Облыс орталығында сонау XIX ғасырда Қытай елінде жасалған көне ыдыс табылды.
Осынау көне жәдігерді таяу-да Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қала тұрғыны Бахытжан Елеусізова тапсырған екен.
Мамандар бұл жәдігердің XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында аспан асты елінде жасалғанына еш күмән жоқ деп отыр. Себебі, ыдыстағы бейнелер, ою-өрнектер мен сурет-кескіндер сол замандағы қытай қолөнер шеберлерінің қолтаңбасы екенін жазбай тануға мүмкіндік беретінін айтады. Ең қызығы – бұл жәдігердегі ою-өрнектер аталған мұражайға осыдан 47 жыл бұрын әкелінген тағы бір Қытай ыдысына өте ұқсас.
Жәдігерді көкшетаулықтар енді мұражайдың көрме залынан тамашалай алады.
– Бұл ыдыс оны бізге тапсырған адамның туысына тиесілі болған екен. Ал, ол кісі мұны ертеде Петропавл қаласындағы жәрмеңкеден сатып алыпты. Көне жәдігердің иесі болған әжей 1987 жылы шамамен 90 жасында өмірден озған. Қарасаңыздар, мына екі ыдыстағы суреттер бір-біріне қатты ұқсайды. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл ыдыстар Қытайдың соңғы билеушісі Гуан Сүйдің тұсында жасалған, – дейді мұражайдың аға ғылыми қызметкері Айман Салмұхаметова.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.