Баптай білсең, жер жомарт

немесе сала қайтарымы қайткенде артады?!.

Облыс диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, егін орағын ойдағыдай аяқтады. Әсіресе, Жарқайың және Ақкөл аудандары жауапты науқанды қарқынды өткізді.

Сәтін салған жыл

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан бізбен әңгімесінде 4,2 миллион гектар алқаптан 4,6 миллион тонна астық жинап алынғанын, гектар берекесі 11,2 центнерден айналғанын айтты. Биылғы жылғы астықтың сапасы өткен жылғыдан тәуір. Астықтың 80 пайызы 3 класты. Бұл көрсеткіш өңірдің агроөндірістік кешені мен ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытуға және жергілікті елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
Өңірдің жақсы нәтижеге қол жеткізуіне Сандықтау ауданының «Свободный» серіктестігі, Есіл ауданының «Заречный» серіктестігі, Жақсы ауданының «Труд» серіктестігі, Аршалы ауданының «Ижевский» өндірістік кооперативі, Астрахан ауданының «Фермер-2002» серіктестігі және өзгелері үлестерін қосты. Бұл шаруашылықтарда гектар берекесі 15-21 центнерден айналды. Олар мол астық алу үшін барлық агротехникалық шараларды жүргізді. Өткен жылы жыртылған парлардан да мол өнім алынған.
Биылғы жылы облыстың алқаптарында фитосанитарлық жағдай қиын болды. Осыған байланысты егінді арамшөп, зиянкестер мен аурудан қорғау мәселелеріне ерекше назар  аударылды. 4,5 миллион гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілді. Республикалық бюджет есебінен 374,2 мың гектар жерде итальяндық прусқа қарсы шаралар жүргізілді. Облыстық бюджет есебінен 47 мың гектар жер шегірткеге қарсы, бидай трипсі және өзге де аурулар  химиялық әдіспен өңделді. Сондай-ақ, септориоз және бидай совкасына қарсы химиялық өңдеу жүргізілді. Үстіміздегі жылы 618,8 мың гектар алқапта үш рет пар өңделді. Оның 104,5 мың гектарына химиялық әдіс қолданылды. Қазір парлар төртінші рет өңделуде.
Облыста картоп пен көкөніс жинау жұмыстары аяқталды. Картоп жақсы шығып, Астана қаласы мен өңірдің қажеттілігін толық қамтамасыз етті. Бірер күннен кейін майлы дақылдар толық жиналады. Әртүрлі сұрыпты ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарымен облыс қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. Қазір ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тұқым тазалау және оны егіс жағдайына жеткізу жұмыстарын жүргізуде.
2016 жылдың көктемгі егісіне жер өңдеу жұмыстары қарқын алды. 13 қазанға дейін 557 мың гектардың жері жыртылды. Бұл көзделген барлық алқаптың 74 пайызы. Бұл жұмысты 1 миллион гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Малды қыстату үшін 1,6 миллион тонна шөп, 126,5 мың тонна жемшөп, 100 мың тонна силос дайындалып, мал шаруашылығы қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. Жалпы, облыс бойынша 2015 жылғы дала жұмыстары аяқталып, осы бастан алдағы көктемгі егіске дайындық шаралары қолға алынуда.

Астық жолындағы тосқауылдар
Облыста 10,5 миллион гектар жер ауыл шаруашылығы жерлері. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы құрылымдарының өндірушілердің биылғыдан да мол астық жинауға әрі мал басын көбейтуге мүмкіндігі мол.
Оның үстіне 1,4 миллион гектар қосалқы ауыл шаруашылығы жері де бар. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадралина бізбен әңгімесінде жыл өткен сайын облыс аумағында осы жердің берекесін арттыруға және тиімді пайдалануға бағытталған шаралар жүргізілетінін, 2012-2014 жылдары түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 1110,3 мың гектар жер анықталғанын айтты. Жалға беру келісім-шарттарын бұзу арқылы 255,4 мың гектар алқап мемлекетке қайтарылған. 590,7 мың гектар жер пайдаланыла бастады. 65,4 мың гектар алқапты жалға беру келісім-шарттары жөніндегі материалдар сот органдарының қарауында жатыр. 5 мың гектар жерді жалға беру келісім-шарттарын бұзу жөнінде ескерту жасалыпты. 85 мың гектар алқап кепілдікте тұр.
Мемлекет қарамағына қайтарылған пайдаланылмайтын жерлер конкурс арқылы өзгелерге ұсынылады. Биыл ауыл шаруашылығы айналымына 152 мың гектар алқап енгізілген. Енді жерді пайдаланбағандар салық пен төлемді 10 есе артық төлейтін болады. Мәселен, Шортанды ауданындағы «Жаңажол-Т», «Төңкеріс», «Аружан и ТС», «Жайлау Астана» серіктестіктері мен «Интернационал Астана», «Сарыарқа», «Сантим» шаруа қожалықтары 8 мыңға жуық алқапты пайдаланбай  отыр. Серіктестіктердің жерлері кепілдікте тұр. Шортанды аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Иманбай Қалиев бізбен әңгімесінде әрбір жер иелерінің тірек етіп жүрген Астанада көкелері бар екенін айтты. Еңбекшілдер ауданында 62 мың 506 гектар алқап пайданылмай отыр. Оның көбі аты шулы «Богви» серіктестігінің жерлері. Мәселен, «Донской» серіктестігінің жері кепілдікте тұрса, «Еңбек нан» серіктестігі банкротқа ұшырады. Олар қарыздарын жабу үшін барлық мүліктері мен техникаларын сатуда. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерсайын Сабыров бізбен әңгімесінде шаруа қожалықтары 2567 гектар алқапты пайдаланбай отырғанын айтты. Еңбекшілдер ауданында 84 мың 453 гектар жер мемлекет қорына қайтарылған. 11154 гектар егіс алқабы конкурс арқылы пайдалануға беріледі.
Көктемгі егіс пен егін орағы науқанын уақытында аяқтау ауыл шаруашылығы техникаларына тікелей байланысты екені белгілі. Облыс бойынша 25 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы тіркелсе, оның 67 пайызы он жылдан астам уақыт пайдаланылған. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары соңғы төрт жылдың ішінде барлық ауыл шаруашылығы техникаларының 9,3 пайызын жаңартқан. Биылғы жылдың көктемгі егіс науқанына 17 мың сеялка, 1026 өнімділігі жоғары егіс кешені қатысты. Олардың арасында он жылдан астам уақыт пайдаланылған «Джон Дир» егіс кешендері кездеседі. Облыстық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Максим Гацановтың айтуынша, соңғы төрт жылдың ішінде облыс бойынша  205 егіс кешені, 1096 комбайн, 1022 трактор сатып алыныпты. Дегенмен, бұл аз. Осы мерзім ішінде Ақкөл, Астрахан, Жақсы, Жарқайың, Зеренді және Целинорад аудандары ауыл шаруашылығы техникаларының тек қана 5-9 пайызын жаңартқан көрінеді. Осыдан барып жауапты науқан кешеуілдеп, гектар түсімі де азайып жатады.
Техниканың көбі ескірген…
Әрбіреуі 40 миллион теңге тұратын егістік кешенін кез-келген шаруашылық, әсіресе, шаруа қожалықтары сатып ала алмайды. Мәселен, Жақсы ауданының «Айтжан» шаруа қожалығы «Беларусь» тракторын 45 жыл бойы пайдаланып жүр. Шаруашылықтың 200 гектар егістік алқабы мен азын-аулақ малы бар. Бұларға жаңа техникалар ауадай қажет болғанымен, сатып алуға шамалары жоқ. Сондықтан, әбден тозығы жеткен тракторларды пайдалануға мәжбүр.
Облыстық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Максим Гацановтың айтуынша, бүгінгі таңда тракторлардың 74 пайызы, комбайндардың 62,6 пайызы және егіс кешендерінің 12 пайызы тозған. Диқандар шетелден сатып алынған ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін уақытында таба алмайтын көрінеді. Оны тасымалдаушылар шетелден әкелгенше, көктемгі егіс науқанының мерзімі өтеді. Бұл жерде диқандар техникалардың пайдалану ережесін сақтамайтынын айта кеткен жөн. Олар маусымдық жұмысты аяқтаған соң қосалқы бөлшек тасымалдаушы компаниялардан арнайы мамандар шақырып, техниканың жағдайын тексертіп, қажетті қосалқы бөлшектерге тапсырыс берулері қажет. Сонда ғана техника келесі жылғы маусымдық жұмысқа дайын тұрады. Мұндай шарамен тек қана ірі кәсіпорындар айналысатын көрінеді.
Сеялка сияқты ескі ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерінің нарығы бай. Өңірде мұндай техникалар мен жабдықтарды жеткізумен көптеген тасымалдаушылар айналысады. Бұдан басқа облыс орталығында жақын шетелде жасалған қосалқы бөлшектерді сататын бірқатар дүкендер жұмыс істейді. Сондай-ақ, тапсырысты тез арада орындайтын кіші дүкендер де жетерлік. Алыс шетелдерде жасалған техникалардың қосалқы бөлшектерін жеткізуде мәселе туындайды.   
Біздің өңірдің жері әртүрлі болғандықтан, әр шаруашылық өздеріне тиімді технология қолданады. Бәрі бірдей технологиямен және техникамен жұмыс істей алмайды. Қазір көптеген шаруа қожалықтары тозығы жеткен техникалармен жұмыс істеуге мәжбүр. Банктен қаржы алып, жаңа техника сатып алайын десе көбінің кепілдікке қоятын мүлкі жоқ. Бұл орайда, Аршалы, Зеренді, Атбасар және Жарқайың аудандарының кейбір ірі шаруашылықтары күні бүгінге дейін өздерінің техника паркін жаңарта алмай отырғандығы алаңдатады. Есесіне техникалары жаңа, барлық агротехникалық шараларды уақытында жүргізген шаруашылықтар дер кезінде тұқым сіңіріп, мол астық жинап жүргеніне ел куә. Бірақ, осыған өзгелері қашан қол жеткізеді? Міне, гәп сонда…

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар