Заңға түсінік берілді

Көкшетау қаласына еліміздегі зейнетақы туралы заңнамаларға енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова бастаған ақпараттық-насихат тобы келді. Топ құрамында Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов та болды.

Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков,  облыстық департаменттер, басқармалар және ведомстволардың басшылары,  кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен мәжілісте вице-министр өзгеріс енгізілген жаңа заңның басымдықтары мен мүмкіндіктері жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
– 2015 жылдың 2 тамызында Қазақстан Республикасының  Президенті Зейнетақы туралы заңнамаларға өзгерістер енгізетін заңға қол қойды. Алдымен заң қандай өзгерістер әкеледі, соған тоқталайын. Біріншіден, базалық зейнетақы тағайындау жолдарын өзгерту. Бұл өзгерістер 2017 жылдың
1 шілдесінен басталады. Екінші өзгеріс, шартты жинақтау жүйесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сонымен қатар, әлеуметтік құрылымдардың қызметкерлеріне зейнетақы тек мемлекет тарапынан қарастырылады. Бұл шаралар 2016 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді, – дей келе Светлана Жақыпова жаңа заңның бұрын қолданылған заңнан қандай басты айырмашылығы бар екенін түсіндірді.
–Бұрынғы заңнан басты айырмашылығы – базалық зейнетақы төлемін тағайындау жолдары өзгеріп отыр. Негізі, бүгінгі таңда базалық зейнетақы 11 182 теңге көлемінде жұмыс істеген, жұмыс істемеген адамдардың барлығына бірдей төленіп отыр. Ал, енді, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап осы зейнетақыға еңбек өтілі қосылады. Бұл қазір зейнетақы алып отырған адамдарға игі әсер етеді. Ол кісілердің базалық зейнетақы көлемінің мөлшері өседі. Қазіргі зейнет жасындағы адамдардың 30-40 жылғы еңбек өтілі бар. Соны 2017 жылдың 1 шілдесінен қайта санаймыз, олардың зейнетақысы өседі. Ал, жұмыс істемеген адамдардың зейнетақысы сол 11 182 теңге көлемінде қалады, – деді вице-министр.
Мәжілісте еңбек қатынасы,  кәсіпорындар мен ұйымдарда кәсіподақ ұйымдарын ашу мәселесі де сөз болды.  Бұл өз кезегінде жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы даудың алдын алып,  реттеуге мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар,  жалақы қарызы да айтылды.  Бұл ретте,  Ақмола облысында да олқылықтар бар.  Қазіргі кезде,  кей мәселе тек прокуратураның араласуымен шешілуде.
Осы орайда,  Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген  Оспанқұлов Елбасы Жолдауда  көрсетілген басымдықтардың бірі – халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету.  Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсарту мен деңгейін көтеруге, елімізде халықтың әлеуметтік тұрақтылығы мен қорғалуын нығайтуға бағытталған белсенді жұмыстар атқарылып жатқандығын айта келе,  еңбек қатынасына байланысты қойылған сауалдарға жауап береді.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар