Жүзе бер, тартылмасын өмір-өзен…

Таяуда Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет үйінде өткен облыстық жас ақындар байқауларының жеңімпазы, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің студенті Екпін Тоқтардың «Жырым қалсын достарымның жүрегінде» бенефисі Қазақ хандығының 550 жылдығы мен аталмыш білім ордасының 60 жылдығына арналды.

Алдымен, өңірімізде талапты жастардың аз емес екенін айта кеткен ләзім. Жас өнерпаздарды қолдап жүретін ұлтжанды азамат Мұрат Қажы Ыдырысов пен ақын Алмас Темірбай талай інілерін сұңқар құстай түлетіп, соңына ерген жастардың жолын ашып жүр. Өр Алтайдан өнерін ұштап келген ақынның ойлы өлеңдерін тыңдауға өнер мен жыр сүйер жастар көптеп жиналды.
Сахнаға көтеріліп, сөз сөйлеген Мұрат қажы жас жігіттің мына замандағы таудай талабы мен концертті тегін беруіне ризалық білдірді. Тоқтардың ұлттық рухты ұлықтап, елдің еңсесін көтерем деген ұмтылысына оң баға айтылды. Жастарды ана тілін ұлықтауға, білімді, иманды әрі еңбекқор болуға шақырды. Екпін ақынға арнаған өлеңін оқып берді. Ақын Алмас Темірбайдың жүрекжарды тілегі мен жырларын жиналған жұрт ынта қойып тыңдады. «Тау баласы тауға қарап өседі», демекші жас ақын Екпін Тоқтар Алтай аймағының тумасы. Бұдан 5 жыл бұрын тарихи Отанына қоныс аударып, Арқалық қаласының орта мектебін тәмамдаған. Қазір Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде драма театрының әртісі мамандығы бойынша білім алуда. Шарада ақынға бағыт-бағдар берген әдебиет пәнінің мұғалімі Меңсұлу Бадаева мен сынып жетекшісі Әлия Қожахметова сөз сөйлеп, торғайлық дәстүр бойынша алтын жүзік тарту етті.
Мәдениет колледжінің ұстазы, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Айжан Оспанованың тобы тамаша өнер көрсетті. Жігіттер биінің аясында Тоқтар ақынның сахнаға шығып, өлең оқуы, оның сөзіне жазылған «Неге сәулем?», «Енді қашан кезігемін», «Жаныма», «Нәзігім» және «Мәртебесі қазақтың» әндерінің орындалуы, өмірден алынған қойылымдар, оның лирикалық өлеңдерін достарының оқуы өнер сүйер қауымның көңілінен шықты.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар