Бала жанын баураған

жазушы «Балдәуренде» қонақта болды

  Әр жыл сайын «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында төрт мыңнан астам балалар дем алады. Жалғыз демалыс қана емес, әртүрлі ем-дом қабылдап, денсаулықтарын жақсартады. Оның үстіне рухани байлық та еселене түспек. Таяуда мұнда биыл алпыстың асқарына шыққан белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайыммен кездесу өткізілді.

 Толымбек Әбдірайым (суретте ортада) балалар тақырыбына жазып жүрген санаулы жазушылардың бірі. Жазушының қаламынан туған көптеген шығармалар көңілі әдебиетке құлайтын, көркем әдебиетті сүйіп оқитын балалардың жанын өзіне баурап алғалы қашан. Жылы шуақты кездесудің басында әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлмира Дауылбаева дайындаған бейнефильм көрсетілді. Кешті жүргізуші Жанар Сәдуова жазушының «Ұят-ай» әңгімесінен мәнерлеп үзінді оқып берді. Толымбек Әбдірайым жайында жазушы Асқар Алтай былай деген болатын: «Балалардың жан дүниесі жайында жазуды көптеген қаламгерлер армандайды, бірақ, ойдағыдай шығара алмайды. Бар сезімімен селкеусіз, дөп түсетін жазушы сирек. Осындай жазушының бірі – Толымбек Әбдірайым». Өз әріптестерінен осындай жақсы баға алған Толымбек Әбдірайым өз сөзінде балалық шағы туралы қызғылықты әңгімелердің тиегін ағытты. Оқырмандардан жақсы бағасын алған көркем шығармаларының бірі – «Тұнжыр» повесінің қалай жазылғандығы туралы, ондағы бас кейіпкердің өмірі туралы тебіреніспен толғап айтып берді. Жазушының жан сырынан кейінгі кезек оның жас достарына берілді. Оқушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, қызғылықты мәліметтер алды.
Жазушымен өткен жылы жүзді, әсерлі кештің соңында директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бірлік Баржақсынов жазушыны алпыс жылдық мерейтойымен құттықтап, сыйлық табыс етті. Ал, кішкентай достарына арнап, сүйекті шығармалар жазған жазушы «Балдәуреннің» кітапханасына өз шығармаларын сыйға тартты.
Салтанат ҚАЛИЕВА,
«Балдәурен» республикалық
оқу-сауықтыру орталығының мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар