Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жан серігі домбыра - АРҚА АЖАРЫ

Жан серігі домбыра

Аудандық мәдениет үйінде дәстүрлі әнші Совет Балмұхановтың «Ән аламанында 60 жыл» атты шығармашылық кеші болып өтті.

Адам қай салада еңбек етсе де, қай қоғамда жүрсе де, тумысынан бойына біткен дарындылық ешқайда да кетпейді. Кезінде ауыл шаруашылығы, құқық қорғау саласында ұзақ жыл тер төккен, сонда да қазақтың киелі қара домбырасын қолынан тастамаған Совет Балмұхановтың шығармашылық жолына қанығып біз осындай ойға келдік. Бес жасынан өнерге құмар бұл кісі 1955 жылы Көкшетау төрінде өткен ән фестивалінде Абайдың «Сегіз серісін» домбырамен күмбірлете орындаса, одан кейінгі жылдары Сәбит Мұқановтың, Абай Құнанбаевтың 100, 150 жылдық мерейтойларында да жарқыратып тұрып өнер көрсеткен екен. Кейінгі ұрпақ мұны біле қоймас, алайда замандастары Совет атаның өңіріміздің мәдени дамуына қосқан үлесін жақсы біледі, қадірлейді.
Биыл жасы жетпіс беске келген қарияның ән аламанында жүргеніне 60 жыл толып отыр. Осы қуанышқа орай ақсақалдың өзі өнер көрсетіп жүрген қара шаңырағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған кеш барысында немерелері аталарының құрметіне күй тартса, әріптестері әннен шашу шашты.
Мәдениет үйін басқарып отырған Сәлима Шәріпова жүрек түпкірінен ақтарылған ақ тілектерін айтып, мерейтой иесін қуанышымен құттықтады.
– Совет Балмұханов – ұжымымыздағы ең сыйлы әріптестеріміздің бірі. Бүгінде жасы жетпістен асса да, қоғамдық шаралардан бір қалып көрген емес. Қолқа тастасақ болды, әрбір іс-шараға домбырасын алып келеді. Оның өнерге деген бұл сүйіспеншілігі кейінгі жастарға үлгі боларлықтай, – деді аудандық  мәдениет үйінің директоры. Ал, «Ақкөл сазы» фольклорлық тобының жетекшісі, жас әнші Дәулет Бауыржан: – Сал-серілеріміздің ізін жалғап келе жатқан, домбыраның құлағында ойнайтын, өнер десе ішкен асын жерге қоятын алдыңғы буын ағаларымыздан үйренетініміз әлі көп. Совет ата біздің топта өнер көрсетеді. Ақылшымыз, ұстазымыз да осы кісі, – деп ағынан ақтарылды.
Кеш барысында дәстүрлі әншінің шығармашылық өнер жолы туралы, адамгершілік қасиеттері жайлы аудан басшылығы тарапынан да біраз жақсы-жақсы пікірлер айтылды. Қонақтарға деген ризашылық сезімі ретінде Совет Балмұханов Ақан серінің «Мақпал», Біржан салдың «Жонып алды» атты әндерін тамылжыта орындап берді. Біз де қарияға өнер жолына шеккен сапарыңыз ешқашан таусылмасын, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын дегіміз келеді.     

Ақкөл ауданы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар