Еліне еңбегі сіңген

Кенжебай Тәттіғожин кім еді?..

Әр ауданда, облыста сол өңірдің дамуына айтарлықтай үлес қосқан азаматтар баршылық. Уақыт өткен сайын олардың есімдері кейінгі ұрпақтардың жадында сақтала бермейді. Өйткені, оларды жақсы білетін, танитын, әріптес, қызметтес болған адамдар жыл санап азайып келеді. Бұл – өмірдің заңдылығы.
Сондай тұлғалардың бірі халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, білім саласындағы көп жылғы адал қызметі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен және көптеген медальдармен марапатталған Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Молдабайұлы Тәттіғожин еді.
Ол кісі 1912 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданы) дүниеге келген. Әкесінен екі жасында айырылған Кенжебай ерте есейіп, анасының көмекшісі әрі жанашыры болып өсті. Ауылдағы бастауыш мектепті аяқтаған соң аудан орталығындағы мектеп-интернатта оқиды. 1929-1933 жылдары қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев ұстаздық еткен Петропавл қазақ педагогикалық  техникумында дәріс алады. Осы оқу орнын бітіргеннен кейін Петропавл қаласында және Солтүстік Қазақстан облысының Совет ауданында (қазіргі Аққайың ауданы) бастауыш сыныптың қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі, кейін мектеп директоры қызметін өзіне тән жоғары адамгершілікпен атқарған. Өзінің біліктілігімен және кәсіби шеберлігімен көзге түскен жас маманды одан әрі аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындап, үлкен үміт артқан. Бұл кезде Кенжебай небары 26 жаста ғана еді.
1937 жылы кәсіби білімін арттыру мақсатында ол Алматы қаласындағы қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. 1941 жылы осы оқуды тәмамдап, қызметінде жүрген Кенжебайды 1942 жылдың сәуір айында Отан қорғауға шақырады. Білімді де қабілетті Кенжебай Молдабайұлын Тәшкент қаласына көшірілген Харьков әскер-саяси училищесіне оқуға жібереді. Училищені ойдағыдай бітірген жас политрукті Сталинград майданына жөнелтіп, онда әскери-саяси комиссар қызметін атқарады. 1946 жылы соғыста алған жарақаттары салдарынан жас офицер әскери қызметінен босатылып, еліне оралды.
Жергілікті билік органдары әскерден жаңа ғана оралған офицердің білімі мен өмір тәжірибесін ескеріп, Кенжебай Молдабайұлын бірден Көкшетау аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне бекітеді. Ол кезде Көкшетау ауданы (қазіргі Зерендімен бірге) облыс орталығы іргесіндегі екі ірі аумақтық әкімшілікке біріктірілген еді. Осы ірі екі ауданда елуден астам мектеп бар болса, көпшілігі шағын елді мекендерде орналасқан болатын. Білім ошақтарының біразының материалдық базасы нашар, білікті кадрлар жеткіліксіз, жолдары мен байланыс та ойдағыдай емес. Шағын елді мекендердің көпшілігі қазақ ауылдары еді. Заман талабына сай білім беру мақсатында ірі елді мекендерде, шаруашылық орталықтарында орта мектептер жанында интернаттар ашылды. Олар Қызылсая, Еленовка, Симферополь, тағы басқа елді мекендер. Қазіргі аға және орта  буын өкілдерінің біразы сол кездегі осындай мектеп-интернаттардың түлектері.
Өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ешқашан оңай шаруа болған емес. Мектептердің жұмысына тиісті жағдай жасау, оқытушылар мен оқушылардың ара қатынасы, білім берудің жемістері мен кемшіліктері, әрбір оқу орнына әдістемелік көмек көрсету сияқты мәселелер екі инспекторы ғана бар аудандық оқу бөлімінің күнделікті жұмысы еді. Осы күрделі қызметте Кенжебай аға өзін қабілетті ұйымдастырушы, ұстаздардың тәлімгері ретінде танытты. Кенжекең балалық кезінен жетімдікті, өмір қиыншылықтарын басынан кешкен, өмір бойы білімге ұмтылған, сөйтіп, қатарынан 21 жыл бойы бар күш-жігерін Көкше өңіріндегі білім жүйесінің дамуына арнады десек, артық емес. Ол соғыста алған жарақаты сыр беріп, денсаулығының нашарлауына қарамастан, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Көкшетау ауданының қоғамдық өміріне белсене қатысты.
Көкшетау ауданының бұрынғы орталығы Краснояр кентінде қазақ тіліндегі №3 орта мектептің бар екені белгілі. Осы білім ордасына 20 жылдан астам уақыт аудандық оқу бөлімін басқарып, өңірде білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Кенжебай Тәттіғожиннің есімі берілсе, құба-құп болар еді деп ойлаймыз. Әрі Ұлы Жеңістің 70 жылдығында қолға алынар бұл игі істі бүкіл майдангер ұстаздарға көрсеткен құрметіміз деп білер едік.

Сабыр СЕЙТХАН,
еңбек ардагері, зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар