Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Даму жолын айқындады - АРҚА АЖАРЫ

Даму жолын айқындады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында еліміздің толыққанды мемлекет ретінде қалыптасқанын атап өтті. «Біз бәріміз бірге көптеген  сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Алайда, егемен еліміздің алдында тұрған ендігі міндет жаңа әлемдік дағдарысқа бірігіп төтеп беру», – деді Президент маңызды құжатта.

Елбасының қай Жолдауын алып қарасақ та, мемлекеттің заман ағымына сай келетін көпвекторлы даму бағыты анық көрсетіліп тұрады. Әсіресе, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, ел экономикасын одан әрі дамытуға бағытталған іс-шаралар ешқашан назардан тыс қалып көрген емес. Тұтастай алғанда, Жолдауда ілгерілетіліп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және әдеттегісінше, сенімді қаржыландырумен қамтамасыз етілген. Маңызды құжатта Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері мен стратегиясы нақты көрініс тапты. Осынау әлемдік сын-қатерге төтеп беру үшін  Президенттің бұдан бұрын жария еткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын бұлжытпай орындауымыз қажет. Біздің қысталаң шақтан аман-есен шығуымыздың тиімді жолы осы стратегия болуы тиіс. Жолдауды мұқият оқып шыққан адам бұл сөзімнің растығына көз жеткізері анық.
Ең әуелі қаржы секторын тұрақтандырып алғанымыз жөн. Осы орайда, Ұлт Көшбасшысының қаржы секторына қатысушылардың бәрімен қалыпты жұмыс бабындағы үнқатысуды жолға қойып, Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы қажет деген ойына толық қосыламын. Шынымен де, мемлекет қаражатын оңды-солды шаша берсек, мынадай жаһандық дағдарыс қаупі төнген шақта оның соңы қандай шығындарға алып келетінін ойлаудың өзі қиын. Сондықтан, әр қазақстандық азамат үнемшілдікке үйренгені жөн. Заман талабы сондай.
Жолдауда атап өтілгендей, көп ұзамай мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесі қайта қаралмақшы. Ең алдымен, бюджеттік кіріс базасы ұлғайтылады. Президент тиісті органдарға 2017 жылы қазіргі қосылған құн салығының орнына сатудан түсетін салықты енгізуді тапсырды. Салықтық тәртіп тек үш деңгейде ғана қаралмақшы, яғни, олар – жеке кәсіпкерлер үшін патент пен шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық тәртібі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатынына сенеміз.
Саяси құжатта елдің назарын аударған тағы бір маңызды мәселе Президенттің жекешелендіру мен экономикалық бәсекелестікті ынталандыру туралы айтқан жоспары болды деп есептеймін. Бұл өз кезегінде ел экономикасын өркендетуде отандық және шетелдік инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік береді.
Жолдаудағы «Жаңа инвестициялық саясаттың негіздері» бөлімінде айтылған міндеттерден де халық көкейде жүрген біраз сұрақтарға жауап алғаны сөзсіз. Нақтырақ тоқталсақ, экономиканың жыл сайынғы өсімі бес пайызға арттырылып отырса, өндірілген тауарлардың экспорты кем дегенде екі есеге ұлғайтылмақшы. Алдағы жылдары 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарының құрылатындығы да ел азаматтары үшін қуанышты жайт. Әлемде түрлі дүмпулер, қақтығыстар орын алып, жұмысшылар саны қысқартылып жатқанда, біздің көреген Көшбасшымыздың әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған бұл іс-қимылдары қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға тұрарлықтай. Сол себепті, Жолдауды іске асыруда ешқайсымыз да аянып қалмай, азаматтық ұстаным, белсенділік танытуға тиіспіз.
Мұның барлығы қазақстандықтардың бақуатты да бақытты тұрмысы үшін қолға алынып жатқан шаралар. Елімізге халықаралық қаржы ұйымдарынан берілген несиелер, құйылып жатқан түрлі инвестициялар Қазақстанның әлемде өзінің лайықты орны бар екенін білдіреді. Мәселен, Қытай мемлекетімен 23 миллиард долларға шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл – 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады деген сөз. Президенттің Лондон мен Парижге жасаған сапарлары да экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан алғанда сәтті болды. Өзара келісім-шарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрайды. Елімізге Ресей Президентінің сапары біздің дәстүрлі ізгі көршілестік қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығы мен беріктігін және экономикалық интеграцияның дамып келе жатқанын көрсетті. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге бөлінген болатын. «Нұрлы жол» бағдарламалары жобаларына да 2,7 триллион теңге қарастырылды.
Сонымен қатар, Елбасы осы Жолдауында 2017 жылдан бастап білім беру жүйесіндегі жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялап, Үкіметке осы істі қазірден қолға алуды тапсырды. Шынымен де, Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына қосылуы үшін жастарға жұмысшы мамандықтарын меңгерудің маңызы зор.
Ерекше атап өтетін тағы бір мәселе – қаржылық дағдарысқа қарамастан, келер жылдың 1 қаңтарынан бас-тап «Б» корпусындағы мемлекеттік  қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға өсетін болады. Сондай-ақ, ынтымақты зейнетақы екі пайызға индекстеледі.
Сөз соңында, барлық әріптестерімді маңызды құжаттың басым бағыттарын жете түсіне отырып, оны бар ынта-ықыласпен өміршең етуге шақырамын. Себебі, Жолдаудың жүзеге асқаны – еліміздің алға басқаны. Мұның бәрі халыққа арналғандықтан, оның жемісін көретін де халық. Тек осы ортақ мақсатқа жетуге бәріміз де күш-жігерімізді салайық.  

Мереке МҰСТАФИН,
Ақмола облыстық тексеру комиссиясының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар