Имани білім – жан азығы

Имамдардың білімін жетілдіруге арналған Алматыдағы Ислам институты көп жылдардан бері діни кадрлар дайындап келе жатқан бірегей оқу орындарының бірінен саналады.

Ерекше айтып кететін жайт, қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен институтқа жаңа серпін, оң өзгерістер енгізілді.
Институт директоры Кенжеәлі Қоңыратбайұлының басқаруымен осы ғимарат қазіргі заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ислам институтындағы имамдар білімін жетілдіру мерзімі – екі ай. Жылына институтта төрт топ дәріс алады. Пәндер қазақ және араб тілдерінде оқытылады.
Институтта ғылым докторлары, ғылым кандидаттары мен Әл-Әзһар университетінің түлектері және Бұқара, Тәшкент оқу орындарын тәмамдаған жоғары білімді ұстаздар дәріс береді. Олардың ішінде Мысырдан арнайы шақыртылған шетелдік мамандар да бар.
Жалпы, институттың басты мақсаты – Қазақстан және басқа да көршілес мемлекеттерден дәріс алуға келген имам-молдалардың білім деңгейін жоғарылатып, кәсіби шеберліктерін арттыруға үлес қосу, имам деген атқа лайық ел құрметтейтін мамандарды дайындау.
Осы мақсатты іске асыруда институтта оқушылар үшін толық жағдай жасалған. Компьютерлермен жабдықталған кең аудиториямен қатар, оқу талабына сай діни әдебиеттер жинақталған кітапхана, 70 адамдық намазхана мен асхана бар.
Бүгінгі күні институттың ашылғанына 12 жыл толып отыр. Қазақстанның әр түкпірінен келген 1000-нан астам имамдар осы оқу ордасында арнайы курстарды ойдағыдай тәмамдап, жоғары дәрежелі «Имам-Хатиб» мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіруде. Екі айлық курсты бітірген имамдарға мемлекеттік үлгідегі диплом (шахада) беріледі. Мұнда 21 пәннен дәріс оқытылады. Оның негізгі бес пәнінен емтихан алынады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әр мұсылман ер адамға, әйелге білім алу – парыз» – деген. Оқусыз – білім жоқ, білімсіз – күнің жоқ.
Қазіргі таңда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы имамдар мен молдалардың білімі мен біліктілігіне ерекше мән беруде. Осы жылдың тамызы мен қазан айлары аралығында аталмыш институтта республикамыздан 42 имам білім алды.
Жақында Ақмола облысынан Төңкеріс ауылының бас имамы Бекболат қажы Хасенұлы барып, білімін жетілдіріп келді. Ол оқуын өте үздік аяқтады. Оған институт директоры Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы арнайы Алғыс хат табыс етіп, өзінің ризашылығы мен ақ батасын берді. Сондай-ақ, барлық имамдарға  алған білімдерін елдеріндегі жамағатқа дұрыс түсіндіріп, Алла ризашылығы үшін қызмет етулеріне тілектестік білдірді.

Салтанат  ҚАУМҰРАТОВА.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар