Облыс орталығындағы №7 «Айша» балабақшасының ашылғанына биыл бес жыл толып отыр. Балабақшада 364 бала тәлім-тәрбие алуда.
Мұнда бүлдіршіндерге жан-жақты білім мен тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған. Дене шынықтыру мен музыка залы, логопед, педагог-психолог кабинеттері бәрі бар. Бірінші қабатта бассейн, түрлі жасыл өсімдіктерге толы қысқы бақ орналасқан. Топ бөлмелеріне жаңа жиһаздар қойылып, қажетті құралдармен жарақталды. Балабақшада жүзге тарта адам қызмет етеді. Соның ішінде, бала тәрбиесімен отыз екі тәрбиеші айналысады. Бәрі өз жұмысын тиянақты әрі жауапкершілікпен атқарады. Мекеме меңгерушісі Бану Нупилова ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатып, ілкімді еңбек етеді. Мен жолдасымды осы балабақша қабырғасында кездестірдім. Бүгінде бір ұжымда бірлесе жұмыс істейміз. Жолдасым әкімшілік-шаруашылық бөлімі бойынша меңгерушісінің орынбасары, өзім тәрбиешімін. Екі ұлымыз бар. Үлкеніміз Әмір аталмыш мекеменің тәрбиеленушісі. Отбасымыздың атынан «Айша» балабақшасына айтар алғысымыз зор. Мектепке дейінгі мекеменің табалдырығын аттап шыққан бүлдіршіндер еліміздің елеулі азаматтары болсын деп тілек білдіреміз! Осындай балабақшалар қатары көбейе берсін! Айнұр МЕНКИНА, №7 «Айша» балабақшасының тәрбиешісі.