Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қорғалжын қорығы қоқиқазымен әсем - АРҚА АЖАРЫ

Қорғалжын қорығы қоқиқазымен әсем

Қорғалжын мемлекеттік табиғат қорығын, оның сирек кездесетін аңдар мен құстарға бай екендігін елімізде білмейтін адам жоқ.

Әсіресе, ерте көктемде осы өңірге  ұя салып, балапан өрбіту үшін ұшып келетін қайталанбас сұлулығымен ерекшеленетін қазақ қоқиқаз атайтын фламинго қорықтың ерекше мақтанышы. Ғашықтықтың, адалдықтың символына айналған аққу құспен тұқымдас саналатын қоқиқаз өзінің алқызыл реңімен, нәзіктігімен ерекшеленеді.
Ежелден саятқұмар қазақ халқы тазы жүгіртіп, бүркіт, қаршыға, ителгі баптап, даланың сырына қаншалықты машықтанған болса да, ешқашан аққуға, қоқиқазға оқ атпаған. Халқымыздың жазылмаса да, әркімге мәлім бұл заңы ешқашан бұзылған емес. Ал, Қорғалжын мемлекеттік қорығы ерекше қорғалатын аймақтар қатарына жататындығын ескерсек, қоқиқаздың  айдында еркін жүзуіне бүгінде де барлық жағдай жасалған деуге болады. Бүгінде еліміздегі ең ірі қорықтар қатарына жататын бұл өңір ЮНЕСКО-ның тізіміне алынып, әлемдегі айрықша қорғалуға тиіс аймақтар қатарынан орын алған.
Бір назар аударарлығы, мұнда жергілікті тұрғындарды, әсіресе, жас жеткіншектерді табиғатты аялауға, сирек кездесетін аңдар мен құстарға қамқорлықпен қарауға бейімдеуге бағытталған көптеген игі шаралар да жиі өткізіледі. Солардың бірі жыл сайын өткізілетін «Фламинго» фестивалі. Ал, биыл бұл шара Қазақстан Республикасы Ата Заңының 20 және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып өткізілді.
Ақмола облыстық туризм басқармасы мен «Education Invest» қоғамдық қорының демеушілігімен өткізілген бұл шараға әр өңірден көптеген қатысушылар келді. Фестиваль бағдарламасына сәйкес түрлі байқаулар өткізілді. Атап айтар болсақ, «Қорғалжын өңірінің табиғаты туралы ең үздік  сурет» аталымы бойынша сирек кездесетін, жоғалып кету қаупі бар аңдар мен құстардың, оның ішінде қоқиқаздың суреттері сарапқа салынды. Ал, «Қызғылт фламинго» тақырыбында қатысушылар саздан, ағаштан, қағаздан жасалған қолданбалы өнер туындыларын ортаға салды. «Ең үздік фотосурет», «Ең үздік ән-жырлар» аталымдары бойынша да өнерпаздар бақ сынасты.
Аталмыш шараның бір ерекшелігі, мұнда басты назар кімнің оза шапқанына емес, табиғатқа қамқорлықпен қарап, туған өлкенің қайталанбас сұлулығын дәріптеуге баса назар аударылды. Сондықтан да болар, қатысушылардың бәрі де сыйлықтан құралақан қалмай, облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырхановтың қолынан арнайы дипломдар алды.  

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар