Істің тетігі – жауапкершілікте

Облыс әкімі Сергей Кулагин Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралап көрді. Жергілікті жерде еңбек ұжымдары-мен жүздескен сәтінде Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан туындайтын асқаралы міндеттер үдесінен шығу жолы айқындалып, нақты тапсырмалар берілді.

Алдымен «Новокиенка» серіктестігінің астық кептіретін кешенінде болған облыс әкімі мұндағы жұмыс ырғағымен танысып, атқарылып жатқан шаруаға көңілі толатындығын білдірді. Мұнда 400 мың тонна қатты бидай, 2,6 мың тонна жұмсақ бидай тұқымы сақталуда. Серіктестіктің бас агрономы Дәулет Байжұмановтың айтуына қарағанда астық кептіретін кешен үстіміздегі жылы пайдалануға берілген. Серіктестіктің 22,5 мың гектар егістік алқабы бар. Астықпен қоса майлы дақылдар да себіледі. Келесі жылы арпа себуді де межелеп отыр. Облыс басшысы серіктестіктің мал бордақылау алаңын да аралап көрді. Бордақылау алаңында үш мың бас ірі қара мал күтілуде. Семіртілген мал негізінен облыс орталығындағы «Бижан» серіктестігі мен Есіл ауданындағы «Айбат» серіктестігінің шұжық цехтарына өткізіледі. Аудандағы ең ірі шаруашылықтардың бірі «ТНК» серіктестігінде бүгінгі күні 5 мың ірі қара мал бар. Серіктестікте екі жүзге таяу адам еңбек етеді.
Облыс әкімі Новокиенка орта мектебінің жанындағы шағын орталықта болды. Бір атап өтерлігі, орталықтың ғимараты серіктестіктің меншігі. Барлық шығынды серіктестік өз мойнына алған. Селодағы мектеп жасына дейінгі бөбектердің барлығы осында тәрбиеленеді. Облыс әкімі шағын орталықтың ішін аралап көріп, мұнтаздай тазалығы мен мұқият реттілігіне разы болды. Селода фельдшерлік-акушерлік пункт те жұмыс істейді. Ауыр сырқаттанғандарды
аудан орталығына жеткізу қиын екен. Өңір басшысы бұл мәселені тез арада шешу қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, төңіректегі 11 село тұрғындары небары екі амбулаторияға қаралады. Амбулатория санын көбейтуді тапсырды.
Бүгінгі күнгі ең өзекті мәселенің бірі – азық-түліктің бағасы. Ел тұрмысы осыған байланысты. Облыс әкімі жергілікті тауарлардың бағасын өсірмеуді жауапты басшыларға шегелеп тапсырды. Мұнан соң облыс әкімі осындағы орта мектептің ұжымымен кездесті. Село тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына назар аударды.
Өңір басшысы азаматтарды қабылдап, жеке мәселелерін тыңдады. Мұнан соң аудандық мәдениет үйінде аудан активімен кездесу өткізілді. Аудан әкімі Қанат Сүйіндіковтың «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбындағы есебі тыңдалды.
* * *
Есіл ауданындағы көптеген елді мекендердің өзге өңірлерден айтарлықтай артықшылығы бар. Республикалық маңыздағы Алматы-Екатеринбург тас жолын жиектей орналасқан Ақсай селосының тұрғындары шағын және орта бизнесті дамыту мүмкіндігіне ие. Әсіресе, жол бойында қызмет көрсету нысандарын ашуға әбден болады. Жергілікті кәсіпкер Бейбіт Сұлтанов таяуда алпыс орындық дәмхана мен шағын қонақ үй салып алған екен.
– Жүк тасымалдаушылар қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді, – дейді кәсіпкер Бейбіт Сұлтанов, – құрылыс жұмыстарын жаз ортасында бастап едім. Тәуелсіздік мерекесіне қарсы ашылдық. Егер іс оңға басып кетсе, қызмет түрлерін көбейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашамыз. Облыс әкімі өз кезегінде атқарушы биліктің шағын және орта бизнес саласына көмектесуі қажеттігін айтып өтті. Ақсай селосында орта мектеп пен шағын орталықта болды.
Келесі кезекте Есіл қаласындағы тәулігіне 60 тонна ұн тартатын қуаты бар «Есіл ұн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тынысымен танысты. Серіктестік басшысы Антон Тюркин тоқтаусыз жұмыс істеп, бүкіл ауданның ұнын тартып жатқанын айтып өтті.
Аудан орталығында облыс әкімі әлеуметтік салаға көбірек назар аударды. Таяуда ғана жөнделген аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімшесін аралады. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан 73 пәтерлік тұрғын үйде болды. Құрылыс жұмысымен айналысып жатқан мердігер ұйым «Электросеть строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшыларына ескерту жасады. Осы құрылыс алаңының жанындағы 45 пәтерлік тұрғын үйде Калачи селосы мен Красногорск кентінің тұрғындары қоныс тойларын жасап үлгерген. Андрей Баяринос, Владимир Иванов және Вера Руднева тәрізді көшіп келушілер аймақ басшысына жақсы да жылы пәтерлерге ие болғандары үшін шынайы алғыстарын жеткізді.
Сапар соңында облыс әкімі Сергей
Кулагин азаматтармен кездесті.
Аудан активіне қатысып, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне назар аударды. Аудан әкімі Аманбек Қалжановтың баяндамасы тыңдалды. Есіл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысы тым сылбыр. 249 миллион теңге қарызы қордаланып қалған. Кездесу соңында өз жұмыстарын дұрыс жолға қойып, өнімді еңбек етіп жатқан ауданның бірқатар еңбеккерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді.
                    * * *
Облыс әкімі Сергей Кулагин Жарқайың ауданындағы жұмыс сапарын Тасөткел ауылындағы «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал фермаларынан бастады. Серіктестік басшысы Ерлан Алиннің баяндауына қарағанда 600-ден астам қара мал бағылады. Қой саны екі мыңға таяу. 2014 жылы шаруашылық жалпы құны 42 миллион теңгеге 226 бас ірі қара мал өткізген. Үстіміздегі жылы да 250 бас мал сату арқылы 59 миллион теңге табыс тауыпты. Алдағы уақытта малды дұрыс бордақылау арқылы ет өнімдерін молайта түспек. Облыс әкімі мал күйін көзімен көргеннен соң серіктестіктің мал өнімдерін молайтуға қосып жатқан еселі еңбектеріне алғыс айтты.
Тасөткелдегі білім ошағында 50 оқушы білім алуда. Мектеп ескі. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында салынған. Көне де болса күтімнің арқасында көрікті екен. Үстіміздегі жылы «Темірлан» серіктестігі 50 миллион теңге қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жұтындырып қойыпты. Іші құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, кірсе шыққысыз. Оның үстіне серіктестік мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуді де өз мойындарына алған.     
–Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын мысалы осы, – деді облыс әкімі «Темірлан» серіктестігінің тіршілігіне разы болып.
Мектеппен қоса, Тасөткел ауылында «Аян» мәдени-демалыс орталығын да осы серіктестік салып беріпті. Қазір барлық мәдени-көпшілік шаралар осы орталықта өткізіледі. Дәмхана мен дүкен жұмыс істеп тұр. Салмағы 800 грамдық нан бағасы – 60 теңге. Орталық жылу жүйесі жүргізілген.
Гостелло селосындағы мәдениет үйі  1972 жылы салынған екен. 2012 жылы 16 миллион теңгеге, үстіміздегі жылы тағы да 22 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.  
Державинск қаласы да Калачи селосы мен Красногорск кентінің тұрғындарын қабылдаған болатын. 75 пәтерлік тұрғын үйден жайлы баспанаға ие болған көшіп келушілер мамандығына орай жұмысқа орналасып, қайнаған тіршілікке араласып кеткен. Өңір басшысы көшіп келушілермен кездесіп, тұрмыс жайларын сұрап білді. Көшіп келушілер өз тарапынан қамқорлыққа разы екендіктерін айтып, ақ алғыстарын жаудырып жатты.
Державинскіде облыс әкімі салынып жатқан аудандық аурухана мен емхананы аралап көрді. Құрылыс жұмысын жүргізуші «Уральскстройинвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшыларына құрылыс жұмысына байланысты бірқатар кемшіліктері атап көрсетілді.
Сапар соңында облыс әкімі аудан активіне қатысты. Аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаевтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды.
Үш ауданға сапар аяқталды. Ел ішіндегі шаруада жарқын мысал да, ішінара кемшілік те кездеседі екен. Ендігісі дүниені дүрліктірген дағдарыстың дауылынан қорғанып, шалғайдағы шағын елді мекендердің іргесін іспен қымтау.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар