Газетіміз беттеліп жатқанда, белгілі жұлдызшы, ауа райын болжаушы Назарбек Қожамсейітов ағамыз да жетпістен асқан шағында дүниеден өтті деген суық хабар жетіп, көңіліміз құлазып қалды.
Өзінің тылсым сырға толы қасиеттері арқылы халықпен етене жақындасып, жыл мезгілдерінен көкірегіне түйген жорамалдарын ел қаперіне жиі салып отырушы еді. Жұрт мерзімдік баспасөз беттеріндегі ой-пікірлеріне кәдімгідей елеңдеп, алдағы күн райымен салыстырып, көбіне дәл келуімен келісіп жататын. Әрбір жаңа жылдың сыңайы да қалай болатынына өз болжамдарын
айтуда Назарбек ағамыздан асқан жұлдызшы көрмеппіз.
Дәл 2011 жылдың 11 мамырында редакциямыздың қадірлі қонағы болып, құрметті меймандар кітабында «Арқа ажарының» ұжымына табыс тілей отырып, халықтың сүйікті газетіне айналуына тілектестігімді білдіремін» деп қолтаңбасын қалдырып еді. Әрі сол жолы «ниеті дұрыс елдің ісі алға басады. Біздің қазақтың ниеті түзу ғой» дегені бар-ды.
Бүгін соны айтқан Сіз де жоқсыз. Хош болыңыз, қадірлі аға! Жаныңыз пейіштің нұрында шалқысын.
«Арқа ажары» газетінің ұжымы.