп жұмыстар тындырылуда. Соңғы жылдары облыстарда құрылған діни басқармалардың да негізгі жұмыс арнасы осы тұрғыда жасалып жатқанын баса айтуға болады.
Бізде тыныштық бар, бұл Елбасының сындарлы саясаты арқасында жүзеге асып жатқан ынтымақтың алтын арқау ошағы. Жүздеген ұлт пен дін өкілдері түрлері басқа, діндері өзге болса да, тілектері бір болып, өмір сүруде. Сондықтан, бүгінгі мереке күні барша қауымды, оның ішінде діндер өкілдерін айшықты оқиғамен шын жүректен құттықтағым келеді.  Әр адам, әр отбасы ізгілік пен мейірімділікке толы өмірдің қуанышты сәттерімен қауышып,  бұдан да тыныш, бұдан да тату елде өмір сүре берсін дегім келеді.
Сәуле Ыбыраева,
облыстық дін істері басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар